«Жастар практикасы» жарылқамады
«Жастар практикасы» жарылқамады
Жастар жұмыссыздығы қоғам дамуын тежейтін негізгі факторға жатады. Елдің ертеңі саналатын буынның екі қолға бір күрек таппай бос жүруі кім-кімді болса да ойлантуы керек. Жасыратыны жоқ, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Дегенмен түпкі мақсаты тиімділіктен бұрын индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуді, бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеруді ғана көздейтін мұндай бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Әлгінде айтылған көп бағдар­ламаның бірі «Жастар практикасы» деп аталады. Қолына дипломын жа­ңадан алған жас маман жұ­мыс­сыз жүрсе, дәл осы бағдарла­маның игілігін көре алады. Әсі­ресе, уни­верситетті күні кеше тә­мамда­ған­дарды жұмысқа алуда еңбек өтілін сұрайтын жұмыс берушілердің «қатаң» сынынан тауы шағыла­тындар үшін тап­тыр­мас мүмкіндік бұл. Жас маман жергілікті жұ­мыс­пен қамту орта­лығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында 6 ай бойы ол өз мамандығының қыр-сырымен жақынырақ таны­сып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапша­сына жазылады. Жас маман басшы­лыққа бар қа­рым-қабілетін көрсе­туге тыры­сады. Алайда көп жағдай­да сол басшылар 6 ай бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жас­тарды өз командасына алуға құ­лықсыз. Біріншіден, басшылық ме­кемеде бос жұмыс орнының жоқ­тығын сылтау етеді. Екіншіден, «Жастар практикасымен» келген жастарға айлықты жұмыспен қам­ту орталықтары төлейді. Демек, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 6 айдан кейін қайтадан «Жастар практикасы» бағдарла­масымен кадр тартуға құштар. Есебін тауып мекеменің жұмысын мемлекеттік бағдарлама арқылы келген жас мамандардың көмегі­мен дөңгелетіп жүргендер де жетіп артылады. Әлгіндей бағдарлама тұрғанда штатты ұлғайтып, білік­тілігімен көзге түскен жас маман­дарды қызметке тартуға ниеттің болмайтыны да түсінікті. Әсіресе, табысты мақсат еткен коммер­циялық ұйымдар бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Бағ­дар­лама әкімшілеріне де керегі осы. Жыл сайын мыңдаған жасқа 6 ай жұмыс беріп, «Жастар прак­ти­касына» бөлінген қаражат толық игеріледі. Осыдан барып жастар­дың жұмыспен қамтылуы деп аталатын салада адам айтса нан­ғысыз статистика түзіледі.

Статистикаға сенесіз бе?

