Жарнаға сенсең, жанарсыз қаласың
Жарнаға сенсең, жанарсыз қаласың
Қазір көз ауруларына шалдыққандар саны анағұрлым артып келеді. Көру қабілеті нашарлағандар арасында жасы келгендер ғана емес, балалар мен жастардың үлес салмағы да өсіп жатқанын айтып, дәрігерлердің өзі дабыл қағып жатыр. Алайда жанарын емдетуді халықтың қалтасы көтермейді. Мемлекет берген тегін қызметтің тізімінде көз аурулары көрсетілген бе? Олай болса науқастар қымбат тұратын ақылы қызметке неге жиі жүгінеді? Отандық офтальмологтар соңғы жылдары науқастарының жасарып бара жатқанын жасыр­майды. Мәселен, бүгінде 40-45 жаста катаракта немесе глау­кома­сы бар науқастар жиі жү­гінетін бол­ған. Сондай-ақ ба­лалар ара­сын­дағы миопия да жасарды. Бұрын 5-6 жаста бас­талған мио­пия­ны ерте дейтін болсақ, бүгінде 3 жа­сында бұл ауру түрі анықта­лып жатыр. Соматикалық аурулар да көз ауруларына себеп болады. Өйт­кені күнделікті өмірімізді сым­­сыз телефон мен компью­тер­сіз елестету мүмкін болмай кетті. Есін енді таныған сәбидің көзі смарт­фоннан ажырамайды. Ал қыз­мет­тің көбісі компью­тердің кө­мегімен іске асады. Оның үсті­не, қоршаған ортаның лас­тануы мен оқу бағдар­лама­сының ауырт­­­палығы да көз ауру­ларының жа­саруына әсер етіп жатыр.

Жанарыңды жастайыңнан күту керек

MedOptica оптикалар желісінің құрылтайшысы Арыстанбек Жұма­ғұловтың айтуынша, қазір көз ауру­ларына шалдыққандар ғана емес, көз ауруларының түрі де көбейіп кетті. Себебі адамдардың өздері ау­руына атүсті қарайды екен. «Соңғы кездері алыс пен жақынды көре алмайтындардың қарасы артып келеді. Өйткені қазіргі балалардың екі көзі телефонға телмірумен өтіп жатыр. Ал смартфон мен компью­терді көп көретін адамның көз бұл­шықеттері шаршайды. Содан көру қабілеті төмендеуі мүмкін. Оқушы­лардың көбісі тақтадағы жазуды дұрыс көре алмайды. Бірақ соған қа­рамастан көп ата-аналар балала­рына көзілдірік істетуге құлықсыз. Бұл көздің құруын одан ары ас­қын­дырады», – дейді маман. Бұдан бө­лек, көз қабығының өзгерген фор­масы көру қабілетінің бұзылуы­на алып келеді. Мұндай науқастар кескінді бұрмаланған түрде қабыл­дайды. Бірақ астигматизмді ауру түріне жатқызу дұрыс емес. Өйткені ол көздің табиғи ақауы. «Адамдар­дың мұрны табиғатынан әртүрлі болатыны секілді адамның көзіндегі астигматизм де сондай ата-анасы­нан берілетін туабітті генетикалық өзгеріс. Осы өзгерісті қазір меди­цина оңай түзетуге мүмкіндік беріп отыр. Отасыз, балаға көзілдірік ки­гізу арқылы астигматизмді түзе­туге болады. Бірақ көп ата-аналар балаларына көзілдірік кигізбейді. Көздегі + түзетуге де болады. Көбі балаларына көзілдірікті кез келген оптикадан сатып алады. Дәрігердің тексеруінсіз балаға көзілдірік сатып алу зиян. Қазір балаларда көздің қылилығы да көбейіп кетті. Оны да отасыз емдеуге болады. Бірақ дә­рігердің тағайындауымен ғана бе­ріл­ген көзілдірікті арнайы опти­калардан ғана алу қажет», – дейді. Көз дәрігерлері жанарыңды сақ­тау үшін жастайыңнан күтіну кере­гін ескертеді. Ол үшін балаларға ком­пьютер мен телефонды мөл­шер­ленген уақыттан тыс пайдалануға шектеу қою қажет. Мысалы, смарт­фондарды күніне 40 минуттан ар­тық пайдалануға болмайды. Егер балалар бұл құрылғыларды көп пайдаланған жағдайда кішкентай балаларда көру қабілеті дамымай қалуы да мүмкін. Көз ауруына шал­дықпаған адамдардың өзі офтальмо­логтарға үнемі тексеріліп тұрғанның артық етпейтінін айтады. Әсіресе, қызметі компьютермен байланысты мамандар міндетті түрде жарты сағат немесе 40 минут сайын үзіліс жасау керек. Сондай-ақ бағасына қарап базардағы арзан күннен көлегейлейтін көзілдірікті сатып алудың соңы да көз ауруларының асқынуына алып келеді екен. Қарап отырсақ, жылына мыңда­ған адамға көз аурулары бойынша ота жасалады. Өйткені денсаулық – өмір кепілі. Әсіресе, жарық дүниені көру үшін жанарыңды күту керек. Қыруар қаржы тұратын көз аурула­рын емдеу мен ота жасатуды 2020 жылдан бастап мемлекет МӘМС арқылы тегін алу мүмкіндігін қарас­тырды. Мысалы, Қазақ көз аурулары ҒЗИ-да жыл сайын 12 мыңнан ас­там операция жасалады.

