Гидропоника: жыл бойына жасыл шөп
Гидропоника: жыл бойына жасыл шөп
1,164
оқылды
«Армандапсың ақ тоқты, қыстың күні көк шөпті»... Осы сөзді әзіл-шыны аралас жиі айтатынымыз рас. Бірақ бүгінде технологиялық тәжірибелердің дамуына қарай бұл әзіл шынға айналып келеді. Өйткені елімізде гидропоника әдісімен қы­сы-жазы жабық орынжайда топы­рақсыз, құр суға шөп өсірушілер қа­тары көбейді. Гидропоника де­ген оның жалпы атауы ғана, бол­ма­са, оның түрлері көп. Малшылар ара­сында жемшөп тапшылығын осы әдіспен жоюға болады деген де пікір қалыптасып келеді. Ен­де­ше, жаңа­шылдыққа үңіліп көрелік.

Гидропоника – топырақсыз шөп өсіру

Сонымен, гидропоника дегеніміз, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ор­тада – қоректік заттардың судағы ерітін­дісінде өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (то­пырақ орнына қолданылатын заттар) орналасады екен. Өсімдікті топырақсыз өсіру әдісінің гидропоника, агрегато­по­ника, хемопони­ка, ионитопоника, аэропоника сияқты бірнеше түрі бар. Мәселен, гидропоника тәсілінде тамыр жүйе­сінің тіршілік ортасы минералды тұз­дардың судағы ерітіндісі болып табы­лады. Яғни, өсімдіктің тамыры үнемі тек қана суға малынып тұрады. Агрегатопо­никада өскін қиыршықтас, керамзит, құм, вермикулит, перлит, шлак, полимер, агромақта сияқты қатты агрегатты субс­тратқа егіледі. Хемопоника дегеніміз ми­нералды тыңайтқыштардың ерітін­дісімен ылғалдандырылатын орга­ника­­лық субстратта дақыл өсіру, яғни тамыр жүйесінің тіршілік ортасы – таза шым, сабан, ағаш үгіндісі және басқа да бор­пылдақ материалдар. Ионитопоника – катионит және анионит деп аталатын екі түрлі шайыр қоспасында шөп өсіру технологиясы. Аэропоника тәсілінде тамыр жүйесінің тіршілік ортасы – тек қана ауа. Өндірістік жылыжайларда, көбіне агрегатопоника мен хемопоника қол­данылады. «Мұндағы ең бірінші басымдық – шөпті қысы-жазы егуге болатыны. Яки қыстың көзі қырауда да сіздің малыңыз қорада бойында дәрумені мол көк майса шөп жеп тұрады. Екінші артықшылығы, ол көп шығынды талап етпейді әрі оңай жүзеге асады. Бұл әдісті қолыңыздағы малды жемдеу үшін жеке шаруашылық мақсатта да, саудаға шығарып сату үшін бизнес ретінде де пайдалануға болады. Тағы бір артықшылығы – бір қалыпты минералдық қоректендіру мүмкіндігі мен автоматиканы кеңінен пайдаланар болсаңыз, топырақта өсірілетін дақыл­дарға қарағанда өнімді ертерек алуға болады әрі өнімділігі де жоғары болып келеді Мәселен, қияр 7-10 күн, қызанақ 15-18 күн бұрын өнім береді», – дейді KazAgroGreen ЖШС өкілі Берік Сералин. Осы әдісті бизнес ретінде бастаған жанның бірі астаналық Асхат Қыдыбеков былтыр күзде технопаркте 15 шаршы метр гаражды жалға алып, қолдан стеллаж жасап, бес қабат ярусқа 5 келі дәнді-дақылды егуді бастапты. Жалпы сомасы жарты миллиондай ақша шы­ғындаған. Негізі, шығыны одан да аз бо­луы мүмкін екен. Бірақ, ол шнекті шы­рын сыққыш алып, көк майсамен бірге оның сөлін де сатпақ болған. Оған әзірге қажетті көлем жиналмай тұр. Әзірге күніне 50 келі өнім алып отыр. «Былтыр ақпан айында осындай та­маша әдіс барын оқып білген болатын­мын. Өзім ауылда өскен соң, бұл маған жақын көрінді. Енді міне жасап жатқа­ныма төрт айдан асты. Әзірге, қатты табыс тауып жатқан жоқпын, бірақ тәжірибе жинақтап жатырмын. Ақырын са­тып та жүрмін. Алушылардың қарқы­ны жақсы. Алған адамдар қайтадан ке­ліп, малымыз қатты сүйсініп жейді деп алып жатыр. Бұл жем бірінші кезекте жаңа туған қозы-лақтарға таптырмас азық. Олардың тез жетілуіне көмектеседі. Біріншіден, бұл әдіс оңай әрі былайғы жемшөпке қарағанда әлдеқайда құ­нарлы. Бұл шөпті жеген малдың еті, сүті, құстың жұмыртқасы сапалырақ болады. Тіпті, бір-екі апта жеген малдың терілері жылтырап, жұмсарып шыға келеді. Өйт­кені мұнда дәрумен көп. Дәнді дақыл енді-енді бой түзеген кезде, яки бойында бүкіл пайдалы заттары жоғалмай тұрған кезде малға тамырымен бірге беріледі. Соны­сымен өте пайдалы. Шөбінде макро-микроэлементтер, хлорофил, ал тамы­рында ақуыз өте көп болады. Ақуыз етке пайдалы, Хлорофильді сығып, сөлін адамға да ішуге болады. Ол обырдың ал­д­ын алады, иммунитетті көтереді, қан­ды, бауырды, асқазан-ішек құрылысын түгел тазартады», – дейді Асхат Қуанышұлы. Жас кәсіпкердің ендігі жоспары – мемлекеттен грант алып, кәсібін кеңейте түсу. Өйткені оның тиімділігіне көзі әбден жеткен. Ол үшін жоқ дегенде 3 миллиондай қаржы қажет. Егер грант алар болса, онда гидропониканың тек шөбін ғана емес, сөлін де сатпақ ниетте.

