Созақ ауданындағы Таукент ауылында есепте тұратындар қажет препараттарды сатып алуға мәжбүр, - деп хабарлайды "КТК" арнасы.
"Аудандық емханадан дәрі бөлінбейді. Дәрігерге келіп сұрасақ, “жоқ” дейді. “Бұл жерде аудан бөлмейді” дейді. Мемлекет пәленбай миллион, миллиардтап дәрілерді өртеп жатады, телевизордан естиміз. Ал бірақ қажет адамға дәрі жоқ. Қан қысымын түсіретін дәрі", - деді Таукент ауылының тұрғыны Мамырахан Сүлейменов.Таукент тұрғындарының ауылдық амбулатория жұмысына да көңілі толмайды. Өйткені дәрігер жетіспейтіндіктен, соңғы үш жыл ішінде қан алу сияқты қарапайым анализдің өзі қолжетпес арманға айналған. Тіпті дәрігерлерді өз орнынан таппаймыз дейді. Ал басшылар амбулаториядағы жағдайдың мүшкіл екенін мойындайды. Бұл медицина мекемесін 2018 жылға дейін “ҚазАтомӨнеркәсіп” компаниясы қаржыландырған. Бай кәсіпорын жоғары жалақыға хирург, кардиолог сияқты мамандарды жалдаған. Соңғы үш жылда амбулаториядан бас тартқан соң, мемлекет есебіне өтіп, кадр саны қысқарыпты. Сондықтан он мыңға да жетпейтін тұрғыны бар Таукент үшін 4 дәрігер мен 12 медбикенің қызметі жетеді деп отыр.
"Қазіргі таңда бізде Таукент елдімекенінде 7500 халық барына байланысты ол жақта дәрігерлік амбулатория. Сол дәрігерлік амбулаторияға жалпы отбасылық дәрігер бұйрықтарға сәйкес, ережеге сәйкес, барлық медициналық көмек көрсету керек", - деді Созақ ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Талғат Қалдыбеков.