Бұғаусыз кеткен бағаға тоқтам бар ма?

Бұғаусыз кеткен бағаға тоқтам бар ма?

Үй жанындағы дүкендерде азық-түлік бағасы бетімен кетіп, күннен-күнге бой берер емес. Үнемдегісі келетіндер қала ма­ңын­дағы базарларға сабылып жатыр. Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнына қосылатын үстемақы 15 пайыздан аспауы тиіс. Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны 0,2 пайызға өскен. Әсіресе, үй маңында орналасқан шағын дүкендер ойына келген бағаны қойып отыр. Елімізде тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру факті­лерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылған. Бүгінде агенттіктің сенім телефонына 2000-нан аса өтініш келіп түскен, оның ішінде 50 пайызға жуығы Алматы тұрғындарынан, 30 пайызы астаналықтардан және 20 пайызы басқа өңірлерден жолданған. Соның ішінде 70 пайызы әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, сүт пен ет өнімдері, көкөніс, жеміс және нан бар. Мәселен, Алматыда өнімдер қысқа мерзімде кем дегенде екі есе қымбаттады. Үй маңындағы дүкендерде нан, жар­ма­лар, күнбағыс майы екі-үш есе шарық­тап кеткен. Оның тағы бір себебі «Қаң­тар трагедиясынан» екені анық. Себебі қала әкімдігінің мәліметінше, 1 600 кәсіпкерлік нысанға 67,4 миллиард теңге шығын келген. Оның 95,4%-ы – шағын және орта бизнес нысандары, шығын сомасы – 42,9 миллиард теңге. Сауда орындары тоналып, қабырғалары қирады. Кейбірі әлі жұмысын жандан­дырған жоқ. «Қаңтар оқиғасы» кезінде үй жанындағы азық-түлік дүкендер жұмыс істеп тұрды. Сұраныс артқан уақытта саудагерлер оңтайлы тұсты пайдаланып, бағаны көтеріп жіберді. Бұл бағаны бақылауда ұстайтын жауаптылардың жұмысына сын. «Қазақ­стан тұтынушылар лигасы» қауымдас­тығының президенті Светлана Рома­новская да осы ойды қуаттап, бағаны бақылау және тұтынушыларды қорғау бойынша жұмыстар жүргізілмейтінін растап отыр. «Алматыда Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің штатында бірнеше адам жұмыс істейді және олар барлық кәсіпкерлерді тексере алмайды. Бұл ретте қоғамдық ұйымдар жұмысқа тартылмайды, ал құқық қорғау орган­дары мен әкімдіктің сатып алушылардың шағымдарымен жұмыс істеу үшін қа­жет­ті білімі мен құзыреті жоқ. Мемле­кеттік органдар іс жүзінде белсенді емес» деп отыр С.Романовская. Алматыда күн сайын 1 773 үй жа­нындағы дүкенде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша мониторинг жүргізі­леді. Нәтижесінде 7 ауданның (Түрксіб ауданынан басқа) 61 дүкенінде баға қолдан қымбаттатылғаны анықталды. Бүгінде күнбағыс майы 15%-ға (920-дан 780 тг/л); сүт өнімдері 5%-ға (айран 315-тен 300 тг/л, сүт 295-тен 280 тг/л); әлеуметтік нан 10%-ға (100-ден 90 тг/л); 1 сұрыпты ұн 10,2%-ға (245-тен 220 тг/келіге дейін); қант 5,7%-ға (350-ден 330 тг/келіге дейін) арзандаған. Қалған 1 810 дүкен бойынша жұмыс жақын уақытта аяқталады. Мониторинг бойынша жұ­мыс тұрақты негізде жалғасады.

МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР НЕГЕ НАРАЗЫ?

Маңғыстау жұрты да азық-түлік ба­ғасына наразы. Жыл басынан бері Ақ­тауда, Түпқараған мен Мұнайлы ауда­нын­да дүкен иелері үстеме бағаны 25-30%-ға дейін көтергені анықталды. Оларға ескерту жасалды, баға тағы да негізсіз көтерілсе, онда айыппұл салы­нады. Кәсіпкерлер бағаның қымбат­тауы­на көтерме сауда орындарын се­бепкер дейді. Шын мәнінде қалай? Ақтаудағы ірі көтерме сауда база­ры­на көкөніс Павлодар, Тараз, Қарағанды мен Ресейден, ал жеміс-жидек Иран, Түркіменстан, Өзбекстаннан әкелінеді. Мәселен, картоптың 1 келісі 145-150 тең­геден сатып алынып, Маңғыстауға те­міржол және жүк көлігімен жеткі­зіледі. Былтыр желтоқсанда елімізде сәбіз бен картопты экспортқа шығаруға уақытша тыйым салынғаны мәлім. Демек, көтерме сауда бағасы әлі де ар­зан­дайды деп отыр тасымалдаушылар. – Біздің бағамыздың тұрақтануы өнімдеріміздің шетел аспауымен байла­нысты. Қазір үлкен қор Павлодарда. Ақтауға дейін тасымалдауымызға 45-50 теңгедей кетеді. 190 мен 200 теңгенің ара­сында сатамыз көтерме бағамен. Капустаның ең арзаны Қазақстан бо­йынша осы Маңғыстауда. Иранға жа­қын болғасын бізде арзан. 190-200 теңге. Картоп 250-300 тоннаның шамасында бар, пиязда сол шамада қоймалары­мыз­да. Аймақта көкөніс бағасын тұрақ­тан­дыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Кейбірі әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы ар­қылы 100 млн теңгеге дейін көмек алған. Берешек қаржы 6 айға 0%-бен беріле­ді, – кәсіпкер Нұрпейіс Назарғали. Көтерме сауда, бөлшек сауда бол­сын, екеуінде де өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстемеақы қосуға болмайды. 7000-нан аса кәсіпкердің қа­тысуымен жүргізілген зерттеу көрсет­кендей, кәсіпкерлердің 97 пайызы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды білмейді, 70 пайызы қолданыстағы заңдардан хабарсыз екен. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатпайды. Ескертуді елемегендерге енді 204-бап бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

