Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылына екі-үш келіншек, бір-екі бала автобустан аударылып түсе қалды. Сол-ақ екен, келіншектер орамалдарымен мұрындарын басып, бір-біріне одырая қарасты. Бір келіншек шыдай алмай баласын шап беріп ұстап алып, шалбарына қол сұқты. – Не істеп жатырсыз, мама? – деп баж ете қалды кішкентай да болса қыршаңқы бала. – Жүгермек, қаршадай болып бізді келеке қылғысы келеді. Автобустан түспей мүңкіткенін не? – деп келіншек оған отты көзін қадады. Кішкентай түкке түсінбей, айналасына алақ-жұлақ қарады. Өзгелер де оңып тұрған жоқ еді. Олар да қолқаны қапқан сасық иістен бастары айналып, тыныстары тарылып, көздері жасаурап, барып-келіп тұрған. – Әй, мынадай зәрлі иіс баланың «желінен» шықпайды. Дәу де болса, арамыздағы біреу кіш қылып қойған. Сонысын жасырып келе жатқан кім екен? – Ту-у-у, шикі ет жеген бе, немене? – Әй, ішіне ит өлген шығар? – Үлкендер болып жүрмесің? Қайсың қыңыр иіс шығарып келе жатқан? Көкшетаудан келген қонақтар өзара түсініспей жаға жыртысуға дейін барып қалған еді. Көлденең өтіп бара жатқан бір жолаушы олардың төбелесерменге барып тұрғандарын байқап, кідірді. – Иә, ағайын, бұл не айтыс-тартыс? – Сіз араласпайтын тірлік бұл. – «Бірін өліп, бірің қал» дейтіндей заман емес. Онсыз да адамдарымыз босқа қырылды кеше. Ал, сендерге не жорық?- деп сұрады көлденең келген көк атты. – Ұят та болса айтайық, мына қағынғандардың бірі кіш қылып қойған ба, бір-біріне сілтеп, мойындамай келеді,-деді бір келіншек батылданып алға шығып. Кенет жергілікті тұрғын қарқылдап кеп күлді. Қонақтар сасып қалды. Мазақтап тұр ма, қалай өзі? Әлден соң күлкісін тиған жергілікті тұрғын сөзге келді. – Құрметті қонақтар! Сіздер кінәлі емессіңдер. Айып бізден! – Сіз жаңа ғана қасымызға келдіңіз ғой. Ал, қыңыр иіс қыр соңымыздан қалар емес,-деп әлгі келіншек жөн айтты. – Дұрыс,-деп қоштады келген кісі,-мұнда қолқаны қабатын сасық иіс бұрыннан бар. Кішкентайларыңыз кіш қылып қойған жоқ. Кіш қылып қойған осындағы үлкендер. Сөйтсе, мәселенің мәнісі былай екен. Краснояр ауылындағы көпқабатты үйлерде кәріз жүйесі атауымен жоқ. Тұрғындар жылдар бойы биліктің табалдырығын тоздырғанымен, олардың жанайқайын тыңдар құлақ табылмаған. Бюджеттен көк тиын да қаралмай келеді. Тұрғындар амалдың жоқтығынан үй маңынан септик қазып алған. Ал, ол құрғырың демде толып қалады. Ескі үйлердегі ескі құбырлар жиі тесіледі. Сол тесіктерден не шығатынын шамалап отырған шығарсыз. Сасық иістен шаршаған тұрғындар қалалық мәслихатқа келіп, мұң шақты. Целинная, Абай, Новоселов көшелеріндегі тұрғындар қырық жылғы құбырларды жамаумен әлек. Олар 2012 жылдан бері осы мәселені көтерумен шаршаған. Кезінде кәріздегі қалдық суды соратын сорғыс станциясы болған екен, оның жұмыс істемей тұрғанына қыруар уақыт. Жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары да көршілерінің кебін киуде. Бүгінде сасық иістен құтылуға септик те септеспей тұр. Олар жиі толып, жын-жыбыр аулаға жайылып кететін кездер де көп. – Септиктерді әр тазалатқан сайын 3500 теңге төлейміз. Қалалық, ауылдық әкімдікке, тіпті облыс әкімдігіне дейін бардық. Хатымызға жауап та жоқ. Былтыр қала әкімі Аманкелді Смайылов тұрғындармен кездесуде 2 миллиард 800 миллион теңге «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінгенін айтқан еді. Ол кісі басқа қызметке ауысып кетті. Орнына келген жаңа әкім Бауыржан Ғайса келіп, жағдайды көріп кетті. Одан да хабар жоқ,-деп қынжылады Краснояр ауылының тұрғыны Айман Ғазизқызы. Депутаттар да тап осы түйткілді бірнеше рет көтерген. Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышев бұл мәселені тағы да көтеретінін айтып отыр. Бірақ, жергілікті тұрғындар қанша уақыт шыдай беруі керек? Биліктегілер мен биіктегілер «өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деп қыл арқанды әлі шұбатып, құрғақ уәдемен тұрғындарды жаңылыстырып, созбалақтап келеді. Уф, әйтеуір, қонақтар ақталды-ау. Сонда кіш қылып қойған кім? ..
Сабырбек ОЛЖАБАЙ