Үштөбеде бұзақылар зиратты қиратты: Президент министрге тапсырма берді
Үштөбеде бұзақылар зиратты қиратты: Президент министрге тапсырма берді
Сурет: Sputnik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында православ зиратын қиратқан бұзақыларды қылмыстық жауапқа тартуды тапсырды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

«Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Үштөбе қаласындағы (Алматы облысы) православ зиратын қиратқан бұзақыларды заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берілді», - деп жазды Президент Twitter-де.
Бұған дейін Талдықорған маңында орналасқан Үштөбеде белгісіз біреулер православ зиратын талқандағаны хабарланды. Әлеуметтік желіде куәгерлердің видеосы тарады. Кадрда туыстарының қабіріне келген ер адам мен әйел өздері көрген жайтты баяндайды. Айнала қабір үстіндегі тақтайшалар, сынған темір мен ағаш кірестер, қоршаулар шашылған. Автор видео Қаратал ауданының әкімшілік орталығы саналатын Үштөбе қаласы маңында түсірілгенін айтты. Қала тұрғындары жергілікті полицияға арызданды. Облыстық полиция департаменті арыздың тіркелгенін растады. Вандализм фактісі бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды.
«Қылмыстық кодекстің 294-бабы «Вандализм» бойынша қарастырылған істі тергеумен Қаратал аудандық полициясы айналысып жатыр. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.