Батыстағы бар мәселе жоспармен шешіле ме?
Батыстағы бар мәселе жоспармен шешіле ме?
© коллаж: Елдар Қаба
193
оқылды
Еліміздің батыстағы 4 өңірін дамытуға Үкімет қыруар қаржы бөлмек. Ол үшін төртжылдықты қамтитын жоспар да әзірленіпті. Әйткенмен, бұл жоспар батыстың бар мәселесін шеше қойса игі. Себебі күрмеуі қиын түйткіл сан­сыз. Алдымен қай саланың ақсап, қай өңірдің қандай күн кешіп отырғанын бағамдап алған абзал. Осыны ескеріп, біз аз-кем ай­мақ­тардың проблемасын түгендеп шыққан едік.

Үкімет қай салаға назар аударды?

Таяуда Үкімет еліміздің баты­сындағы 4 өңірді дамыту үшін 15 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Көп ұзамай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын дамыту­дың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Құптарлық шешім, себебі мұнай мен қазбаға бай осы аймақтарда шешілмеген мәселе көп. Енді Үкіметтің баса көңіл бөлген салаларын шолсақ. Жоспар бойынша Ақтөбе облы­сына алдағы төрт жылда 1,7 трлн теңге бөлінбек. Оған жол, зауыт салу секілді 92 жобаны іске асыру көзделген екен. Осы арқылы өнер­кәсіп көлемі 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайып, қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Ал Батыс Қазақстанға 2 триллион 600 миллиард теңге бөлінеді. 116 жоба іске асады. Соның бірі – 2 мың шақырымнан астам электр желісін жаңғырту. Бұл олардың тозуын 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмен­детеді. 38 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны құрылады. Ең көп қаржыны Атырау об­лысы алмақ. 8 триллион 900 мил­лиард теңгеге 182 жобаны іске асы­ру көзделген. Мұнда да электр желілері жаңартылып, жиі болатын апаттар жойылмақ. Жоспардағы болжамға сай, 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылады екен. Оған көрші жатқан Маңғыстау облы­сын­да жалпы сомасы 2,1 трлн тең­геге 226 іс-шара іске асады. Су тұшытатын 9 зауыт пен қондыр­ғы­ларды салуды мақсат етіпті. Мұнда 55 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Жалпы алып қарасақ, Үкімет 172 мың азаматты жұмыспен қам­туды ниет етіпті. Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов құжат­тарда негізінен бюджеттен тыс қа­ражат тартуға басымдық беріл­генін айтты. Не де болса, батыстағы жұрт болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өз бизнесін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Жоспар арқылы бәрі іске асып кетсе игі. Біз осы тұста аталған 4 өңірде қай сала ақсап, қандай мәселелер ше­шілмей тұрғанын шолып шықтық.