Сол статистиканы сөйлетсеңіз, бүгінде Қазақстандағы 2,5 мил­лион­нан астам жастың 96 пайызы жұмыспен қамтылған болып шы­ғады. Демек, еліміздегі жастардың 4 пайызы ғана жұмыссыздар қа­тарында. Бұл цифрлардың шын­дыққа жанаспайтынын Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орын­ба­сарына жолдаған депутаттық сауалында былайша дәлелдейді. – Қазір біздегі жұмыссыз жас­тардың үлесі 3,6 пайызды құраса, NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7 пайызға тең. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық ара­сындағы жастардың үлесі 25 па­йызды құрап отыр. Аталған үш көрсеткішпен жастар арасындағы нақты жұмыспен қамтылуы көр­сет­­кіші мүлдем сай келмейді. Мұн­да жастар жұмыссыздығы бойын­ша шынайы дерек үш түрлі өл­шем­мен әдемі жасырылғаны бай­қа­лады, – дейді Елнұр Сабыржанұлы. Мәжілісменнің айтуынша, әлгі «әдемі» цифрларды оңалтуы керек мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тетігі жетілдіруді талап етеді. Өйткені бағдарлама әкім­шілері мәселеге тереңнен үңілуге мүдделі емес. Олар бюджеттен бө­лінген қаражатты мақсатты жұм­сауды ғана місе тұтады. – Мемлекеттік бағдарла­ма­лардың түпкілікті нәтижесі бюджет қаражатын игеруге көбірек бағыт­талғаны анықталып жатыр. Мысал ретінде «Жастар практикасы» жо­басы бойынша 10 жылдың қоры­тындысына сәйкес, 190 мыңнан астам жас 6 айлық іс-тәжіри­беден өтті. Бұл бағдарлама бойын­ша, әрі қарай жас түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуы емес, тек тә­жірибеден өту индикаторы ес­ке­рілген, – дейді Елнұр Бейсенбаев. Расында, есеп беруде қар­жы­ның мақсатты игерілгенін ғана ай­тып сытылатын бағдарлама әкім­шілері «Жастар практи­ка­сымен» 6 ай жұмыс істеген жас­тардың кейінгі тағдырына бас қатырып жатпайды. Өйткені бағдарлама жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға ба­ғыт­талмаған. Сондықтан 6 айдан кейін далада қалған мамандардың мәселесіне ешкім үңіле бермейді. Әлгінде Мәжіліс депутаты мысал еткен 190 мыңнан астам жастың бірі болып «Жастар практика­сынан» өткен елорда тұрғыны Ақерке Ниязқызы да келісімшарт аяқталған соң жұмыссыз қалғанын айтады. – Қалалық жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, «Жас­тар практикасы» бағдар­ла­масымен қалалық емханаға ме­йірбике болып жұмысқа орналас­тым. Алғашында әрі тәжірибе жи­нап, әрі табыс табудың мүмкін­дігі ретінде бұл бағдарламаға се­німім мол болды. Емхана басшы­лығы да жылы шырай танытқан. Алайда бағдарламаның уақыты біткен соң «Түйіндемеңді қал­дырып кет. Бос орын болса, хабар­ласамыз» деп шығарып салды, – дейді жас маман. [caption id="attachment_181820" align="alignleft" width="1200"]Жастар практикасы © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ұзақ уақыт емхананың жақсы хабарынан үмітін үзбеген кейіп­керіміз кейін өз бетінше әрекет етуге көшкен. Ол қазіргі жұмысына қабылданар сәтте жұмыс беру­шілердің «Жастар практикасында» жүріп жинаған аз-маз тәжірибесіне көздің қиығын да салмағанын айтады. Сонда да болса жас маман мемлекеттік бағдарлама есебінен 6 ай бойы еңбекақы төлеп, өз мамандығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергенін олжа санайды. Кейіпкеріміздің дәл осы пікірі еңбек жолы басталар-басталмастан жұмыссыздардың қатарын толық­тырған жас мамандардың көке­йіндегісін дөп басқанына күмән жоқ. Өйткені «әдемі» тәсілмен түзілген статистика мен жастар жұмыссыздығы саласындағы шынайы деректің арасы жер мен көктей.

Тартымдылық артты. Тиімділік ше?

