«Армандапсың ақ тоқты, қыстың күні көк шөпті»... Осы сөзді әзіл-шыны аралас жиі айтатынымыз рас. Бірақ бүгінде технологиялық тәжірибелердің дамуына қарай бұл әзіл шынға айналып келеді. Өйткені елімізде гидропоника әдісімен қысы-жазы жабық орынжайда топырақсыз, құр суға шөп өсірушілер қатары көбейді. Гидропоника деген оның жалпы атауы ғана, болмаса, оның түрлері көп. Малшылар арасында жемшөп тапшылығын осы әдіспен жоюға болады деген де пікір қалыптасып келеді. Ендеше, жаңашылдыққа үңіліп көрелік.
Гидропоника – топырақсыз шөп өсіру
Сонымен, гидропоника дегеніміз, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (топырақ орнына қолданылатын заттар) орналасады екен. Өсімдікті топырақсыз өсіру әдісінің гидропоника, агрегатопоника, хемопоника, ионитопоника, аэропоника сияқты бірнеше түрі бар. Мәселен, гидропоника тәсілінде тамыр жүйесінің тіршілік ортасы минералды тұздардың судағы ерітіндісі болып табылады. Яғни, өсімдіктің тамыры үнемі тек қана суға малынып тұрады. Агрегатопоникада өскін қиыршықтас, керамзит, құм, вермикулит, перлит, шлак, полимер, агромақта сияқты қатты агрегатты субстратқа егіледі. Хемопоника дегеніміз минералды тыңайтқыштардың ерітіндісімен ылғалдандырылатын органикалық субстратта дақыл өсіру, яғни тамыр жүйесінің тіршілік ортасы – таза шым, сабан, ағаш үгіндісі және басқа да борпылдақ материалдар. Ионитопоника – катионит және анионит деп аталатын екі түрлі шайыр қоспасында шөп өсіру технологиясы. Аэропоника тәсілінде тамыр жүйесінің тіршілік ортасы – тек қана ауа. Өндірістік жылыжайларда, көбіне агрегатопоника мен хемопоника қолданылады. «Мұндағы ең бірінші басымдық – шөпті қысы-жазы егуге болатыны. Яки қыстың көзі қырауда да сіздің малыңыз қорада бойында дәрумені мол көк майса шөп жеп тұрады. Екінші артықшылығы, ол көп шығынды талап етпейді әрі оңай жүзеге асады. Бұл әдісті қолыңыздағы малды жемдеу үшін жеке шаруашылық мақсатта да, саудаға шығарып сату үшін бизнес ретінде де пайдалануға болады. Тағы бір артықшылығы – бір қалыпты минералдық қоректендіру мүмкіндігі мен автоматиканы кеңінен пайдаланар болсаңыз, топырақта өсірілетін дақылдарға қарағанда өнімді ертерек алуға болады әрі өнімділігі де жоғары болып келеді Мәселен, қияр 7-10 күн, қызанақ 15-18 күн бұрын өнім береді», – дейді KazAgroGreen ЖШС өкілі Берік Сералин. Осы әдісті бизнес ретінде бастаған жанның бірі астаналық Асхат Қыдыбеков былтыр күзде технопаркте 15 шаршы метр гаражды жалға алып, қолдан стеллаж жасап, бес қабат ярусқа 5 келі дәнді-дақылды егуді бастапты. Жалпы сомасы жарты миллиондай ақша шығындаған. Негізі, шығыны одан да аз болуы мүмкін екен. Бірақ, ол шнекті шырын сыққыш алып, көк майсамен бірге оның сөлін де сатпақ болған. Оған әзірге қажетті көлем жиналмай тұр. Әзірге күніне 50 келі өнім алып отыр. «Былтыр ақпан айында осындай тамаша әдіс барын оқып білген болатынмын. Өзім ауылда өскен соң, бұл маған жақын көрінді. Енді міне жасап жатқаныма төрт айдан асты. Әзірге, қатты табыс тауып жатқан жоқпын, бірақ тәжірибе жинақтап жатырмын. Ақырын сатып та жүрмін. Алушылардың қарқыны жақсы. Алған адамдар қайтадан келіп, малымыз қатты сүйсініп жейді деп алып жатыр. Бұл жем бірінші кезекте жаңа туған қозы-лақтарға таптырмас азық. Олардың тез жетілуіне көмектеседі. Біріншіден, бұл әдіс оңай әрі былайғы жемшөпке қарағанда әлдеқайда құнарлы. Бұл шөпті жеген малдың еті, сүті, құстың жұмыртқасы сапалырақ болады. Тіпті, бір-екі апта жеген малдың терілері жылтырап, жұмсарып шыға келеді. Өйткені мұнда дәрумен көп. Дәнді дақыл енді-енді бой түзеген кезде, яки бойында бүкіл пайдалы заттары жоғалмай тұрған кезде малға тамырымен бірге беріледі. Сонысымен өте пайдалы. Шөбінде макро-микроэлементтер, хлорофил, ал тамырында ақуыз өте көп болады. Ақуыз етке пайдалы, Хлорофильді сығып, сөлін адамға да ішуге болады. Ол обырдың алдын алады, иммунитетті көтереді, қанды, бауырды, асқазан-ішек құрылысын түгел тазартады», – дейді Асхат Қуанышұлы. Жас кәсіпкердің ендігі жоспары – мемлекеттен грант алып, кәсібін кеңейте түсу. Өйткені оның тиімділігіне көзі әбден жеткен. Ол үшін жоқ дегенде 3 миллиондай қаржы қажет. Егер грант алар болса, онда гидропониканың тек шөбін ғана емес, сөлін де сатпақ ниетте.