Адамы суға, малы шөпке зәру өңір

Расын айтқанда, Маңғыстау облысын бәрінен бұрын құрғақ­шылық қысып барады. Оның дәлелін тізбектеп жатудың қажеті жоқ. Топырағы жайылымнан жұр­дай. Соның кесірінен мал қыры­лып, жемшөбін өзге аймақтардан тасып әлек. Алдағы уақытта да құр­ғақшылық қыспағы сейіле қой­майтын сыңайлы. Аймақтағы ең түйткілді жағдай – ауызсудың жайы. Соңғы 10 жылдан бері айта-айта жауыр болған дүние. Аймақты аузына қаратқан жалғыз «Кас­пий» су тұшыту зауыты. Жыл са­йын қуатын арттыру жайы сөз бо­лады. Дегенмен кейде шалғай­дағы елді мекендерге су жеткізе алмай әлек. Биыл наурыздан бастап зауыт тәулігіне 40 мың текше метр су тұшытпақ ниетте. Әйткенмен, оның өзі тым аз болса керек. Себебі Үкімет алдағы төрт жылға жетпейтін уақыттың ішінде су тұшытатын 9 зауыт саламыз деп ниеттенгеніне қарағанда, тұр­ғын­дар ауыз суға мұқтаж. Өңірде жиі көтерілетін мәсе­ле – еңбек даулары. Тіпті, Маң­ғыс­таудың әр ауысқан әкімінің мойнына жүк болды. Мұнайдың бағасы түскен сайын мұнай-газ компаниялары құбылып отыруды әдетке айналдырды. Бірде жұ­мыс­шыларды қысқартып, бірде жала­қыға жалтартып жүр. Соның әсе­рінен жұмысшылар наразылыққа жиі шығады. Үкімет мұны назардан тыс қалдырмаса керек. Жаңадан ашылатын жұмыс орындарының ең көбін осы аймақ иеленіп отыр. Әйтпесе, Маңғыстаудың туризмді дамытуға мүмкіндігі зор, жолда­рының жағдайы жақсы, бүкіл республика бойынша алда тұр. – Маңғыстаудың ең басты мә­селесі – жұмыссыздық. Облыс тұрғындарының 50 пайызы ауылда тұрады. Жұмыссыздық белең алған соң жұрт қалаға көшіп әлек. Жа­уаптылар қаржының бәрін қала мен оның жанындағы ауылдарға ғана бөледі. Үкімет жоспарла­ғандай, су тұшытатын 9 зауыт салу тым артық. Халықпен кеңеспей жос­парлайтыны қынжылтады. Ауызсу тапшылығы қатты өзекті мәселе емес, әр үйге су келіп тұр, 3 зауыт салса да жетер еді. Оның орнына кәсіпорындарды көбейт­сін. Мысалы, өңірдегі мұнай ком­паниялары 25 тонна етті өзге елден алдыртады. Ал консерві мен шұ­жық шығаратын цех жоқ. Өзбек­станнан жеміс-жидек алып келеді. Өрт сөндіру кезінде қажет қара киіздің өзін Қырғыз елінен алады. Ал ауылда қойдың жүнін өртеп жүрміз. Менің ойымша, ақша то­лық игерілмей, ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кететін тәрізді. Су тұшыту үшін 9 зауыт дегені не сөз? Мектеп мәселесі шешілген жоқ, көрші ауылға қа­тынап оқитын балалар бар. Осыны неге ескермейді? – дейді қоғам белсендісі Жәнібек Қожық.

Ауасы ластанған аймақ

Жалпы, Маңғыстауға жетпеге­німен, Атырау облысы да құрғақ­шылықтың қыспағындағы бір ме­кен. Ресеймен шекаралас ауыл­дары облыстан гөрі көрші елге қатынауды жөн көреді. Жиі-жиі құм көшкіні басып қалатын елді мекендері тағы бар. Мәселенің ең үлкені – экология жайы. Осы уа­қытқа дейін тұрғындары «сасық ауаға тұншығып отырмыз» деген Атырау тұрғындарының базына­сын естідік, ол ақпарат құралда­рында жазылды. Бірнеше рет Экология министрлігінің өкілдері өңірге барып, ауаның ластанғанына көзі жеткен. Жағдайды бақылауға алғандай көрінгенмен, барлық іс-шара әдеттегі «жалған есепті тың­дайтын ресми жүздесу» түрінде өткен сияқты. Әлі күнге дейін өңір тұрғындары осы базынасын айтып келеді. Оның себебін өңірдегі кәріз желілерінің әбден тозғанымен байланыстыратындар көп. Басым бөлігі Кеңес Одағы кезінде жүр­гізілген желі тозғаны анық. Бұған қоса, аймақтағы электр желілері тозған, апат жиі болады. Шамасы, жоспардағы қаржының ең көп бөлігін Атырау алатынына қарап, шенділер электр мен кәріз жүйесін жаңартуға көшті деп дәмеленуден басқа шара жоқ.