Кімдерге тегін қызмет көрсетіледі?

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының баспасөз қызметі МӘМС жүйесінің арқасында көз ауруларын диагностикалау мен ем­деу бойынша барлық негізгі ме­дициналық қызметтер қолжетімді бола түскенін жеткізеді. Тіпті, тәу­лік бойы және күндізгі, үйдегі ста­ционар, оңалту, жоғары техно­ло­гия­лық жабдықтар мен мамандардың кеңестерін қолдана отырып меди­циналық көмек қолжетімді болып­ты. Мысалы, ай сайын айлығынан жырып медсақтандыруға ақша құя­тындар өздері таңдаған кез кел­ген емханада медициналық қызмет алуға құқылы. Соның ішінде жеке клиникаға қараламын десе де қаржы құйып отырған соң қалау өз еркіне беріледі. Қажет болған жағ­дайда, емхананың жеке клини­ка­мен бірлесіп орындау шартын жасау мүм­кіндігі болса, пациент өз емха­насынан аталған жеке клини­каның қажетті дәрігеріне кеңес алу­ға жол­дама сұрай алады. Былай қарасаң, барлығы көңілге қонымды. Кез келген науқас қалауынша ем алып, көз аурулары бойынша тегін қыз­метті пайдалануға мүмкіндікті мем­лекет молынан қарастырып бер­ген секілді көрінеді. Негізінде көрі­неді емес, нақтысы солай болуы керек. көз ауруы Қазір 11 млн-нан астам адам мем­лекеттік қолдауға ие. 15 жеңілдік санаттары қарастырылған науқас­тарға МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Солардың ішінде зейнет­керлер мен балаларға көз аурулары бойынша емделуге кететін шығын­ды мемлекет шығарады. «Мысалы, былтыр тәуліктік стационарларда 2,2 млрд теңгеден астам көз аурула­рының 73 түрлері бойынша 13,2 мыңнан астам бала емделді. Ал күн­дізгі стационарда көз ауруларының 55 түрі бойынша 4 мыңға жуық бала медициналық көмек алған. Емнің құны 301,7 млн теңге болды. Жалпы, былтыр тәуліктік стационарларда 18,6 млрд теңге сомаға көз аурулары­ның 94 түрі бойынша 80 мыңнан астам адам емделді. Күндізгі стацио­нарларда 7,6 млрд теңгеден астам сомаға көз ауруларының 125 түрі бойынша 50,7 мыңнан астам адамға ем тағайындалған. Сонымен қатар, тәуліктік стационарлар деңгейінде 37 мың, күндізгі стационарлар дең­гейінде 38 мың операция жасал­ды», – дейді МӘМС мамандары.

Қаржы қайда кетіп жатыр?