Жақында Президенттен тап­сырма алған Үкімет басшысы «Жас­тар практикасы» бағдарла­масына қатысу мерзімі мен сол аралықта төленетін еңбекақы мөлшерін ұлғайтудың тетіктерін қарастыруға кіріскен. Соған сай, алдағы уақытта бағдарлама қаты­сушылары алғашқы жұмыс ор­нында 1 жыл еңбек етіп, тәжі­рибесін толықтырмақ. Сондай-ақ төленетін еңбекақы мөлшері де 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Бұл сөз жоқ, «Жастар практикасы» бағдарламасының тартымдылығын арттырады. Алай­да оның тиімділігі тағы да назардан тыс қалғалы тұр. Бір сөзбен айт­қанда, жас маманды бағдарлама аясында жұмыс берушінің арзан уәдеге тойдырып, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланбайтынына кепіл жоқ. Әлеуметтанушы Айдар Хамит мұндай көпжылдық бағдарлама­ның нәтижелігіне ара-тұра зер­делеу жүргізіп тұруды құптайды. – Мемлекет әлеуметтік инсти­тут ретінде халықтың, оның ішінде жастардың өзекті мәселелерін шешуге көңіл бөлгені жөн. Сон­дықтан мемлекеттік бағдарлама­лардың көп болғаны дұрыс деп білемін. Әйтсе де, қоғам бір ор­нында тұрмайды. Ұдайы өзгеріске ұшырайды. Демек, қосымша зерт­теулер, мониторингтер арқы­лы әлгі бағдарламалардың да тиім­ділігін бағамдап отыру керек. «Жастар практикасының» мысалында бағдарлама әкімшісі тарапынан осы жобаға қатысып, кейіннен жұмыссыз қалған жас­тардың аудиториясына кешенді зерттеу жүргізуі қажет. Сол арқылы бағдарламаға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізіп отыруға бо­лады, – дейді әлеуметтанушы. Шынында, әлеуметтанушы айтқандай, әлеуметтік зерттеу жүргізілетін болса, «Жастар прак­тикасының» тиімділігіне күмән келтірмес едік. Әрі бізде сала ма­мандарының пікіріне құлақ асып, мемлекеттік бағдарламалар көптеп қабылданатын болса, оларды іске асыруда тиімділігін дәлелдеген әлемдік тәжірибені ескергеніміз жөн болар еді.

Озық тәжірибесі бар жұрттар

Жалпы, адамзаттың күнделікті өмірі мен әлеуметтік-экономи­калық дамудың барлық саласына әмірін жүргізген коронадағдарыс жұмыспен қамту ісіне де күйрете соққы берді. Еуростаттың мәлі­метінше, 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша Еуроодақ елде­ріндегі не жұмысы, не оқу тоқуы жоқ жастардың үлесі 17 пайыздан асқан. Сондықтан жастар жұмыс­сыздығының жолына тосқауыл болу бүгінде әлемге ортақ мәселе десек те артық бола қоймас. Со­нымен, бұл мәселемен бізден бұ­рын бетпе-бет келген Еуропа ел­дерінің қарекеті қандай болды? Мә­селен, 2009 жылы Біріккен ко­рольдікте жастар жұмыссыз­дығымен күресу үшін Болашақ жұмыс қоры құрылды. Аталған қор 1 жыл ішінде 600 миллион фунт стерлинг жаратып, 105 мың жаңа жұмыс орнын құра алды. Жастарға тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық саласымен бірге, эколо­гиялық, мәдени, спорттық ұйым­дарда жұмыс ұсынған. Сондай-ақ мұнда бір жылдары жұмыссыздарға апта сайын берілетін 56 фунт стерлинг көлеміндегі жәрдема­қы­ны алу үшін жастарды ақысыз әлеу­­меттік сектор мен қоғамдық жұ­мыс­тарға тарту тәжірибесі енгізілді. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды мықтап қолға алған Фран­цияның «Ұрпақтар келі­сімшарты» жобасының да тиімді тұсы көп. Жоба аясында 15-25 жас аралығындағы жастарды жұмыс­пен қамтуға көңіл бөлген жұмыс берушілерге 3 жыл бойы 4 мың еуро төленеді. Жеңілдіктің мұндай түрі Португалияда да қарасты­рылған. Португалдық жастарды жұмысқа алған шағын және орта бизнес өкілдеріне әлеуметтік са­лық төлеу­де жеңілдікке ие болады. Ал Ирлан­дия үкіметі мәселені жұмыссыз жастарды ақпараттық технология саласына қайта бейім­деу арқылы шешуге ниеттеніп жатыр. «Жастар практикасы» бағдар­ламасы жылына 25 мың жастың еңбек жолын бастауына мүмкіндік береді. Алайда олардың жарты­сынан көбі межелі мерзімнен соң қайтадан жұмыссыз аттанып шыға келді. Демек, Үкімет тартымды­лығын арттыруға күш салып жат­қан бағдарламаны мейлінше тиім­ді ету де артық бола қоймас. Мұнда саннан сапаға қағидасын басты ұстанымға айналдыра алсақ құба-құп.