Аңшылық біреуге ермек, енді біреуге азық. Алайда ермек ететін де, азық ететін де, қолдан келсе табыс көзі ететіндер де көп. Заңсыз істейтіндері айтпаса да белгілі. Аң мен құстан маза кеткендей. Соңғы кездері киіктің саны көбейгенін айтып, «алақайлап» жүр едік. Бірақ бұл қуаныштың ұзағынан болуы қиын секілді. Себебі браконьерлік, заңсыз аңшылық өршіді. Арасында шенді-шекпенділер де кездеседі. Оларға жаза тұсау бола алмай тұр. Енді браконьерлікті заңдастыру жайы да айтыла бастады. Ал ол мәселені шеше қоя ма?
Аңсыраған аңшымыз көп
Бұрынғылар «аңсыраса аңшы тоймайды» дейтін. Осы күні де олардың қатары сирек емес, әсіресе киікке шүйліккендер көп. Саны күрт азаюына байланысты 2023 жылға дейін киік атуға мораторий жарияланғанын білеміз. Әйткенмен, елеп-ескеріп жатқандар шамалы. Өткен жылдың аяғында ресми биліктің табиғатты қорғауға жауапты өкілдерінің бөркін аспанға атқызар дерек тіркелді. Соңғы жылдары құлдырап кеткен киік саны екі есе өсіп, 842 мың бастан асты. Өсу болғасын тегін олжа санап, аңду бар. Бізде бір сауал: заң бұзғандардың арасында шенеуніктер немесе ауқаттылар бар ма? Өйткені елде киік пен арқар атуды заңдастырып алуды көздеп жүрген ықпалды адамдардың бары жиі айтылады. Статистикаға сенсек, ұсталған әрбір 10 аңшының 8-і тұрақты жұмысы жоқ, күнкөрісіне айналдырғандар болып шығады екен. Ал Ақтөбе облысында 2021 жылы ұсталған 111 заңсыз аңшының 7 азаматында ғана тұрақты табысы болған. 96-сы шалғай ауылдарда тұрады. Жұмыссыздардың басым бөлігі ауылдарда екені анық. Аңшы байымайтыны әуелден белгілі, ендеше киік етін қарын тойғызар азығына, мүйізін азғантай табыстың көзіне айналдырып алғандар болғаны ғой. Былтыр бір ғана қазан айында ел аумағында 2442 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісі тіркелген. Аз емес. Шамалап қарасақ, әр ай сайын осынша заңсыздық тіркелсе, жылына 25 мыңға жуықтайды. Биыл да сол баяғы сарсаң. Жыл басталмай жатып-ақ заңсыз ату мен балық аулау жиілеп кетті. Браконьерлер қатарын қарапайым ауыл азаматтары емес, лауазымды тұлғалар толтыратын болып жүр. Сенім артқан инспекторлар да қалыс қалар емес. Ақмола облысында 13 қаңтар күні Ерейментау аудандық полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы Ақсуат ауылы маңында аң шаруашылығының 40 жастағы қорықшысын ұстаған. Жедел-тергеу тобы күдіктіден «Иж-54» маркалы қосауыз мылтық, 12 калибрлі мылтық, еліктің еті және орман шаруашылығына тиесілі қарда жүретін көлікті тапқан. Ал 6 қаңтарда Ақтөбе облысында балық аулаймын деп бүтін бір аудан шенеуніктерінің басы бәлеге қалған еді. Ырғыз аудандық сотының төрағасы мен прокурорынан бастап, аурухананың бас дәрігері мен Төтенше жағдай басқармасының бастығына дейін жаңа жылдан кейін саятшылыққа шыққан. Қорықтың ерекше қорғауда екені шенді-шекпенділерді алаңдатпаса керек. Ақыры инспекторларға ұсталып, тыйым салған аймақта тайраңдағаны үшін айыпты болды. Былтыр қазанда Жамбыл облысында заңсыз аңшылық құрған ауыл әкімі ұсталған еді. Ақыры айыппұлмен құтылып тынды. Демек, аңсырап жүрген қара халық қана емес, шенділер де бар. Өлген әрбір киік мемлекетке шығын. Алдыңғы жылы елде 727 киік еті мен 3 489 мүйіз тәркіленген. Сол кезде елдің табиғи байлығына 2,4 млрд теңге зиян келген екен.Жауаптылар бейжай қарап отыр ма?
