Қазақтың ұлан-байтақ жерінің әр өңірінде есімі елдің жадында сақталған, жұрты үшін бойындағы бар күш-жігері мен білім-білігін сарқа жұмсап, қажет кезінде қолына қару алып, туған жерін жаттан қорғаған, бірауыз сөзбен жауласқан елді татуластырған тұлғалар болған. Өзі өмір сүрген заманның талабы мен сұранысына сай олардың елінің ертеңі жарқын болуы жолында істеген қажырлы қарекеті мен ерлігі де сан алуан. «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дегендей, әр кезеңнің сол кезде тірлік еткен жанға тартар сынағы мен дайындаған сыбағасы болады. Сынақта сынбаған, өзін ғана емес, өзгені де ойлаған азамат әрдайым сыйлы болары анық. Оның еншісі – өзі өмірден өтсе де есімінің ел аузында сақталып, өнегесінің өркен жаюы. Бұл дүниеден кеткеніне біраз жыл өтсе де, ағайындары ғана емес, ауылдастары, замандастары еңбегін елге мақтанышпен айтып отыратын, есімін мектепке беріп, басқаларға өнеге ретінде ұсынатын Абыхан Жексембековті де сол елі үшін елеулі атанған жандардың қатарына қосамыз. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының Алматы қаласына таяу, асқақ Алатаудың берекелі бөктеріне қоныстанған ауылдарының көбінде Кеңес Одағы кезінде жергілікті ұлттың үлес салмағы аздау болды. Шұрайлы да, шырайлы аудандағы ірі колхоз-совхоздардың тізгінін ұстағандар арасында да қазақтар саусақпен санарлықтай еді. Аман болғанда, биыл ақпанда 85 жасқа толып, бала-шағасының ортасында шалқып отыратын Абыхан ағамыз соғыс жылдарында өткен балалық шақтағы қатал сынақта шыңдалып, есейген кездегі білуге деген құштарлығының арқасында жоғары білім алып, жалықпай ізденуі барысында қызметте сатылап өсіп, біраз биікті бағындырған. Өткен ғасырдың 90-жылдары мызғымастай көрінген Кеңес Одағы келмеске бет бұрып, алып елдегі бір-бірімен тығыз байланыстағы өндірістік қатынастар үзіліп, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» аумалы-төкпелі кезеңде Түргендегі көпсалалы шаруашылықта директордың орынбасары болып істеген. Жайлауда малы мыңғырған, бау-бақшасы жеміс-жидек пен көкөніске сыңсыған, егістігі алтын дәнмен жайқалған алып шаруашылықтың сол кездегі директорының кеудесіндегі Социалистік Еңбек ерінің Алтын жұлдызында ауыл еңбеккерлерімен бірге Абыхан Аманбайұлының да табан ет, маңдай тері бар екені айдан анық. Одақ ыдырады, 70 жыл қалыптасқан даму ырғағы бұзылды. Қоғам ауысты. Колхоз директоры да өзгерістің беталысын аңдап, біраз күткен соң атақонысы Ресейге қоныс аударды. Аңтарылған жұрт ауылдың болашағына алаңдай бастады. Сындарлы шақта арқасүйер, сенім артар азаматтарды іздеді. Сондай шақта суырылып шыққан Абыхан Жексембековке үміт артты және үміт ақталды. Нарықтың алғашқы жылдарындағы қиындықты бірлесе отырып жеңді жергілікті жұрт. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттың өкілдері бас қосқан ірі елді мекендегі тірліктің түтінін түзету жолында олардың барлығының тілін тауып, көңілін бірлеп, ертеңге деген сенімін ояту оңай болған жоқ. Елі сенген азамат сол үдеден шыға білді. Әлі есімде, 90-жылдардың ортасынан асқанымен, шаруашылықтардың шаруасы әлі шатқаяқтап, жұрттың тұрмысы құлдырап тұрған кезде облыстық газеттің тілшісі ретінде Түргендегі тындырымды тірлікті басқаларға үлгі ету мақсатында арнайы тапсырмамен барып, күні бойы ағаның қасында жүріп, болашақта жемісін берер, сол кездің өзінде табысы тасқындай бастаған іргелі істерге куә болған едік. Сол жолы Жексембековтер әулетінің қара шаңырағындағы берекелі дастарқаннан дәм татып, жарасымды бір әңгіме-дүкен құрған болатынбыз. Түрген аумағын мекендеген елдің үлкен-кішісі, ұлты мен дініне қарамастан, өздерінің көшбасшысы, ауыл жетекшісі Абыхан Аманбайұлын қатты құрметтейтінін, тапсырмасын тап-тұйнақтай