43 жасында Forbes тізіміне енген Алматының жаңа әкімі туралы не білеміз?
43 жасында Forbes тізіміне енген Алматының жаңа әкімі туралы не білеміз?
©А.Ахметқазы
394
оқылды

Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің басшысы болды. Еңбек жолын магистральдық мұнай құбырында менеджер қызметінен бастаған, кейін ұлттық компанияларды, министрліктер мен Ұлттық банкті басқарды. Aikyn.kz Ерболат Досаевтың еңбек жолындағы белгілі оқиғаларды жазды.

Шымкентте балалардың жаппай ВИЧ жұқтыруына кінәлілердің бірі болды

2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ге жуық бала жаппай ВИЧ жұқтырды. Сол кезде Ерболат Досаев Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі (2004-2006) болды. Сол оқиғадан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев, ОҚО әкімі Болат Жылқышиев және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы Уәлихан Ахметов қызметінен босатылды. Қылмыстық іс қозғалып, "Немқұрайлылық", "Пара алу", "Алаяқтық", "Ұрлық" баптары бойынша 21 адам айыпталды. Сот үкімінде балалар дертті дәрігерлердің немқұрайлығынан және Денсаулық сақтау департаментінің тиісті бақылауының болмауы салдарынан жұқтырғаны айтылды. Ауруханаларда парақорлық дендегені, дәрі-дәрмектердің заңсыз сатылғаны белгілі болды. Айта кетейік, Ерболат Досаевтың Денсаулық сақтау министрі болғанға дейін медицина саласында тәжірибесі болмады. Ал бүгін, 31 қаңтарда Алматы қаласының әкімі болып сайланды. Алайда оның өңірлері басқару бойынша да тәжірибесі жоқ. Бұған дейін ол қызметі сәтсіз аяқталған бірнеше банкті және қазір сынға ұшырап жүрген компанияларды басқарып, көбіне қаржы, экономика саласында қызмет етті.

43 жасында Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің рейтингіне кірді

2012, 2013, 2014 жылдары Forbes-тің "Қазақстандағы ең бай 50 адам" рейтингінде 42-45 орындарда тұрды. Ол кезде Ерболат Досаев ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы болды. Сонымен бірге Lancaster Group компаниясының 25% акциясына иелік етті. Lancaster Group құрамында өнеркәсіптік инфрақұрылым, мұнай-газ сервисі, фармацевтика, логистика, қаржы қызметтері және қонақүй бизнесі саласында ірі халықаралық операторлармен бірлескен кәсіпорындар бар. Ол "Қазинвестбанк" АҚ акциясының 17,8%-іне иелік етті. Бұл банк 2016 жылы лицензиясынан айырылды, активі мен міндеттемелерінің бір бөлігі "Альфа-Банкке" өтті. Forbes дерегінше, 2013-1014 жылдары Досаевтың байлығы 114 млн АҚШ доллары (49 млрд тг) болған. Ол Қазақстандағы байлар тізіміне енген кезеңде Экономикалық даму және сауда министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Ұлттық банк төрағасы, "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің мүшесі қызметінде болды. Жұбайы Гүлнар Досаева «G and G Гламур» компаниясын басқарады. Бұл компания – әлемдік люкс киім брендтерінің (Dolce&Gabbana, Michael Kors, Fendi, Max Mara, Gucci, Emporio Armani) дистрибьюторы. Statsnet дерегінше, «G and G Гламурдың» 2021 жылғы табысы – 10 млрд теңге.

Жер кодексіне қатысты дау шықты

Ерболат Досаев 2014-2016 жылдары Ұлттық экономика министрлігін басқарды. 2016 жылы өз еркімен отставкаға кетті. Оған бірден-бір себеп – Досаевтың ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатынын хабарлауы. Осыдан кейін ел арасында «Жер тағдыры – ел тағдыры» дейтін ұрандар пайда болып, халық жерді сатуға жаппай қарсы шықты. 2016 жылы мамырда сол кездегі Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Досаевтың "Жер кодексін түсіндіре алмағаны үшін" деген себеппен отставкасын қабылдады.

ҚР Ұлттық банкін басқарғанда теңге қатты құнсызданды

Кейінгі бірнеше жылда теңге жылдан-жылға әлсірей берді. Ерболат Досаев Ұлттық Банк басшысы қызметіне 2019 жылы ақпанда келді. Наурызда Brent маркалы мұнайының бағасы түсіп кетті, осыдан кейін ұлттық валюта күрт құнсызданды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 382,75 теңге болса, 2020 жылы 412,95 теңгеге жетті. Қазір, 31 қаңтарда АҚШ доллары 434,26 теңгеге сатылып жатыр. Ұлттық банк инфляцияға қарсы шаралар қолданып жатыр, бірақ айтарлықтай нәтиже бермей келеді. Сол үшін жақында базалық мөлшерлемені 10,25%-ке дейін көтерді. Қазақстанда 2021 жылы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ке дейін төмендеді, ал азық-түлік инфляциясы айтарлықтай төмендеп, 9,9%-ке жетті. Ал Ерболат Досаев мұның себебін "жалақының өсуімен" түсіндірді. Айта кетейік, Ерболат Досаевты Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындауға қарсы петиция жарияланды. Оған қазірге дейін 1000-ға жуық адам қол қойып үлгерген. Олар Досаевтың министр кезіндегі қателіктерін негізге алған. Алматы 2021 жылы пандемияға қарамастан ел бюджетіне 2,8 триллион теңге салық жинап, өзге қалалар мен өңірлерден көш бастап тұр.