Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдарының еңбектері әлем тарихы мен географияның дамуына үлес қосып жатыр. Әлемге танылған ғалым Нұрлан Кенжеахметтің «Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the 13th to the Mid-17th Centuries» монографиясы жарияланды.
– Бір кездері түркі тарихындағы Еуразия кеңістігінің көне карталар мен ортағасырлық деректер негізінде сараланған еңбек Германияда басылды. Бұл - тарихи картография мен географиялық топонимиканы тарих тұрғысында қолданбалы зерттеулермен ұштаса отырып, отандық ғалымдардың басты бағытына айналды. Сол себепті де дүние жүзі ғалымдарының арасында үлкен сенсация жасауы мүмкін. Қазақ халқының тарихында орны ерекше туындының жариялануына, зерттеу жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне қолдау көрсеткен университетіміздің Ғылым департаментіне алғысым шексіз, – дейді ғалым. Нұрлан Кенжеахмет - Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының зерттеуші-профессоры. Айта кетер болсақ, жақында университетте «Орта Азиядағы ежелгі түркі дәуіріндегі (VI-XIII ғғ.) топонимикалық мәліметтерді зерттеудің қазіргі әлемдік геосаяси жүйедегі тарихи-географиялық маңызы және аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонда Нұрлан Кенжеахмет жас зерттеушілермен бірлесе отырып, ғылыми жобаны ұсынып, оған жетекшілік еткен.