«БИПЭК Авто-Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, 2021 жылы тергеуден жасырынған адам ретінде Шығыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті іздеу жариялаған миллиардер Анатолий Балушкиннің Ресейдегі өміріне, отбасына, ондағы бизнестеріне, Қазақстаннан алып кеткен миллиардтарына қатысты тың мәліметтер жарияланды.
Балушкиндер бизнесі немесе 12 миллиардқа сатып алынған үйлер
«Выход к морю» Telegram арнасының журналистік зерттеуінде кәсіпкердің 2015 жылы бұрын «АвтоВАЗ-ға» қараған Ресейдің Сібір аймағындағы бірнеше диллерлік орталықтарды басқаруға алғанын, алайда 2019 жылы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Азия Авто» мемлекетке 174 млрд теңгені қайтаруы жөнінде талап қойғаннан кейін миллиардер Қазақстандағы активтерін Ресейдегі жақын адамдарына жаздыра бастағанын келтіреді. «Осы кезде «Азия Авто Сібір» ЖШҚ (жауапкершілігі шектеулі қоғам) мен «Азия Авто Өскемен» ЖШҚ біріктіріліп, «Азия Авто» ЖШҚ деген жаңа атау алады. Жаңа атау алып қана қойған жоқ, Омбының тумасы Роман Степанов компанияның жаңа құрылтайшысы болды. 2019 жылы «БИПЭК-Авто» АҚ «Азия Авто Өскемен» ЖШҚ-ның капиталын 100 есе өсіріп, 4,48 миллиард рубльге жеткізді. 3 миллиард рубльге жуық ақша тікелей Қазақстаннан, бұдан бөлек 600 миллион рубль біріктірілген «Азия Авто Сібір» ЖШҚ-ынан түсті» деп жазады атын көрсетпеген зерттеу авторы. 2017 жылы Анатолий Балушкин «Азия Авто Сібір» ЖШҚ арқылы Ресейдегі капиталы 50 миллион рубльді құрайтын «Р-Моторс» ЖШҚ-ын сатып алады. Нәтижесінде, Санкт-Петербургтегі үш бірдей Lada диллерлік автоорталығына иелік етеді. 2019 жылы компания 89 миллион рубль таза табыс табады. 2021 жылы қаңтарда миллиардердің тағы бір сенімді адамы Елена Корж «Р-Моторсқа» басшылыққа келеді. Аталған Telegram арна Балушкин отбасының, нақты айтсақ әйелі мен ұлының Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи қалаларынан 2 миллиард рубльге (12 миллиард теңгеге жуық) жылжымайтын мүлік сатып алғанын да жасырмай жазады. «Қандай нәтиже десеңізші! Отағасының Қазақстандағы компаниясы шығынға батады, ал оның барлық диллерлік бизнесі Ресейде жүріп жатады» дей келе, автор кәсіпкердің жұбайы Елена мен ұлы Антонның 2021 жылдың басында Ресейде әрқайсысының жарғылық капиталы 10 мың рубльді құрайтын бірнеше заңды тұлғалары тіркелгенін алға тартады. Telegram арнаның жазуынша, бизнесменнің жұбайы «Балушкина Елена Борисовна» жеке кәсіпкерлігі, «Гранвиль», «Сити Рент» және «Привилегия» ЖШҚ-ларының құрылтайшысы. Ал «Гранвиль» мен «Привилегия» Санкт-Петербургтегі элиталы тұрғын үйлердің атауы екен. Осы салтанатты үйлердегі 10 пәтер, коммерциялық нысандар мен көлік қоятын орындар Елена Балушкинаның атына тіркелген. Ал миллиардердің ұлы Антон «Привилегия» ЖШҚ-ына бақылау жасап қана қоймай, Новосібірде «Эрабайт» ЖШҚ, Санкт-Петербургте «Русские Вездеходы Хаски» ЖШҚ секілді компанияларға иелік етеді. Жоғарыда айттық, былтыр тамыз айында тергеуден жасырынған адам ретінде Шығыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті Анатолий Балушкинге халықаралық іздеу жариялаған болатын. Арада ай өтпей ақпараттық сайттарда Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының кәсіпкер сол елдің азаматы болғандықтан, Қазақстанға қайтарудан бас тартқаны және іздеудің тоқтатылғаны жөнінде ақпар тараған еді. Алайда біздің Бас прокуратура бизнесменге қатысты іздеудің тоқтатылмағанын, сот сырттай қамауға алу жөнінде санкция бергенін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерінен құрылған ведомствоаралық комиссия «алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген-ді.174 миллиард теңгенің тағдыры не болады?
