Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттері қысқы Олимпиадаға қатысатын Қарағанды облысының спортшыларын қолдау мақсатында флешмоб өткізді. Акцияның бастамашысы Денешынықтыру және спорт басқармасы болды. Н.Әбдіров атындағы спорт сарайының алдындағы алаңға ЖОО-ның 50 оқушысы жиналды. Студенттер би билегеннен кейін, қарағандылықтарға 4 жылдық басты жарыстарда сәттілік тіледі. Бұл жолы Қарағанды облысынан Олимпиадаға биатлоншы Владислав Киреев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова қатысады. Екі спортшының да Қазтұтынуодағы Қарағанды университетіне тікелей қатысы бар. Екатерина Айдова – университет түлегі, ал Владислав аталған жоғары оқу орнында оқуын жалғастыруда. «Екі спортшы да біздің тәрбиеленушілеріміз. Екатерина мен Владиславтың алдында үлкен міндет тұр. Осындай маңызды спорттық жарыста еліміздің намысын қорғау соларға жүктеледі. Олар жарыста жақсы өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінсе дейміз. Біз саңлақтарымызға сенеміз, – дейді ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы қысқы спорт түрлері бойынша ОРМБЖМ басшысы Гүлнар Әліқұлова. Екатерина Айдова – төрт құрлықтың чемпионы. XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ол 500, 1 000, 1 500 метр қашықтықта конькимен жүгіру спортында үш лицензия жеңіп алды. Ал биатлоншы Владислав Киреев – ҚР спорт шебері және жастар арасында Қазақстан мен Азия чемпионы. Естеріңізге сала кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында өтеді. Жарыста Қазақстан намысын 34 спортшы қорғайды.
А.ЖАСАНҰЛЫ