Абу-Дабиде ММА бойынша әлем чемпионаты өтуде. Оған әлемнің 56 елінен 421 спортшы қатысуда. Жарыс 18-21 жас (жастар) және 21+ (ересектер) жас санаттарында өтуде, - деп хабарлады Elorda.info.
Жастар санатының финалына 6 қазақстандық спортшы өтті. Екі қазақ cпортшысы чемпион атанды. Тағы төртеуі күміс алды.
Сегізбұрышқа бірінші болып 47,6 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әйгерім Манакова (Түркістан облысы) шықты. Қазақстандық ресейлік спортшы Валерия Тепышевадан нокаутпен ұтылып, әлем чемпионатында екінші орын алды.
Елордалық Ерсұлтан Шәкенбай (52,2 келіге дейін) ресейлік Сунатулло Азизовты үш раундта да сенімді түрде жеңіп, жекпе-жек техникасының барлық арсеналын көрсетті. Төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді және Ерсұлтан ММА бойынша 2022 жылы Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Шәкенбайдың жеңісін Батыс Қазақстан облысының өкілі Карина Сисенова (56,7 келіге дейін) қайталады. Ол ирландиялық спортшы Кия О'Салливанды артта қалдырып, төрешілер шешімімен алтынды жеңіп алды.
61,2 келіге дейінгі салмақта Назерке Исабек (Шымкент қ.) ресейлік Анастасия Кармаевамен әсерлі белдесу өткізді. Жекпе-жек тең болды, бірақ төрешілер ресейлік спортшыға басымдық берді. Назерке Исабек әлемнің вице-чемпионы атанды.
Алматылық Әліби Пернебек (83,9 келіге дейін) ресейлік Мұхамед Афанди Асиповпен кездесті. Ресейлік қылқындыру әдісімен жеңді. Әліби Пернебек екінші орын алып, күміс жүлдегер атанды.
Соңғы жекпе-жекті 93 келіге дейінгі жартылай ауыр салмақта Батыс Қазақстан облысының өкілі Нұрәділ Қайырбергенұлы өткізді. Ол ресейлік Хетаг Сабеевтен техникалық нокаутпен жеңіліп, әлем чемпионатының күмісін жеңіп алды.
Жастар арасында Динара Аяпова, Гүлмира Азатбек, Аяулым Ұлан, Жанар Дегенбай, Дәулет Молдаш, Еркін Бегенов және Самғат Шабдан қола жүлдегер атанды.
Медальдық есепте Қазақстан жастар құрамасы екінші орын алып, рейтинг көшбасшысы – Ресей құрамасына ғана жол беріп, екінші орынға тұрақтады.
Ересектер арасындағы финалдық кездесулер бүгін, 29 қаңтарда өтеді.
Еске салайық, Қазақстан атынан 29 салмақ дәрежесі бойынша 42 спортшы қатысуда.