Көп жыл Өскеменде тұрған, облыстық мәслихаттың депутаты болған, байлығы 153 миллион долларға бағаланып, Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің тізіміне енген Анатолий Балушкиннің шетелге кетуіне не түрткі болғаны көпшілікке белгілі. «Кәсіпорын қызметін бастағалы Қазақстанның заңнамасына сәйкес қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемле-кеттік преференциялар алып келді. Сондай-ақ төленген утилизациялық алымды қайтару түрінде ынталандырылды. 2010 жылдың 24 маусымы мен 2017 жылдың 1 маусымы аралығында «Азия Авто» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орындалмады» деген ақпарат таратқан болатын 2020 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Байқауымызша, мемлекет «Азия Автоның» көп еркелігіне көнген секілді. Зауыт өз міндеттерін орындамай жүрсе де, келісімшарт мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Соңғы рет министрлік 2017 жылғы 7 сәуірде аталған кәсіпорынмен келісім аясындағы міндеттемелер мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін көпжақты келісімге қол қойған. Әрине, шыдамның да шегі бар. Бұл келісім де орындалмаған соң министрлік 2020 жылғы сәуірде «Азия Авто» мекемесіне сын-ескертпелер 1 айдың ішінде жойылмаса, келісім бұзылып, жеңілдіктер беру тоқтатылатынын айтып, хабарлама жолдаған. Алайда мемлекеттік бюджетті сауын сиырға айналдырған миллиардер судың да сұрауы болатынын ойламаған секілді. Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігі «Азия Автоны» сотқа беріп, сот кәсіпорынды 174 миллиард теңгені мемлекетке қайтаруға міндеттегенде барып есін жиған олигарх «есім барда елімді табайын» деп шекара асқаны анық. «Болар іс болды, жабылар зауыт жабылды, қашатын кәсіпкер қашып кетті» десек те, қазір жұртшылықты «мемлекеттен бөлінген 174 миллиард теңге қайтарыла ма, қайтарылмай ма?» деген сұрақтың алаңдататыны жасырын емес. Экономист Мақсат Халық бұл істі бұлайша қалдыруға болмайтынын айтады. «Бұл іс жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болса, басқа азаматтар «осылай жасауға болады екен» деген ойға қалуы мүмкін. Сондықтан заң аясында Ресей үкіметінің алдына мұны мәселе ретінде қою керек. Қажет болса, халықаралық сотқа беру қажет. Өйткені бұл жерде Қазақстанның, елдің, мемлекеттің мүддесі тұр. Бір елдің бюджетінің ақшасы талан-таражға салынып, желге ұшты. Мұндай жағдай бір ғана Балушкиннің айналасында болып жатқан жоқ. Еліміздің квази секторында, бір ғана «Самұрық-Қазынада» қаншама еншілес компания бар. Соның ішінде ешқандай тиімділігі жоқ, мемлекеттің ақшасын қалай болса солай, жөнсіз жұмсап жатқандары аз емес. Менің ойымша, мемлекеттен бөлінген әрбір қаражаттың сұрауы болуы керек. Мемлекеттік қаражатқа қатысы бар бүкіл компанияларға аудиторлық тексеріс жүргізілуі қажет. Егер түсініксіз схемалар анықталған болса, шетелге қаражат шығарылған болса, бюджет қаражаты талан-таражға салынғаны анықталса, тиісті адамдар жауапқа тартылуы керек. Егер жауапқа тартылмаса, бұл процесс ертең де тоқтамайды, жалғаса береді, мемлекеттік бюджеттің ақшасы шөл далаға құйған судай сіңіп, жоғалып, ешқандай маңызы жоқ жобаларға жұмсала беретін болады», – дейді экономист. Қазақстандық автонарықты емін-еркін жайлаған Анатолий Балушкин облысымыздағы «Рахман қайнары», «Нұртау» секілді демалыс базаларына да иелік еткені белгілі. Қазір кәсіпкердің ісі құзырлы органдарда тергеліп жатқанына байланысты екі нысан да жұмысын тоқтатқан. Өскемендік қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков қазақтың ақшасын қалтасына басып, шетел асқан кәсіпкердің қымқырған ақшасын ғана емес, өзін де Қазақстанға қайтару керек деп санайды. «Өйткені ол біздің экономикаға қиянат жасаған адам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорын бекерге құрдырған жоқ. Балушкиннің өзімен бірге алып кеткен қаражаты, «Азия Автоның» Үкіметке қарыз 174 миллиард теңгесі осы қорға құйылуы керек деп ойлаймын. Біздің елдің құзырлы органдары осы мәселемен шұғылдануы керек. Тағы бір айтарым, бұған дейін Балушкиннің иелігінде болған Шығыс Қазақстандағы «Рахман қайнары» санаторийі, «Нұртау» демалыс базасы секілді жерлер қазақстандық кәсіпкерлердің иелігіне өтіп, ел игілігіне жұмыс істесе. Өйткені суы шипалы «Рахман қайнары» санаторийіне екінің бірі бара алмайды. Бағасы удай, қарапайым халыққа қолжетімсіз. Осы мәселелер алдағы уақытта бір шешімін табады деп сенемін», – дейді ол.Шығыс Қазақстан облысы