орындайтынын көріп, ел сеніміне ие болудың кереметтігіне көз жеткізгенбіз. – Балалығым соғыстың өртті жылдарына тап келді. Сол кездегі замандастарым көрген қиындықтың барлығын біз де бастан өткердік. Ер-азаматтардың көбі майданнан қайтпай қалды. Қабырғамыз қатпай тұрып, беліміз майысып, үлкендермен бірге еңбек еттік. Жеңістен кейін де барлығы бірден оңалып кеткен жоқ. Біраз жыл ауыртпалықты көрдік. Анам екеуміз өгіз арбамен қиқалақтатып, орталыққа сүт өткізетін кездер әлі көз алдымда. Таңның атысы, күннің батысы тырбанған тірлік еді... Сөйтіп жүріп, сабақтан қол үзгем жоқ. Шамам жеткенше қатарымның алды болуға ұмтылдым. Жоғары білім алдым. Мамандығыма сай барлық қызметтік сатыдан өттім және атқарған қызметтерімнің барлығы осы өзіміздің облыста өрістеді. Қатар өскен құрбыммен бас қосып, отау құрдық, құдайдың берген балаларын өсірдік. Енді, міне жұрт үміт артқан соң солардың сенімін ақтау жолында ауылды мүмкіндігімше алға сүйреп жүрмін, – деген еді сол жолғы жүзесуде. 1963 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын Шелек ауданындағы «Горный овцевод» ұжымшарынан мал дәрігері болып бастады. Төрт түліктің сапасын жақсарту мен малды өз төлі есебінен көбейтуге көңіл бөлді. Жарқын бастамалары аудандағы басшылардың назарына ілікті. Облыс көлеміндегі үлкен жиналыстарға шақырылып, тәжірибесін таратты. Балқаш ауданында «Желтораңғы» шаруашылығы ашылған кезде облыс басшылары іскер маманды сонда мал дәрігері етіп жіберді. Мұнда да жақсы жағынан танылды. Болдым-толдым деп өрекпімеді. Ізденуден, әріптестерінен үйренуге, білмегенін толықтырып, білгенін дамытуға мән берді. 1971 жылы өзінің туған жеріне орналасқан Ленин атындағы ұжымшарға ауысты. Мал шаруашылығына жауап беретін бас маман, кейін басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ұйымдастырушылық қыры жан-жақты ашылды. Ұжымшарының өткенін түгендеп, келешегіне жол салды. Жақсының жаршысы болды. Ұсынысы мен көтерген мәселелері қолдау тапты. Еңбектері Құрмет грамотасы, түрлі медаль, «Құрмет белгісі» орденімен ұлықталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да ауылдастарын алға бастағанын жоғарыда айттық. Заман талап еткен тың жаңалықтарды жатсынбады. Оның қыры мен сырын зерделеді. «Түрген» жеке шаруашылығын құрды. Еңбек ұйымдастырудың жаңа әдісін меңгерді. Ұзамай шаруашылықтың ісі алға басып, Түрген өңірі қайта түледі. Абыхан Аманбайұлы ауыл әкімі болып тағайындалып, жұртты айналасына топтастырды. Елді мекенде тәртіп пен бірліктің болуын қамтамасыз етті. Табиғаты тамаша өлкеде туризмді дамытудың бағдарламасы жасалды. Кәсіпкерлер қатары нығайды. Олар егін мен бау-бақша, мал шаруашылығын өркендетті. Аграрлық салада кооперативтер мен серіктестіктер пайда болды. Абыхан Жексембеков жекеменшік агроферма құрып, нарық қатынасына сай еңбек ұйымдастырудың ерен үлгісін көрсетті. Жергілікті өнімдерді өңдейтін шағын кәсіпорындарды дамытуға баса назар аударды. Бірер жылдың ішінде Түрген ауылында өсімдік майы мен кондитер тағамдарын шығаратын, жеміс-жидек пен мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашылды. Диірмен мен наубайхана жұмыс істеді. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды. Цехтарда өндірілген өнімдер облысқа тарады. Кезінде облыс орталығы Алматыдан сан түрлі шақырту келген. Үлкен қызметтер ұсынылды. Бірақ «тартылыс заңы» оны Түргеннен алыстатпады. Кіндігі туған жеріне мықтап байланған еді. Ауылда тұрып еңбек етті, елдің қажетіне жарады, жұртының сенімін ақтаған тұлға болып қалыптасты. Шаруашылықпен бірге білім, мәдениет пен әлеуметтік жағдайды да үнемі назарында ұстап, қордаланған мәселелерді қолынан келгенінше реттеді. Ол кездері Түргенде екі орыс мектебі