Қарағандылық полицейлер балконнан секірмек болған әйелді құтқарып қалды
Қарағандылық полицейлер балконнан секірмек болған әйелді құтқарып қалды
238
оқылды
Қарағандылық полицейлер тұрғын үйдің үшінші қабатынан секіріп кетпекші болған әйелді құтқарып қалды.
29 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Камал Давыдов пен Тоқпанбай Елшат қала орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында қызмет өткеруге түскен. Сағат 23.45 шамасында оларға Жедел басқару орталығынан Лобады көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде белгісіз азаматша үшінші қабаттан секірмекші болып тұр деген ақпарат түсті. Араға бірнеше минут салып полицейлер өздеріне берілген бағыттама бойынша мекенжайға келді.
Оқиға орынына келгенімізде қапталған балконның қоршауынан шығып тұрған азаматшаны көрдік. Артық бір қимыл жасап қалса азаматша құлап кететін еді. Бізде әр уақыт, әр минут санаулы болды. Әріптесім екеуміз көпқабатты үйдің дәлізіне кіріп, өзімізге қажетті пәтерді тауып алдық. Алайда ол пәтердің есігін бізге ешкім ашпады. Бір қабат төмен түскенімізде бізге екінші қабаттан егде тартқан азаматша есік ашты. Зейнеткерге оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, ол үйге кірдік. Сол үйдің балконы арқылы үшінші қабатқа көтерілдік. Балконға көтерілгеннен кейін секірмекші болып тұрған азаматшаны қысып ұстап алдым. Басында біздің құтқарып қалғанымызды жақтырмай, артық қимыл жасағысы келген азаматша, кейін біздің айтқанымызға көнді. Кейін оны балконның қоршауынан ұстап тұрып, есігіне қарай тартып алдым, – деді патрульдік полиция полкінің инспекторы Камал Давыдов
«Камал жалғыз өзі әйелді балконға қайта кіргізе алмас еді. Ол өзі екі қабаттың арасында әрең тұрды. Бірақ соған қарамастан әйелді орнында ұстай алды. Мен дереу қайта үшінші қабатқа көтерілдім. Бақытымызға орай, құлыпты бұзып, пәтердің есігін аша алдым. Балконға жүгіріп, Камалға әйелді пәтерге кіргізуге көмектестім», – дейді Тоқпанбай Елшат. Кейін анықталғандай, өз-өзіне қол жұмсап, көпқабатты үйден секіріп кетпекші болған әйел сол пәтерді өзінің досымен жалға алып, бір мерекені атап өтпекші болған. Сол жерге олар өздерінің достарын да шақырған. Мерекелік отырыс барысында азаматшаның досы оны өзгеден қызғанып, оған қол жұмсаған. Осыған көңілі қалған әйел қасындағылар ұйқыға кеткенде өз-өзіне қол жұмсамақшы болған.