Жолдарының жыры бітпеген жер

Ал Батыс Қазақстан облысы десе, еске жыры бітпеген жолдар түседі. Елді мекендері бір-бірінен жырақ орналасқан. Жолдарында апат пен далада қалған жолаушы көп. 2021 жылғы дерекке қарасақ, БҚО жолдарының үштен екісі (69 пайызы) нашар деңгейде. Қалғаны «қанағаттанарлық» деген баға алған. Жыл сайын 100 шақырымға жуық жол жөндейді, одан оңып кеткен жағдай жоқ. Осылай 426 елді мекені бар өңір «жол азабын» тартып отыр. Оның үстіне, 2 мың шақырым электр жүйесі тозған. БҚО мен Атырауға ортақ мәселе – Жайықтың жайы. Соңғы жылдары әбден тартылған өзен экологиялық ахуалды қозғауға се­беп. Бастауына байланған өзеннің жалпы ұзындығы 2 428 шақырым болса, 1 049 шақырымы Қазақ­станға тиесілі. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығады. Ол судың 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады. Соңғы жылдары өзеннің Қазақ­стандағы бөлігінде су тасымайтын болды. Мұны халық Ресей аума­ғындағы жасанды су қоймалары мен бөгеттерден көреді. Шынында, Ресей Федерациясында Жайық суын реттейтін ірі-ірі 4 су қоймасы, 80 гидротүйін бар екен. Ал өзен арнасын толтыратын шағын-ша­ғын салаларды байлаған топырақ бөгеттің саны 3 100-ге жететін көрінеді. Өзеннің жағдайы өлімші екенін ресейлік ғалымдардың өз­дері де айтып, дабыл қаққан. Бұл мәселе екі ел арасында шешілмесе, Жайықтың суын тобығымыздан кешіп жүреріміз анық.

Ақтөбенің де ақтарары көп

Мұнда да жолдардың жағдайы аса мәз емес. Қала ішіндегі жол­дарды айтпаған күннің өзінде, Ақ­төбе – Атырау тасжолының қайта жөндеуі күн тәртібінен ылғи түс­пейді. Ақтөбе – Қандыағаш, Ақтөбе – Хромтау жолдары қа­лып­қа кел­тірілуі тиіс. Айтпақшы, эко­логия­лық ахуалы да алаңдатады. Сасық ауа мен өзендердің лас­та­нуы, Алға ауданындағы қауіпті қалдықтарды тазарту толық ше­шілген жоқ. Бұрынғы Алға химия­лық зауыты аумағындағы хи­мия­лық қалдық­тарды жою, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» №1 және №2 цехтарының жиналған өндіріс­тік қалдықтарын тазарту, Елек өзе­нінің 6 валентті хроммен, бор­мен ластануы, ілеспе газдардың ауада жануы, «Ақбұлақ» АҚ тазар­тылмаған ағынды сула­ры­ның Елек өзеніне құйылуы, Ақтөбе түбіндегі су ресурстарының жағ­да­йы, қа­ланың атмосфералық ауа қа­баты­ның ластануы – өңірдің бас­ты экологиялық мәселелері. Ел­дегі ауасы лас 6 қаланың бірі – Ақтөбе. Ақтөбе жалақы мөлшері аз өңір­лердің қатарында. Мысалы, был­тыр елде орташа айлық көлемі 204,3 мың теңгені құрағанда, бұл өңірдегі көрсеткіш 177,3 мың теңге болды. 39 мың адамды жұмыспен қамту өз алдына, жалақы мөлше­ріне де көңіл бөлген жөн тәрізді.

ТҮЙІН:

Қорытындылай келе айтарымыз, алдағы төртжылдық жоспары сөзсіз құптарлық. Бірақ бізді алаңдата­ты­ны – бұрынғы жүрдім-бардымға са­лып, жоба тек қағаз жүзінде қа­лып кетпесе екен. Егер барлығы өз ор­ны­мен жасалар болса, батыстағы жұрт­тың Үкіметке көңілі толған болар еді.