жұмыс істейтін. Мемлекеттік тілде білім беретін білім ошағы болмады. Аудандық, облыстық, республикалық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, Түргеннен алғашқы қазақ мектебін ашты. Бұл білім мекемесі қазір Абыхан Жексембековтің атында. Тәуелсіздік талаптарына сай елді мекендер мен жер-сулардың тарихи атауларын өзіне қайтару ісі қолға алынды. Ұлтым деп өткен ұлы тұлғаларға елді мекен, көше атаулары беріле бастады. Осы тұста Абыхан Жексембековтің тікелей араласуымен Түргендегі Ленин атындағы орта мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Оның жариялану салтанатына Дінмұхамед Қонаевтың өзі де шақырылды. Үлкен кісі түргендіктерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Абыхан Жексембеков өзінің естелігінде «Димаш ағамыз ел өтінішін жерге тастамай, уақытында келді. Ауыл көшесі адамға толып, жұртшылық ол кісіні қалай құрметтеді десеңші! Бір көше мен мектепті өзінің көзінше асыл ағаның есімімен атадық. Сонда тебіреніп, толқып тұрып бата берді. Ел сыйлаған ұлы тұлға, халқымыздың қалаулы перзенті Димаш Ахметұлының шарапатты ақ батасы қазір де алысқа кетпей, Түрген ауылын төңіректеп жүргендей көрінеді бізге» деп жазады. Бұл жөнінде Димекеңнің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік кітабында да бар. Сүйінішті пікірлерін келісті кестелеген. 1997 жылы Абыхан Жексембековтің 60 жылдық мерейтойына жан-жақтан құттықтаулар келеді. Солардың бірінде: «Абыхан Жексембекұлы, біз қазақ халқының ардақты адамы Дінмұхамед Қонаевтың отбасы атынан Түрген ауылының азаматтарына зор ризашылығымызды жолдаймыз. Өйткені біздің әке-шешеміз 1932-1933 жылдары Түрген ауылында тұрып, еңбек етті. Қазір Түрген ауылының бір көшесі мен бір мектебі Димаш Ахметұлы Қонаевтың атымен аталады. Бұл істе белсенділік көрсеткен ауыл әкімі Абыхан Аманбайұлына көп рақмет. Мерейтойы құтты болып, бәрі жақсылыққа жалғаса берсін» делінген. Құттықтауға қол қойған екі адамның бірі – Қазақстан ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, биология ғылымдарының докторы Роза Қонаева, екіншісі – Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Мұрат Тәжімұратұлы. Ауыл әкімінің батылдығы мен қайраткерлік шешімін Қонаев ұрпақтары лайықты бағалаған. Абыхан Аманбайұлы Түрген аумағындағы барлық мектепке қамқорлық танытты. Оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің алаңсыз қызмет атқаруына бар күшін салды. Музыка мектебін жабылып қалудан аман алып қалды. Оңтайландыру жылдары қауіп төнген мәдениет үйінің есігі жабылған жоқ, кітапхана қорынан айырылмады. Қазір Түргенде музыка мектебімен бірге Қонаев атындағы, Ломоносов атындағы, Абыхан Жексембеков атындағы мектептер жұмыс істейді. Осы білім ошақтарының замана көшінен қалмауында Абыхан Аманбайұлының өлшеусіз еңбегі бар екенін түргендіктер әлі күнге жыр қылып айтады. Білім саласының дамуына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Елімізде тікелей білім саласында қызмет етпейтініне қарамастан, алғашқылардың бірі болып, «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» атағымен марапатталды. Сонымен бірге 2015 жылы 11 ақпан айындағы ҚР Үкіметінің №54 қаулысы бойынша Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Жексембековтің есімі берілді. Еліміз 30 жылда біраз қиындықты еңсеріп, әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Барлығы керемет болды деп айтуға келе қоймас. Дегенмен қатардан қалғанымыз жоқ. Сол бағындырған азды-көпті биіктерімізде туған жерінің түлеуіне бар күші мен жігерін салып, күн-түн демей еңбек еткен, маңайына жұртты топтастыра білген Абыхан Жексенбеков сияқты тұлғалардың зор үлесі бар екені анық.
Болат АБАҒАН, Қазақстанның Құрметті журналисі Алматы облысы