Жастар жұмыссыздығы қоғам дамуын тежейтін негізгі факторға жатады. Елдің ертеңі саналатын буынның екі қолға бір күрек таппай бос жүруі кім-кімді болса да ойлантуы керек. Жасыратыны жоқ, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Дегенмен түпкі мақсаты тиімділіктен бұрын индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуді, бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеруді ғана көздейтін мұндай бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Әлгінде айтылған көп бағдарламаның бірі «Жастар практикасы» деп аталады. Қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, дәл осы бағдарламаның игілігін көре алады. Әсіресе, университетті күні кеше тәмамдағандарды жұмысқа алуда еңбек өтілін сұрайтын жұмыс берушілердің «қатаң» сынынан тауы шағылатындар үшін таптырмас мүмкіндік бұл. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында 6 ай бойы ол өз мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге тырысады. Алайда көп жағдайда сол басшылар 6 ай бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жастарды өз командасына алуға құлықсыз. Біріншіден, басшылық мекемеде бос жұмыс орнының жоқтығын сылтау етеді. Екіншіден, «Жастар практикасымен» келген жастарға айлықты жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Демек, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 6 айдан кейін қайтадан «Жастар практикасы» бағдарламасымен кадр тартуға құштар. Есебін тауып мекеменің жұмысын мемлекеттік бағдарлама арқылы келген жас мамандардың көмегімен дөңгелетіп жүргендер де жетіп артылады. Әлгіндей бағдарлама тұрғанда штатты ұлғайтып, біліктілігімен көзге түскен жас мамандарды қызметке тартуға ниеттің болмайтыны да түсінікті. Әсіресе, табысты мақсат еткен коммерциялық ұйымдар бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Бағдарлама әкімшілеріне де керегі осы. Жыл сайын мыңдаған жасқа 6 ай жұмыс беріп, «Жастар практикасына» бөлінген қаражат толық игеріледі. Осыдан барып жастардың жұмыспен қамтылуы деп аталатын салада адам айтса нанғысыз статистика түзіледі.
Статистикаға сенесіз бе?
Сол статистиканы сөйлетсеңіз, бүгінде Қазақстандағы 2,5 миллионнан астам жастың 96 пайызы жұмыспен қамтылған болып шығады. Демек, еліміздегі жастардың 4 пайызы ғана жұмыссыздар қатарында. Бұл цифрлардың шындыққа жанаспайтынын Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында былайша дәлелдейді. – Қазір біздегі жұмыссыз жастардың үлесі 3,6 пайызды құраса, NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7 пайызға тең. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25 пайызды құрап отыр. Аталған үш көрсеткішпен жастар арасындағы нақты жұмыспен қамтылуы көрсеткіші мүлдем сай келмейді. Мұнда жастар жұмыссыздығы бойынша шынайы дерек үш түрлі өлшеммен әдемі жасырылғаны байқалады, – дейді Елнұр Сабыржанұлы. Мәжілісменнің айтуынша, әлгі «әдемі» цифрларды оңалтуы керек мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тетігі жетілдіруді талап етеді. Өйткені бағдарлама әкімшілері мәселеге тереңнен үңілуге мүдделі емес. Олар бюджеттен бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды ғана місе тұтады. – Мемлекеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі бюджет қаражатын игеруге көбірек бағытталғаны анықталып жатыр. Мысал ретінде «Жастар практикасы» жобасы бойынша 10 жылдың қорытындысына сәйкес, 190 мыңнан астам жас 6 айлық іс-тәжірибеден өтті. Бұл бағдарлама бойынша, әрі қарай жас түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуы емес, тек тәжірибеден өту индикаторы ескерілген, – дейді Елнұр Бейсенбаев. Расында, есеп беруде қаржының мақсатты игерілгенін ғана айтып сытылатын бағдарлама әкімшілері «Жастар практикасымен» 6 ай жұмыс істеген жастардың кейінгі тағдырына бас қатырып жатпайды. Өйткені бағдарлама жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталмаған. Сондықтан 6 айдан кейін далада қалған мамандардың мәселесіне ешкім үңіле бермейді. Әлгінде Мәжіліс депутаты мысал еткен 190 мыңнан астам жастың бірі болып «Жастар практикасынан» өткен елорда тұрғыны Ақерке Ниязқызы да келісімшарт аяқталған соң жұмыссыз қалғанын айтады. – Қалалық жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, «Жастар практикасы» бағдарламасымен қалалық емханаға мейірбике болып жұмысқа орналастым. Алғашында әрі тәжірибе жинап, әрі табыс табудың мүмкіндігі ретінде бұл бағдарламаға сенімім мол болды. Емхана басшылығы да жылы шырай танытқан. Алайда бағдарламаның уақыты біткен соң «Түйіндемеңді қалдырып кет. Бос орын болса, хабарласамыз» деп шығарып салды, – дейді жас маман. [caption id="attachment_181820" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ұзақ уақыт емхананың жақсы хабарынан үмітін үзбеген кейіпкеріміз кейін өз бетінше әрекет етуге көшкен. Ол қазіргі жұмысына қабылданар сәтте жұмыс берушілердің «Жастар практикасында» жүріп жинаған аз-маз тәжірибесіне көздің қиығын да салмағанын айтады. Сонда да болса жас маман мемлекеттік бағдарлама есебінен 6 ай бойы еңбекақы төлеп, өз мамандығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергенін олжа санайды. Кейіпкеріміздің дәл осы пікірі еңбек жолы басталар-басталмастан жұмыссыздардың қатарын толықтырған жас мамандардың көкейіндегісін дөп басқанына күмән жоқ. Өйткені «әдемі» тәсілмен түзілген статистика мен жастар жұмыссыздығы саласындағы шынайы деректің арасы жер мен көктей.Тартымдылық артты. Тиімділік ше?