Киікке қатты алаңдайтындай жөніміз бар. Әлем бойынша киік популяциясының 95 пайызы Қазақстанда. Жауапсыздық танытсақ, жер бетінен тағы бір жануардың жоғалып кетуіне айыпты боларымыз хақ. Әрине, билік қарап отырған жоқ, заңды қатаңдатып, браконьерлерге тосқауыл болуға тырысып-ақ жүр. 2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылды. Қазір браконьерлік қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл салып, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралады. Дегенмен браконьерлік азаймады. Жазықтыларды жаза да тоқтатпайтын тәрізді. Енді не істемек керек. Кейінгі кезде Экология министрлігі табиғат жанашырларының тарапынан жиі сынға қалып жүр. Себебі ведомство киік тағдырына бейжай қарауды шығарғанға ұқсайды. Оның біз де аңғардық. Мысалы, 2020 жылы «Орталық – Батыс» тасжолына байланысты шу шықты. Елордадан шыққан көлікті Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өткізіп барып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шығаратын жол Қазақстандағы киіктің үш популяциясының ең үлкені – Бетпақдала популяциясының көшіне кедергі болатыны айтылды. Экологтар мәселенің шешімін де қоса ұсынған. Бар болғаны жолды айналма етіп салса жеткілікті. Киік көшіне тосқауыл қойылса, санына лезде кері әсер етеді. Оның үстіне үлкен тасжолдың бойымен жүріп, браконьерлер аңды оңай атып алады. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әртүрлі сылтау айтып, жолдың жоспарын өзгертпеді. Сонда Экология министрлігі жауапты орган ретінде «бас изеуден» басқа еш амал жасамағанын көрдік. Басқа жайларды айтпағанның өзінде, табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет министрлік қолдан келер біраз мәселені шешпей отырғанын, тіпті шешудің жолдарын қарастырмай отырғанын айтады. – Киік санының жылдық өсімі 40-50 пайыз екенін ескерсек, биыл саны 1,2-1,5 млн-ға дейін өседі деп күтеміз. Киіктерді қорғау қиын соғып бара жатыр. Инспектор мен техникалар жетіспейді. Браконьерлік өршіп тұр. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында киіктерді қорғау үшін резерват құруды тапсырды. Мәселе әлі де тұралап тұр. Экология министрлігі ұмытып кеткендей. Киіктердің санын реттеу үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет. Ақбөкен дериваттарын заңдастырған абзал. Яғни, Экология министрлігі киіктердің мүйізін, терісін сатуды жүзеге асыратын ресми орган болуы тиіс. Браконьерлікті осылай заңдастыруға болады. Бірақ киік санын реттеп отырған жөн. Ал сатудан түскен барлық ақшаны тек табиғатты қорғауға жұмсаған жақсы. Шындығы сол, арабтардың инвестицияларының арқасында ғана біздің елде бүкіл фауна қорғалады. Олардың ақшасы болмаса киіктер мен басқа да «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың саны көбеймес еді. Инспекторлардың техникалық базасы ескі. Оған мемлекет нақты ақша қарастырмайды, – дейді маман. Бұған қоса Экология министрлігі лоббистерге тосқауыл қоюы керек екен. Себебі көптеген аңшы мен кәсіпкер ақбөкен мен арқар атуды өз қолдарына алғысы келеді. Тіпті, бірнеше рет тырысып та көргенге ұқсайды. Бұның алдын алмаса, үлкен қателікке ұрынарымыз хақ. Ал браконьерлікті мемлекет заңдастыруы әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, саны өсіп, қауіп сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін саудалауға болады. Аустралия кенгурудың етін әлемнің елдеріне экспорттайды. Мұндай диеталық және құнарлы азық түріне деген сұраныс көп. Қош, бұл мәселе кейін де талқылана жатар. Қазір бәрінен бұрын «заңсыз аңшылықты қалай тоқтатамыз?» деген сауал өзекті. Жаза тосқауыл бола алмаса қайтпек керек?