Жеті басты жалмауыз

Жеті басты жалмауыз

Барыс жылы басталған «Қаңтар қасыретінің» тууына не себеп? «Бардан жоқ болмайды, жоқтан бар болмайды» деген әйгілі тәмсілге арқа сүйейсің. Еліміздің еңсесін түсіріп, әлеуметті әбіржіткен дүрбелеңнің түбі қайда? Осындайда баяғы баба­лары­мыз­дың ертегісі еске түседі. Не деуші еді? Жеті басты айдаһар өзен­ді бөгеп, етектегі елге су жібер­мейді. «Күн сайын бір қыз беріп тұр­масаңдар, су ағызбаймын!» дей­ді. Айдаһардың шарты солай. Бүгін­гі тілмен түсіндірсек-түбінде жем­қорлық жатыр. Бұған ел көне ме? Бір батыр жігіт аузы кең албас­ты­мен жеті күн шайқасып, жеті бас­ты жемқорды жер жастан­дыра­ды. Айтар ойымыздың астарын тү­сін­ген шығарсыз. Қаңтар қыр­ғынынан кейін жеті басты жал­мауыздардың бірінен соң бірі бастары алынып жатты. Әңгімені әріге созбай есімдері елге белгілі айтулы тұлғалардың ой-пайым­дарына құлақ түрейік. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Елдаулетовтің түйініне ден қояйық. -Жаңаөзеннің жанкешті бейнетқорлары бастаған бейбіт шеру бүкіл республикаға қанат жайды. Бейбіт шеру ереуілге ұласа бергенде, Президент өзі араласып, олардың орынды талабын орындап бергені сол-ақ, тұтқиылдан арам пиғылды арандатушылар мен кірме лаңкестер килігіп, аяғы қырқыс пен қырғынға айналды. Ғимараттар мен телестудиялар, мұражайлар мен сауда орындары, банкоматтар талқандалып, тоналып, миларын марту меңдеген мародерлер май­данға шықты. Отыз жылда орда бұзылды. Азат­тықтың ақ бесігі ару Алматы өртке оранды. Өрт ошағы Қазақ­станның тұс-тұсынан бұрқырады. Елі­мізге қашан, қалай кіргені бел­гісіз, басынан бақайшағына дейін қаруланған шетелдік қаныпезерлер, діни экстремистер мен радикалдар онсыз да ереуілдеп алаңға шыққан үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жас­тарды адас­тырып, арандатып, қаруландырып, еліктіріп, ертіп алып, Алматыда ат ойнатып бақты. Мың жылдық асыл шаһардың бар­лық маңызды нысандары талқандалып, өртелді, тоналды. Кім бейбіт шеруші, кім содыр, кім бүлікші, кім лаңкес, кім айтақтау­шы, кім сақшы – аласа­пыранда мидай араласып, ажырату мүмкін болмады. Көршісінің өр­теніп жатқан үйіне келіп, сөн­дірісудің орнына сойған қойының сирағын үйтіп алмақ болған пайдакүнем­дердің қараусыз қалған дүкендерді тонаған тоғышар әре­кетіне не деуге болады? Аштық? Жоқшылық? Зәрулік? Қас­күнемдік? Бұл жерде «Бүлінгеннен бүл­діргі алма» деген ата сөзін аттан­даған жастардың санасына сіңіре алмаған аға буын - біз де кінәліміз. Дүкендер сөрелерінен барлық бағалы заттар мен оргтехниканы, смартфондар мен гаджеттерді, ноут­­­буктер мен ұялы телефондарды «ханталапайлап» қидай сыпырып, талан-тараж жасап, үптеп кеткен тонаушылар жолында тұрған кітап дүкендеріне тиіспепті. Оны әркім әр саққа жүгіртуде. Аласапыранда тәртіп сақшы­ларымен қоса бейбіт тұрғындар да оққа ұшты. Артында аңырап әулет­тері қалды. Жүрегің жылап, қабыр­ғаң қайысады. Тәуелсіздігімізге қауіп төніп, тағдыры қылға ілінгені анық еді. Дүние жүзінің назары Қазақстанға ауып, шулап кетті. Шешуші сәтте Президент Қ.