Медсақтандыру берген мәлі­метке сенсек, елдегі зейнеткерлер тегін қызмет алып, жарна құйып жат­қан жұмысшылар ай сайын төлейтін ақшасын ауруынан айығу үшін қолданып жатқандай көрінеді. Бірақ көз аурулары бойынша тегін емделуге мүмкіндік барын көбі біл­мейді. Білген жұрттың өзі «арзанның жілігі татымайтынын» жақсы біледі. МӘМС жүйесі іске қосылғалы жалақысынан жарна төлейтін Мөл­дір Нұрайдарова жыл сайын жана­рын тексертуден бастап емдетуге дейін қалтасынан қаражат шығаруға мәжбүр. Өйткені Алматы облысын­да тұратын оған жергілікті жердегі емханалар көз аурулары бойынша жолдама бермейді. Ал облыста көз аурулары бойынша ота жасайтын мамандар да, көз ауруларын диаг­нос­­тикалайтын құрылғы жоқ. «Ай сайын бәленбай ақша құйғанымды қайте­йін, бір тиынына емделе ал­маймын. Емхана ешқашан жолдама берген емес. Көз аурулары инс­титу­тына барып дәрігер қабылдауынан бастап анализ талдауы, ота жасату мен дә­румендеріне дейін түгел өз қалтамнан шығарамын. Жылда ота жасатып жүрмін. Кірген кабинетіне жеке-жеке ақша төлейсің. Мысалы, жыртылған көз торшасын жасайтын жыл са­йын­ғы отасы 40 мыңнан аса­ды. Ақыр аяғы көз қысымына да бө­лек төлей­сің», – дейді Мөлдір Нұрайдарова. Аудандағы ауруханадан жолдама алып біткенше, ауруың асқынып кетуі мүмкін. Өйткені облыс емес, қаланың қақ ортасында тұратындар да сақтандыру арқылы көз аурулары бойынша сапалы медициналық кө­мек алып көрмеген.

Көз ауруларын емдеу тегін болғанын көрмедік

«Көз аурулары тегін екенін бірінші рет естіп тұрмын» деп таң­ғалды елордалық Азат Иманқұлов. Айтуынша көзді тексерудің бір зерттемесі үшін 20 мың теңге керек. Сақтандыру туралы сұрай қалса, қолдарындағы тегін қаралатындар­дың тізімін көрсетеді. Ал ол тізімнен әдеттегідей өзіңді табу қиын. Мем­л­екет кепілдік болған зейнеткерлер­дің өзіне көз аурулары бойынша қаралу арман болып тұр. «Соңғы рет 2018 жылы көз аурулары институ­тын­да 120 мыңнан үш рет укол сал­дырды. Талдау нәтижелері мен дә­рі­гердің қабылдауы, дәрісі мен кө­зіл­дірігін қосқанда 500 мың болды. Тұрғылықты жерден жол­дама алып бардық, бірақ ол жерде барлығы ақы­лы деп түсіндірді. Был­тыр МӘМС арқылы жеке емха­наға тір­келдік. Бірақ бұл жерде де жолдама бермейді. Ары кетсе өзде­ріндегі оф­тальмологқа жібереді. Оның қа­былдауын жарты ай кү­тесің. Өйткені дәрігер клиникаға үш күн демалып, бір күн келеді. Сөй­тіп барғанда қағазға ем жазып береді. Берген емі бойынша дәрі­сін, уколы мен систе­масын да ақы­лы түрде аламыз», – дейді зейнет­кердің ұлы Мақсат. Көріп отырғандай, қағаз жүзінде оңай көрінетін тегін қызмет тұрғын­дарды табаннан тауысып, науқас­тардың жүйкесіне салмақ салып келеді. Ал емхана тізімін көрсетіп, жолдаманы көргенде жеке клини­калар жүз құбылады. Ретинальды бөлінуге байланысты ауыр опера­циялар көбінесе көз институтында жасалады. Ал осындай ауыр ота үшін мемлекет қаражат құйып жат­қа­нымен, кепілдендірілген қызметті ұзақ күту ауруды асқындырып ала­ды. Амал жоқ, ақылы болса да айт­қан­дарына көнесің. Өйткені жана­рың жарна алып отырғандарға емес, жал­ғыз өзіне керек екені жақсы таныс.