Шөбі қуаң өңірлерге таптырмас тәсіл
Былтыр елімізде қуаңшылықтың зардабы қатты сезілді. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында жұт болды деуге болады. Жалпы, оңтүстік және батыс өңірлердің шөбі қуаң екені рас. Бұл тығырықтан шығуға енді шаруаларға гидропоника көмектеседі деген сенім бар. «Бұл әдісті пайдаланып, күніне 2 тоннаға дейін көк майса шөп алуға болады. Бұл дегеніміз – жылына 730 тонна деген сөз. Жаңа технологияны өндіріске енгізу деген сөз – малдың денсаулығы жақсарып, ет пен сүт өндірісі де арта түседі деген сөз. Біздің компания бір күнде 250 келіден бастап 2000 келіге дейін шөп өсіруге болатын дайын модульдік жабдықтарды дайындаумен айналысады.Онда егуден өзге суару, жарықтандыру, желдету сынды жұмыстардың барлығы да автоматты түрде қарастырылған. Егер малыңыздың санына қарай осындай қуаттылығы сәйкес контейнердің біреуін алып, іске қосар болсаңыз шығындарыңыз 1,5 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайтын болады», – дейді гидропоника жабдығын сатумен айналысатын «КазАгроГрин» ЖШС Бас директоры Бақытжан Көпбаев. Қазақстанда гидропониканың өндірістік көлемдегі жабдықтарын сату 2015 жылы жолға қойылған екен. Содан бері қарай бірте-бірте кең қанат жайып келеді. Әйтсе де, өз бетінше орынжай тауып, қолдан стеллаждар жасап, өз бетінше айналысып жүргендер де аз емес. Ендеше бұл жаңа бастаманың болашағынан үміт көп.40 келіден 400 келі
Бұл әдісті жеке қожалығының қажеті үшін ашып отырған жанның бірі – маңғыстауық кәсіпкер Исатай Сақтағанов. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында тұратын ол бұл кәсіп түрін елдегі қуаңшылық жағдайға байланысты қолға алған екен. Осыдан 3-4 жыл бұрын шаруашылықта осы әдісті қолға алуды ойластырған ол Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау қалаларына барып, үлкен фирмалардан және жеке шаруашылықтарды аралаған. Көп ізденіп, біраз зерттеген. Содан іс жүзінде көруге бел буған. Қазір бұл шаруа оның сүйікті ісіне айналыпты. «Бұл тәсіл климаты ыстық, құрғақ, қуаңшылық көп болатын аймақтарда өте тиімді. Соған арнап жылыжайды да үйімнің ауласынан арнайы суық өткізбейтін материалдарды пайдалана отырып, бірнеше қабаттан өзім тұрғыздым. Қазір 40 келі арпа дақылынан бір аптада 400 келі шөп өсіріп, малыма қыстық жемнің орнына беріп отырмын. Ол үшін алдымен арпаны тазартып жуып алып, 12 сағат суда ұстаймыз. Одан кейін суын төгіп, арнайы лотоктарға бөліп салып, қара целлофанмен жауып, 3 күндей қараңғылап қоямыз. Одан соң арнайы жарық қосылады, мезгіл-мезгіл алты сағат сайын суарады. Осылайша 1 апта дегенде қаулаған шөп өсіп шығады», - дейді Исатай Сақтағанов. Шаруаның айтуынша, бұл жерде шөпке құйылатын судың температурасына да аса мән беру қажет. Себебі қатты салқын суға шөп өспейді. Бұл арқылы суды да үнемдеуге болады екен. Мәселен, бұл жерден шыққан суды бөлек ыдысқа жинап, мал суаруға болады. Гидропониканы дамыту үшін көлемді жердің де қажеті жоқ. Арнайы сөрелер, ауа жіберетін құрылғылар, күнмен алмастыратын жарық шамдары және арнайы сұйықтық пен су қажет, Тиімді әдістің тетігін тапқан кәсіп иесі алдағы уақытта бұл әдісті дамыта түсіп, бақша алаңын ұлғайтатынын жеткізді.