«Nur Otan» партиясы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Қызылорда қаласында «Қаңтар оқиғасы» кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары мен зиян көрген кәсіпкерлерге өтемақы төлену барысы туралы мәселелер қаралды. Жалпы, өңірде жаппай тәртіпсіздік салдарынан бірқатар әкімшілік және кәсіпкерлік ғимараттар зардап шекті. Бүгінде облыс әкімінің және аумақтық коменданттың бұйрықтарына сәйкес облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасына тиісті тапсырмалар беріліп, бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиында күн тәртібіне сәйкес, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салауат Құлмахан хабарлама жасады. Директор орынбасарының айтуынша, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін жасаған. Ол бойынша 20 кәсіпкерлік субъектісінен жалпы 30 нысанға 404,1 млн теңге көлемінде залал келтіргені жөнінде арыз қаралған. Мәселен, «Компас», «Синойл», «Газ энерджи» жанар-жағармай бекеттері, «Бірлік», «Аль-асад», «Смол» және өзге де сауда үйлері, ломбард, «Киви» терминалдары, сондай-ақ өндіріс және қызмет көрсету орындары бүлдіріліп, тоналған. «Қазір бұл кәсіпкерлік нысандардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қарауына шығару үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта, құжаттарды комиссия қарауына енгізу, шығындарды өтеу жұмыстары Үкіметтік комиссияның хаттамасымен бекітілген алгоритм аясында жүргізілетін болады», – дейді директордың орынбасары. Онлайн өткен жиында облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, облыстық Жұмылдыру дайындығы, қаржы басқармасы және облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшылары мен орынбасарлары да сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды хабардар етті. Әрбір басқарма басшыларының хабарламасы мұқият назарға алынып, комиссия және фракция мүшелері тарапынан ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, фракция мүшелері жаппай келеңсіздіктер кезінде зардап шеккен жеке азаматтардың шығындарының өтелуін назардан тыс қалдырмауды, әрбір атқарылған істердің халыққа жеткізілуін ұйымдастыруды қадап айтты. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жолданатын болды. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов жұртшылықты Президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың толыққанды және сапалы жүргізілуіне атсалысуға шақырды. Кеңес тарапынан барлық жұмыстарға бақылау жасалатыны айтылды.