Тоқаев батыл қимылдап, осы топалаңды тоқтата білді. Елде Төтенше жағдай жариялап, қанды­қол лаңкес­тер­ді қарумен ауыздық­тады. Олар бірден беріле қойған жоқ, қарулы қақтығыстардың өзі бір­неше күнге созылды. Мемлекет басшысы жалпы­ұлттық Аза тұту күнін жариялады. Қайғы-қасірет қаңтардың қар-мұзындай болып, көкіректерді қарып, әлі ерімей тұр. Көңілдерді торлаған сұрақтар жауап іздейді. Жат жұрттық жалдамалы лаң­кестерді елге кім кіргізді? Оларды кім қаруландырды? Мемлекеттің тәуелсіздігіне жауап беретін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Қауіпсіздік кеңесі неге осының бәріне көзін жұмып қарап отырды? Осыншама ойранға кім кінәлі? Қырғынға кім жазықты? Қазір осы сұрақ ауада ілініп тұр. Осы сұрақ жүректерді жегідей жеуде. Егер түптің түбіне үңілетін бол­сақ – осы кесапаттың барлығы мемлекетіміздің тамырына түскен жемқорлықтың қара құртының кесірінен болды. Сол құрт әбден тойынып, кекірек атып, аузынан жалын шашқан аждаһаға айналып, енді киелі Тәуелсіздігімізге ауыз салып, азуға салып көрді. Қалың жұрттың ішінің қазандай қайнап, қаны қараюы – сол жемқор жүйе­ден туындаған әлеуметтік теңсіздіктен болды. Халықты, жастарды ашындырған – т­ұралат­қан кедейшілік, болашақ­тың бұл­дырлығы, өз жерінде өгейлік көруі, билік иелерінің табаны­ның тай­ғақтығы, бұқарамен санаспауы, құқық қорғау орын­дарының «шаш ал десе бас алатын» ұшқары, заңсыз қылықтарының заңдылыққа ай­налуы, т.б. Мемлекет басшысының опасыз басшылар­дың кесірінен қауқарсыз қалған Қауіпсіздік саласын қайта құруға кірісіп, Үкіметті қайта жасақтап, өміршең де өзекті, батыл да шұғыл 10 тапсырма беруі, сы­байлас жемқорлықтың кеңір­дегінен алуы халықтың көкейінде келе­шек­ке деген үміт отын жақты. Дегенмен, басында қол­дарын­да қару болмай, лаңкестерге қар­сы бас көтере алмай, қарсылық білдіріп, тойтарыс бере алмай қалған құқық қорғау орындары енді белсенділік көрсетіп, анти­террорлық операциялар бары­сында 10 мың адамды тұтқындады деп жатыр. Осы цифр көңілге күдік ұялатады. Олардың ішінде билікке әлеуметтік әділетсіздікті жоюды талап етіп қана шыққан бейбіт шерушілердің де аз болмауы мүмкін. Телеарналарда, әлеуметтік желілерде баласын жоғалтып, жылап-еңіреп іздеп жүрген ата-аналардың сұхбаттары жүр. Әр тәртіпсіздіктің, бүлін­шілік­тің ақырында кінәлілер мен айып­тылар, қылмыскерлер жаза­ланатыны заңды. Бірақ қолға түс­кендердің бәрі қылмыскер ме? Көпке ілесіп көшеге шыққандарды да ұстап әкеткен фактілер аз емес! Ендеше ақ-қарасын ажыратады деп біз сеніп отырған заң орындау­шылары «шаш ал десе бас алып» жатқан жоқ па? «Асыра сілтеу бол­масын!» деген ескі ұран бүгін қайта күшіне енген сияқты ма, қалай?.. Атың өшкір 37-жыл­дың елесі кезіп жүргендей!.. Мемлекет басшысы осыған жі­бермеуі керек! ...