Жақында Президенттен тапсырма алған Үкімет басшысы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу мерзімі мен сол аралықта төленетін еңбекақы мөлшерін ұлғайтудың тетіктерін қарастыруға кіріскен. Соған сай, алдағы уақытта бағдарлама қатысушылары алғашқы жұмыс орнында 1 жыл еңбек етіп, тәжірибесін толықтырмақ. Сондай-ақ төленетін еңбекақы мөлшері де 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Бұл сөз жоқ, «Жастар практикасы» бағдарламасының тартымдылығын арттырады. Алайда оның тиімділігі тағы да назардан тыс қалғалы тұр. Бір сөзбен айтқанда, жас маманды бағдарлама аясында жұмыс берушінің арзан уәдеге тойдырып, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланбайтынына кепіл жоқ. Әлеуметтанушы Айдар Хамит мұндай көпжылдық бағдарламаның нәтижелігіне ара-тұра зерделеу жүргізіп тұруды құптайды. – Мемлекет әлеуметтік институт ретінде халықтың, оның ішінде жастардың өзекті мәселелерін шешуге көңіл бөлгені жөн. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың көп болғаны дұрыс деп білемін. Әйтсе де, қоғам бір орнында тұрмайды. Ұдайы өзгеріске ұшырайды. Демек, қосымша зерттеулер, мониторингтер арқылы әлгі бағдарламалардың да тиімділігін бағамдап отыру керек. «Жастар практикасының» мысалында бағдарлама әкімшісі тарапынан осы жобаға қатысып, кейіннен жұмыссыз қалған жастардың аудиториясына кешенді зерттеу жүргізуі қажет. Сол арқылы бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыруға болады, – дейді әлеуметтанушы. Шынында, әлеуметтанушы айтқандай, әлеуметтік зерттеу жүргізілетін болса, «Жастар практикасының» тиімділігіне күмән келтірмес едік. Әрі бізде сала мамандарының пікіріне құлақ асып, мемлекеттік бағдарламалар көптеп қабылданатын болса, оларды іске асыруда тиімділігін дәлелдеген әлемдік тәжірибені ескергеніміз жөн болар еді.Озық тәжірибесі бар жұрттар
Жалпы, адамзаттың күнделікті өмірі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық саласына әмірін жүргізген коронадағдарыс жұмыспен қамту ісіне де күйрете соққы берді. Еуростаттың мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақ елдеріндегі не жұмысы, не оқу тоқуы жоқ жастардың үлесі 17 пайыздан асқан. Сондықтан жастар жұмыссыздығының жолына тосқауыл болу бүгінде әлемге ортақ мәселе десек те артық бола қоймас. Сонымен, бұл мәселемен бізден бұрын бетпе-бет келген Еуропа елдерінің қарекеті қандай болды? Мәселен, 2009 жылы Біріккен корольдікте жастар жұмыссыздығымен күресу үшін Болашақ жұмыс қоры құрылды. Аталған қор 1 жыл ішінде 600 миллион фунт стерлинг жаратып, 105 мың жаңа жұмыс орнын құра алды. Жастарға тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласымен бірге, экологиялық, мәдени, спорттық ұйымдарда жұмыс ұсынған. Сондай-ақ мұнда бір жылдары жұмыссыздарға апта сайын берілетін 56 фунт стерлинг көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін жастарды ақысыз әлеуметтік сектор мен қоғамдық жұмыстарға тарту тәжірибесі енгізілді. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды мықтап қолға алған Францияның «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының да тиімді тұсы көп. Жоба аясында 15-25 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлген жұмыс берушілерге 3 жыл бойы 4 мың еуро төленеді. Жеңілдіктің мұндай түрі Португалияда да қарастырылған. Португалдық жастарды жұмысқа алған шағын және орта бизнес өкілдеріне әлеуметтік салық төлеуде жеңілдікке ие болады. Ал Ирландия үкіметі мәселені жұмыссыз жастарды ақпараттық технология саласына қайта бейімдеу арқылы шешуге ниеттеніп жатыр. «Жастар практикасы» бағдарламасы жылына 25 мың жастың еңбек жолын бастауына мүмкіндік береді. Алайда олардың жартысынан көбі межелі мерзімнен соң қайтадан жұмыссыз аттанып шыға келді. Демек, Үкімет тартымдылығын арттыруға күш салып жатқан бағдарламаны мейлінше тиімді ету де артық бола қоймас. Мұнда саннан сапаға қағидасын басты ұстанымға айналдыра алсақ құба-құп.