Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр
141
оқылды
«Nur Otan» партиясы жа­нын­дағы экономиканы да­мыту және кәсіпкерлікті қол­дау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Қызылорда қаласында «Қаңтар оқиғасы» кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары мен зиян көрген кәсіпкерлерге өтемақы төлену барысы туралы мәселелер қаралды.  Жалпы, өңірде жаппай тәр­тіпсіздік салдарынан бірқатар әкімшілік және кәсіпкерлік ғи­­мараттар зардап шекті. Бү­гінде облыс әкімінің және ау­мақтық коменданттың бұй­рық­тарына сәйкес облыстық Жұ­мылдыру дайындығы бас­қар­масына тиісті тапсырмалар бері­ліп, бүлінген ғимараттарды қал­пына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиында күн тәртібіне сәйкес, Қызылорда облысының кәсіп­керлер палатасы директорының орынбасары Салауат Құлмахан хабарлама жасады. Директор орынбасарының айтуынша, өңір­лік кәсіпкерлер палатасы тәр­тіп­сіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін жасаған. Ол бойынша 20 кәсіпкерлік субъектісінен жалпы 30 нысанға 404,1 млн теңге көлемінде залал келтіргені жөнінде арыз қаралған. Мәселен, «Компас», «Синойл», «Газ энерджи» жанар-жағармай бекеттері, «Бірлік», «Аль-асад», «Смол» және өзге де сауда үйлері, ломбард, «Киви» терминалдары, сондай-ақ өндіріс және қызмет көрсету орындары бүлдіріліп, то­налған. «Қазір бұл кәсіпкерлік ны­сан­дардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қа­рауына шығару үшін тиісті құ­жаттар әзірленуде. Алдағы уақыт­та, құжаттарды комиссия қарауы­на енгізу, шығындарды өтеу жұ­мыстары Үкіметтік комиссияның хаттамасымен бекітілген ал­го­ритм аясында жүргізілетін бола­ды», – дейді директордың орын­басары. Онлайн өткен жиында об­лыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, облыстық Жұмыл­дыру дайындығы, қаржы басқар­масы және облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасының басшылары мен орынбасарлары да сөз алып, ат­қарылып жатқан жұмыстарды хабардар етті. Әрбір басқарма басшыла­рының хабарламасы мұқият назарға алынып, комиссия және фракция мүшелері тарапынан ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, фракция мүшелері жаппай келең­сіздіктер кезінде зардап шеккен жеке азаматтардың шығындары­ның өтелуін назардан тыс қал­дыр­мауды, әрбір атқарылған іс­тердің халыққа жеткізілуін ұйым­дастыруды қадап айтты. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жолданатын болды. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов жұрт­шылықты Президент баста­маларын қолдап, берілген тап­сырмалардың толыққанды және сапалы жүргізілуіне атсалысуға шақырды. Кеңес тарапынан барлық жұмыстарға бақылау жасалатыны айтылды.