Аламан бәйгеде төртінші келген аттың иесі: «Қап, әттегене-ай, алдыңғы үш ат болмағанда біздің ат бірінші келетін еді-ау?!» деп санын соқса керек. Сосын «Нешауа, сонда да алдыңғы қатар­дағы аттардың ішіндеміз!» деп жел­пініпті. «Отыз болмаса да, экономикасы да­мыған елу елдің ішінен көрі­не­міз!» деп құрғақ ұранға құмартқан­дар туралы Философия ғылым­дары­­ның докторы, профессор, Аман­гелді Айталының айтқан сө­зінде де жан бар. – Мемлекетіміз 30 жыл бойы татулық, келісім бағытында дамып келді. Біз, тіпті елімізде осындай дау-дамай болады деп ойламадық. Бірақ философтардың айтуынша, осы мамыражай жағдайда, тыныш­тыққа көзге көрінбейтін кемші­ліктер жинала келіп бір сәтте бұрқ ете түседі. Елімізде туған жан­жалдардың түпкі себебі халықтың тұрмыс-жағдайының төмендеуі мен әлеуметтік саясатты ақсатып алғанымызда... Кешегі бұрқ еткен жанжал халық­тың сыртқа шыққан өкпе-назы десе болады. Халықты үнемі идеялармен асырай беруге бол­майды. Мәселен, озық 50 мемле­кеттің қатарына қосыламыз дедік, ал қосылайық. Бірақ баспасөзде алдыңғы елулікке енген мемле­кеттер табысқа қандай жолдармен жетті деген мәселе айтылмады. Одан бұрын 30 елдің қатарына қосыламыз деген ұран болды. Сол кезде 30 ел туралы әдебиеттен көп іздедім. Айта кету керек, осы 30 елдің 27-сі- Еуропа, ал 3-еуі- Азия елдері. Соның бірі- Малайзия мем­лекеті. Осы Малайзияның қа­тары­на қалай жетеміз деген сұрақ ашық қойылған жоқ. Халыққа ашық әңгіме айтылмады. Ұрандатып жүр­генімізде әлеуметтік жағдайы­мыз біраз әлсіреді... Біз қазір әлемде білім саласы бойынша 30 елді былай қойғанда, 50 елдің де қатарында емеспіз, 57-ші орындамыз. Бұл- үлкен мәселе. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыни көзқарастарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, адал ниетпен көшеге шыққан, қарны ашып, қадірі қашқан азаматтары­мыздың алдын арам ниетті қарақ­шы­лар тобыры иеленіп кетті. Сұм­дығы сол, елімізде тәртіп орната алмайтындай жағдайға келдік. Тағы бір айта кететінім, қазіргі уақытта елімізде ресми дерек бойынша 500 мыңға жуық жұмыссыз бар. Бұл азаматтардың да өкпе-назы көп. Психологиялық тұрғыдан әлеуметтік өш алу сипаты басым деп айтуға болады. Егер де әр азаматтың дені сау, тұрақты табысы болса, баспанасы, көлігі болса, балалары білім алып жатса, онда ол көшеге шықпайды. Бұл анық нәрсе... Бағзы замандағы бала Қожа­на­сырды әкесі сүтке жұмсапты да: – Қолыңдағы қыш құмыраны жерге құлатып сындырып алма! -деп шапалақтан бер періпті. Әйелі: -Балаң әле сүтке де барған жоқ, неге ұрасың? -десе, жарықтық Қожекең: -Құмыраны құлатып сүтті төгіп алғасын ұрдың не, ұрмадың не-бәрібір емес пе?-десе керек. Сол сияқты, болары болды. Құлайтын құмыра құлады, бірақ сынған жоқ. Бірақ абыройымыз айрандай төгілді. Шапалақ жейтіндер шапалақ жей бастады. Одан не қайыр? Шапалақты әу баста беру керек пе еді? Жақында өткен кәсіпкерлер жиынында «Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында» деген мәліметті естігенде жағасын ұстамаған жан жоқ шығар. Байлық бақыт па?

Ертеде испандықтар Канаданы жаулап алып, халық санағын жүргізгенде 14 миллион үндістер бар екен. Қайсыбір жылы халық санағын қайта жүргізгенде 800 мың ғана үндістер қалған екен. Сол азғантай үндістердін ішінен бір миллиардер бай шығыпты. Одан «Сіз әлемге әйгілі байсыз. Байлық-бақыт па? Өзіңізді бақыттымын деп ойлайсыз ба?» деп сұрағанда, ол «Бүкіл жинаған байлығымды елімнің бір күндік тәуелсіздігіне айырбастар едім» деп жауап беріпті. Міне, байлық деген не?

Шүкір, байлардың беті бері бұрыла бастады.

 Ара