Халық пен биліктің арасындағы дәнекер
Халық пен биліктің арасындағы дәнекер
Шымкент қаласында бейне­бай­ланыс режимінде өткен жиын­да өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мен оның алдын алу мәселелері және «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының жұмыс барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты облыстық Қоғамдық даму басқарма­сы­ның басшысы Аңсар Өсербаев идео­ло­гия, БАҚ, жастар, этносаралық қа­ты­настар, қоғамдық-саяси ахуал бо­йын­ша баяндама жасады. Сондай-ақ Сайрам ауданының әкімі, партияның аудандық филиал төрағасы Ұласбек Сәдібеков «Парасат» пікірталас клубы­ның жұмысын бейнеролик ар­қы­лы таныстырды. «Клубтың негізгі мақсаты – түрлі салалардағы өзекті мәселелерді ашық айтып, пікірталас алаңында жан-жақ­ты талқылау, оның шешу жолдарын қарастыру. Ауданда кез келген саладағы жұмыстар қоғаммен байланысты болып келеді. Сондықтан қоғамның ой-пікірі және талап-тілектері әр кезде біз үшін маңызды», – деді Ұ.Сәдібеков. Ережеге сәйкес ұйымның мәртебесі мен өкілеттіктерін «Nur Otan» партия­сы Сайрам аудандық филиалы айқын­дайды. Клуб ел ағалары, қоғам белсен­ділері, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, депутаттар, БАҚ өкілдері мен жастар қауымынан құралған. Бүгінге дейін «Парасат» клубының 5 отырысы ұйымдастырылды. Тоқса­нына 1 рет өтетін отырыста күн тәрті­бін­де талқыланатын тақырыптар ал­дын ала пысықталады. Клубтың әр оты­ры­сында төрағалық қызмет ауыс­па­лы тәр­тіппен жүзеге асырылады. Бүгінге дейін 27 мәселе көтеріліп, оның 18-і нақ­ты орындалды. Ал 9 мә­селе орын­далу үстінде. Қазір пікірталас клубы халық пен билік арасындағы алтын арқауға айналып, оның қызметі жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапты. Мәжіліс соңында облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов аудан, қала әкімдеріне Сайрам ауданының тәжіри­бесін алуды ұсынып, тиісті тап­сыр­ма­ларды жүктеп, мәжілісті қоры­тын­дылады.