КӘСІПКЕР ҚАЙТІП КҮН КӨРЕДІ?

Дүкен иелері халықтың қалтасы кө­теретін құннан асырмай, заңның ая­сын­да жұмыс істеуі тиіс. Бірақ олар­дың да жағдайы мәз емес. Індет. Каран­тин та­лаптары. Жаңа салықтардың енгі­­зілуі қарыз алып, кәсіп ашқан кәсіп­керлерді әбден мезі еткен. Мысалы, Қа­рағанды облысы Теміртау қаласында шағын дүкенге бір айда 18 рет тексеру жүргізілген екен. Кәсіпкер ақыр соңын­да дүкенді жауып тыныпты. «Айыппұл төлеу үшін ғана жұмыс істеп жүрген секілдімін» деп отыр көбісі. Пандемия кезінде кәсіп­кер­лік нысандарды тек­серуге бағытталған «Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар», «Акцизделетін тауар­лар­ды таңбалау» сынды көптеген қанат­қақ­ты жобалар жүзеге асты. Кәсіпкерлер зерт­ханадағы қоян секілді болудан мезі болғанын айтып жатқаны бірінші рет емес. Онсыз да тығырыққа тірелген кез­дерде қанатқақты жобалардың іске қо­сылуы одан сайын жағдайды қиындатып жібергендей. Айтпақшы, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн са­лығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркеу есе­біне қою шегі айлық есептік көр­сет­кіштің 30 000-нан 20 000-ға еселеген мөлшеріне дейін төмендетілді. ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең төменгі айналым тиісті жылдың 1 қаңтарында қолданыстағы респуб­ли­калық бюджет туралы заңда белгіленген АЕК-тің 20 000 еселенген мөлшерін құрайды. 2022 жылы АЕК 3 063 теңге мөлшерінде белгіленген, демек ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең аз айналым – 61 260 000 теңгені құрайды. Бұған дейін, 2021 жылы 30 000 АЕК, тиісінше – 87 510 000 теңгені құраған. Бұл жылдық айналымы осы көрсет­кішке жеткен барлық кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші болады дегенді білдіреді. Мұ­ның арты шығындардың өсуіне, шағын дүкен иелеріне бухгалтер жалдау қажет­тілігіне, бизнестің осы саласының көп­теген өкілдерінің жеңілдетілген режим­нен жалпыға бірдей белгіленген режим­ге ауысуына әкеледі. Үй жанындағы дүкен иелері мұндай жүктемеге төтеп бере алмай, 2023 жылға қарай олардың жартысы жұмысын тоқтатуы мүмкін. 2019 жылы Президент 2023 жылға дейін жас бизнесмендер санын 30 мыңға дейін көбейту міндетін қойған. Ол үшін қа­зынадан 5 млрд теңге қаржы бөлінген еді. Қош, Президент пәрменінің қалай орындалғанын бір жылдан кейін көре жатармыз. Бірақ келесі жылға үй жанындағы дүкендердің саны азаймаса, көбейеріне күмән бар. «Бизнес бастау үшін несие алған­мын. Енді ҚҚС төмендетілді. Қалай есептеу керектігін білмейміз. Мен өз дүкенімді сатылымға қойдым, бірақ оның қашан сатылатыны белгісіз. Өкініштісі, одан түскен қаржыға қа­рызымнан толығымен құтыла алмай­мын» дейді кәсіпкер Айболат Назар. Былтырғы жылдың аяғында елі­міздегі үй жанындағы дүкен иелері билік пен қоғамның назарын өздеріне ау­дартуға барынша тырысып бақты. Әлеуметтік желілерде бейне үндеулер жолдап, ЭШФ мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды жазып беруді болдыр­мауды, сүт өнімдеріне таңбалаудың енгізілуін тоқтатуды (айтпақшы, кейі­нірек Үкімет бұл идеядан бас тартты) және ҚҚС бойынша шекті төмендет­пеуді талап еттті. Бірақ талаптары орын­далмады. Сондықтан кей кәсіпкерлер қаражаттың қамымен заңды елемей, халық күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасын қолдан өсіріп отыруы мүмкін.