Жамбыл облысында былтыр 13 пен 15 жас аралығындағы 10 жасөспірім жүкті болып қалған. Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың есепті жиынында айтылған бұл сандар ойға қалдырды. Өйткені жыл бұрын өңірде 244 кәмелеттік жасқа толмаған қыз жүкті болғаны туралы айтылған. Алайда артынша жауаптылар «есептен жаңылдық» деп, олардың санын 122-ге азайтқан. Сондай-ақ шенділер аяғы ауыр болып босанғандардың дені өзге өңірден келген жасөспірімдер екенін алға тартып ақталған-ды. Осылайша, санды сан рет құбылтқан басқармадағылар мен басқа арнадағылар сананы сан саққа жүгірткен. Ендіі биыл 10 жасөспірім жүкті болғаны туралы ақпарат беріп отыр. Бұған сенеміз бе, әлде тағы есептен жаңылған статистика деп білеміз бе?
Мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа» атанды
Жалпы, соңғы жылдардағы көрсеткішке көз жүгіртсек, 2018 жылы 364 қыздың, 2019 жылы 248 жасөспірімнің жүкті болып қалғаны туралы облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекова айтқан. «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалында өткен жиында Сұлушаш Сәтбекқызы аяғы ауыр болғандардың арасында 16 жасқа дейінгі қыздың саны – 8, ал көрші облыстар мен Қырғыз Республикасынан келгендер саны 71 деген ақпарат берген. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары министрліктен көмек сұраған. «Бүкіл республикада электронды база бар. Бірақ ол электронды базада оқушының тұрғылықты жері, оқитын орны көрсетілмейді. Сондықтан егер ерте жүкті болып қалған қыз біздің облысқа келіп тіркелсе, оны іздеп отырамыз. Осы мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетуін сұранамын», – деген еді әкімнің орынбасары. Осылайша, мектеп тәрбиесіне мән беруден бұрын, «сұлу» статистиканы түзуге күш салған облыс әкімінің орынбасары сол жылы оңбай опық жеді. 2019 жылы Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында оқушы қыз зорланып, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековадан бастап, бірнеше басшылар қызметінен кетті. Бір сөзбен айтқанда, «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейдінің» кері келіп, сансыз сылтаумен «сұлуланған» статистиканың бір-ақ күнде арты ашылды. 2020 жылы «Жамбылда 244 оқушы жүкті болып қалған» деген тағы «жағымсыз»ақпар айтылды. Бұл көрсеткішті медицина мамандары жария етіп, дабыл қақты. Алайда білім саласына жауапты мамандар қарсы шығып, дәрігерлер деректерді жинауда қателікке жол берген деді. Білім басқармасының сол кездегі ақпаратына сүйенсек, жыл ішінде 244 емес, 122 жасөспірім жүкті болған. Олардың 56-ы заңды некеге тұрған көрінеді. Ал 65-і азаматтық некесін қиыпты. Сондай-ақ жауаптылар «жүргізілген тексеру нәтижесінде босанған жасөспірімдердің дені өзге өңірлерден келгені анықталды» деген жауыр болған жауапты тағы жатқа соқты. «Комиссия тексерісімен анықтағанымыз – Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қаласынан келіп тіркелген қыздардың саны көп болды. Сондай-ақ Қызылорда облысынан келіп тіркеліп, Жамбылда жүктілікпен қаралып, осы жерде босанып, қайтып кеткен қыздар туралы фактілер бар», – деп, Білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов аяғы ауыр жасөспірімдерін Жамбылға «жөнелтіп» жатқан облыс пен қалалардың да атын атап берді. Әрине, біздікі тырнақ астынан кір іздеу емес. Алайда құрылымдық мекемелер сандарды сан рет құбылтқанына қарап, қайсысына сенеріңді білмейсің? Тіпті, Білім басқармасы заңды некесін қиған, азаматтық некеде тұрған, өзге өңірлерден келген жүкті жасөспірімдердің санын сызып тастады дегеннің өзінде, былтыр 10 қаракөзіміздің бесіктен белі шықпай жатып босанып жатқаны жақсы емес. Мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа» атану кімге абырой әкелсін дейсіз?..Тентектерді қалай тезге саламыз?
Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың есепті жиынында айтылған тағы бір мәселе – бұзықтықпен есепке алынған оқушылардың саны. Ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылы олардың саны 247 болса, былтыр 211-ге төмендепті. Алайда бұл алақайлайтын көрсеткіш емес. Естеріңізде болса, өткен жылы Шөлдала иінінде мектеп оқушылары атысқан болатын. 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер бір-біріне оқ атып, үшеуі бірдей ауруханаға түскен. Ауыр жарақаттанған жасөспірімдердің өмірін дәрігерлер әзер аман алып қалған-ды. Дәл осы ауылда 2020 жылы 16 бала 5 жасөспірімге жабылып, біреуін пышақтап өлтіріп қойған дерек те тіркелген. Одан бөлек, өткен жылдың қараша айында Меркі ауданында 14 жасар мектеп оқушысы пневматикалық қарудан көз жұмды. Тескентоған ауылының тұрғыны Бақдәулет Балқарбай көрші тұратын досының үйіне ойнауға келген. Бұл үйде Hatsan Striker маркалы пневматикалық қару болған. Ойын балалары мылтықты аулаға алып шығып, бірнеше рет атып көрген. «Бақдәулет мылтықты қызықтап қарап жатып, өзін-өзі атып алды», – деді сол кезде қару иесінің ұлы. Маңдайынан жараланған жасөспірім ауруханаға жетпей қайтыс болды. Алайда марқұмның туыстары бауырларының дәл осындай жағдайда қаза тапқанына әлі күнге сенбейді. Бұл аз десеңіз, былтыр Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының тұрғыны өзінің мектеп жасындағы баласын ауылдың жасөспірімдері зорлағаны туралы шағымданды. Ананың сөзіне сүйенсек, 12 жастағы жасөспірім пышақпен қорқыту арқылы баласына зорлық көрсеткен екен. Және соны бейнетаспаға түсіріп, біреуге айтатын болсаң, жариялаймын деп қорқытыпты. Аталған факті бойынша сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды. Міне, осы сияқты мектеп оқушылары арасында тіркелген деректер аз емес. Сондықтан жауаптылар «есепке алынған оқушылардың саны азайды» деп сүйіншілегенше, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткені абзал. Өйткені бір жылда 211 оқушының есепке алынғаны алаңдайтын мәселе.P.S.
Негізі, облыстық білім саласында бауын тапса, байлауын таппаған тірлік әлі де көп. Биыл 16 білім нысаны бой көтереді деп басқарма мәлімдегенімен, 70 мектептің спорт залы, 31 мектептің асханасы жоқ. Бұл сандар басқарманың есепті жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекті де шошытты. «Сонда бұл мектептерде балалар қалай спортпен айналысып жүр? Ауылдық жер болса да, қаладан мұндай алшақтығы болмауы керек» деген облыс әкімі орынбасарының көзі енді ашылғандай болды.
Әрине, біз жоғарыдағы сандарды ауадан алып немесе ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Басқарма басшысының есепті жиынында айтылған ақиқат – осы. Әйтеуір, сынға тағылған сыннан жауаптылар бір сабақ шығарады деген үміттеміз.
Жамбыл облысы