Шөбі қуаң өңірлерге таптырмас тәсіл

Былтыр елімізде қуаңшылықтың зардабы қатты сезілді. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында жұт болды деуге болады. Жалпы, оңтүстік және батыс өңірлердің шөбі қуаң екені рас. Бұл тығырықтан шығуға енді шаруаларға гидропоника көмектеседі деген сенім бар. «Бұл әдісті пайдаланып, күніне 2 тон­наға дейін көк майса шөп алуға болады. Бұл дегеніміз – жылына 730 тонна деген сөз. Жаңа технологияны өндіріске енгізу деген сөз – малдың ден­саулығы жақсарып, ет пен сүт өндірісі де арта түседі деген сөз. Біздің компания бір күнде 250 келіден бастап 2000 келіге дейін шөп өсіруге болатын дайын модульдік жабдықтарды дайындаумен айналысады.Онда егуден өзге суару, жа­рық­тандыру, желдету сынды жұмыстар­дың барлығы да автоматты түрде қарас­тырылған. Егер малыңыздың санына қарай осындай қуаттылығы сәйкес контейнердің біреуін алып, іске қосар болсаңыз шығындарыңыз 1,5 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайтын болады», – дейді гидропоника жабдығын сатумен айналысатын «КазАгроГрин» ЖШС Бас директоры Бақытжан Көпбаев. Қазақстанда гидропониканың өндіріс­тік көлемдегі жабдықтарын сату 2015 жылы жолға қойылған екен. Содан бері қарай бірте-бірте кең қанат жайып келеді. Әйтсе де, өз бетінше орынжай тауып, қолдан стеллаждар жасап, өз бетінше айналысып жүргендер де аз емес. Ендеше бұл жаңа бастаманың болашағынан үміт көп.

40 келіден 400 келі

Бұл әдісті жеке қожалығының қа­жеті үшін ашып отырған жанның бірі – маң­ғыстауық кәсіпкер Исатай Сақта­ғанов. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауда­нында тұратын ол бұл кәсіп түрін елдегі қуаңшылық жағдайға байланыс­ты қолға алған екен. Осыдан 3-4 жыл бұрын ша­руашылықта осы әдісті қолға алуды ойластырған ол Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау қалаларына барып, үлкен фир­малардан және жеке шаруа­шылықтарды аралаған. Көп ізденіп, біраз зерттеген. Содан іс жүзінде көруге бел буған. Қазір бұл шаруа оның сүйікті ісіне айналыпты. «Бұл тәсіл климаты ыстық, құрғақ, қуаңшылық көп болатын аймақтарда өте тиімді. Соған арнап жылыжайды да үйімнің ауласынан арнайы суық өткіз­бейтін материалдарды пайдалана оты­рып, бірнеше қабаттан өзім тұрғыздым. Қазір 40 келі арпа дақылынан бір аптада 400 келі шөп өсіріп, малыма қыстық жемнің орнына беріп отырмын. Ол үшін алдымен арпаны тазартып жуып алып, 12 сағат суда ұстаймыз. Одан кейін суын төгіп, арнайы лотоктарға бөліп салып, қара целлофанмен жауып, 3 күндей қараңғылап қоямыз. Одан соң арнайы жарық қосылады, мезгіл-мезгіл алты сағат сайын суарады. Осылайша 1 апта дегенде қаулаған шөп өсіп шығады», - дейді Исатай Сақтағанов. Шаруаның айтуынша, бұл жерде шөпке құйылатын судың темпера­тура­сына да аса мән беру қажет. Себебі қатты салқын суға шөп өспейді. Бұл арқылы суды да үнемдеуге болады екен. Мәселен, бұл жерден шыққан суды бөлек ыдысқа жинап, мал суаруға болады. Гидропони­каны дамыту үшін көлемді жердің де қажеті жоқ. Арнайы сөрелер, ауа жі­беретін құрылғылар, күнмен алмастыра­тын жарық шамдары және арнайы сұйықтық пен су қажет, Тиімді әдістің тетігін тапқан кәсіп иесі алдағы уақытта бұл әдісті дамыта түсіп, бақша алаңын ұлғайтатынын жеткізді.