Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қызметінен өз еркімен босату туралы мәселені қарады. Отырыс барысында ҚР Конституциясының 58-бабы 2-тармағына сәйкес, Нұрлан Нығматулин Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы қызметінен өз еркімен босату туралы қаулының жобасын дауысқа қойып, ол бірауыздан қабылданды. Маңызды шешім қабылдағанын алға тартқан Нұрлан Нығматулин өз сөзінде: – Биыл Мәжіліс Спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партиямыздың Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді. Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аса маңызды міндеттер жүктегенін алға тарта келіп, ол мақсаттарға жету үшін кадр саласын жаңарту керек екеніне тоқталды. Одан әрі Нұрлан Нығматулин үш шақырылым бірге жұмыс істеген барлық депутаттарға осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға, Мәжілістің заң шығару жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз еткен аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, Мәжіліске кірмеген саяси партияларға, Мәжіліс жұмысын насихаттаған журналистерге, сарапшыларға алғыс білдірді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Парламент Мәжілісінің Төрағасы қызметіне Ерлан Қошановты бірауыздан сайлады. Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ұсынды: – Ерлан Жақанұлы еңбек жолын қарапайым темір шеберінен бастаған, еңбек адамының мүддесін біледі. Заң шығару саласында кешенді тәжірибесі бар, Парламент Сенатының депутаты болған, Үкіметтің Парламенттегі өкілі қызметін атқарған. Аймақтардағы халықтың, азаматтардың әлеуметтік мұң-мұқтажын жақсы біледі. Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде еңбек еткен, Қарағанды облысының әкімі қызметін істеген, – деді. Отырыс барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Конституциясының 58-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өз кандидатурасын қолдап, сенім көрсеткен депутаттарға ризашылығын білдірді. – Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында, осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету бұл әрине ерекше мәртебе. Бұл – Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы зор үлкен жауапкершілік. Бәрімізге белгілі, ел тарихының даму кезеңінің ең жауапты кезінде тұрмыз. Осы уақытта Президентіміз жан-жақты және түбегейлі реформалар ұсынатынын атап өтті. Бұл – реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету барлығымыздың, әсіресе Мәжіліс депутаттарының ортақ міндеті. Ел мүддесі үшін адал еңбек етейік. Мәжілістің жұмысын жаңа деңгейге көтерейік, – деді Ерлан Қошанов.