Қилы тағдыр: Сібірде шаңырақ құрған отбасы
Қилы тағдыр: Сібірде шаңырақ құрған отбасы
Әсипа Бәжекенова
562
оқылды
Былтыр қараша айының басында семейлік тарихшы Мұхтарбек Кәрімов ағамыз телефон шалып, Өскеменде Әсипа Бәжекенова деген кісінің тұратынын, бұл адам 1941 жылы Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауданында құрылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» жасырын жастар ұйымының белсенді мүшесі болған Сейітқали Бәжекеновтің жұбайы екенін айтты. «Толығырақ Оралда тұратын, осы тақырыпты зерттеген, кітап жазған, журналист Аманкелді Шахин ағаңнан сұрап аларсың, Әсипа апаның телефонын да сол кісі береді» деді. Бірден Аманкелді Шахинге хабарласып, Әсипа апаның телефонын алып, жолығуға асықтым. Әжеміз тоқсанға таяп қалса да тың, сөзі ширақ екен. Төрт сағаттай әңгімелестік.

1941 жылы Қазақстанды КСРО-дан бөліп алмақ болған жастар

– Сіз «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының белсенді мүшесі болған Сейітқали Бәжекеновтің Құдай қосқан қосағысыз. Сіздердің тарихтарыңыз ерек­ше тарих. Сіз Шығыстың қызысыз. Ол кісі Батыстан. Қалай таныстыңыздар? – Иә, мен Шығыстікі, ол Орал­дікі. Орал болғанда Фурманов ауданы, Фурманов селосынан (қазіргі Казталов ауданы, Жалпақтал ауылы). Олар 9 клас­тан кейін 10 кластың оқушыларымен таласып, емтихан тапсырып, бес алып, 1940 жылы Оралдағы институтқа түскен. Оралға барардың алдында яғни, 9 класта оқып жүргенде: «Қазақ халқының жағ­дайы қиындап барады. Партия мен үкі­меттің саясаты ұлтты жоюға бағытталған. Бізді қорғайтын, бас көтерлеріміздің бәрін түрмеге отырғызды. Енді біздер жиналып, бір әрекет істеуіміз керек» деп жолдастарымен ақылдасады. Оқуға түс­кеннен кейін, 1-курста жүргенде: «Ал­дымен «Қазақстанды КСРО-дан бөліп шығарыңдар» деп Сталинге, Калинин­ге хат жазайық. Егер келіспесе, қарулы кө­теріліске шығамыз» дейді. Айт­қандарын істейді, КСРО Жоғарғы кеңесі прези­диумының, КСРО Халық комиссарлары кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төр­ағаларына өз есім­дерін көрсетпей хат жазады. Бір хатқа «ГАКСИМ» деп қол қойыпты. Жауап бол­маған соң қарулы көтеріліске дайын­дала бастайды, «қаруды қайдан аламыз, қиын жағдай туса қайда барамыз?» деп бәрін ақыл­дасады. Ертең көтеріліске шығамыз деген күні іштерінен сатқын шығып, бәрін жеткізіп қояды. Сөйтіп, барлығын бір-ақ түнде тұтқындайды. «Кім бас­таған?» дейді. 19 жастағы Ғұбаш Әнесов «мен» депті. «Бұған сені кім итер­меледі?» деп сұрапты. «Ешкім емес. Өзім бастадым. Қазақтың жағдайы қиын бо­­лып барады. Бөлек шықпасақ бол­май­ды» деп жауап беріпті тергеушіге. Бұдан кейін аясын ба? Әнесті 1943 жылы ату жазасына кеседі. Қалған 13 адамды 10, 8, 5 жылға соттайды. қилы кезең Сібір – Сіздің жұбайыңызға 10 жыл кес­кен ғой. – Осы ұйымның мүшелері Сейітқали Бәжекенов, Сатқали Молдағалиев пен Ғұмар Тұрымов 10 жылға, Иғали Мұ­хамбетқалиев, Мұхамбетжан Нұралин, Сай­долла Шорабаев 8 жылға, Өтеген Ама­нов, Мәннап Ахметов, Мәззап Әлиев, Қамал Мақұлбаев, Иманғали На­сыров, Сүндетқали Қаражанов, Қайыр­ғали Сапаралин 5 жылға сотталған. Ах­ме­тов пен Әлиев Ақтөбенің еңбекпен түзеу лагерінде, Сапаралин тергеу кезінде қаза тапқан дейді. «Түрмеге кірдім. Қан­шама шақырым ат шанамен жүрдік. Әрқайсымызға бір-бір ат шана. Бір солдат, бір арбакеш. Жаңа жылдың алды. Темір есікті салдыр-гүлдір еткізіп, түр­меге кіргізді. Біздің қазақтың өміріндей емес, бөлмелері тап-таза. Әппақ төсек, әппақ ақжайма. Қара бұжыр бір жігіт жатыр. Бос төсектің біріне барып отыр­дым да: «Түрме осы ма?» деп сұрадым. Маған қызық болды. Кейін көресінді көрдік қой. Әйтеуір, өлмей тірі қалдық». Еріксіз езу тартасың. Ол кезде Сейітқали 17 жаста, бала ғой. Түрменің не екенін қайдан білсін?! – Білуімше, сіздің әкеңіз бен Сейіт­қали Бәжекенов Сібірде түрмеде бірге отырған. – Менің әкем Темірқан Саринов Қатонқарағайдың Балғын ауылының тумасы. Жетім өскен екен. Өзінің алдын­дағы жеті бала бір жылға жетпей шетінеп кетіпті. Содан әкем дүниеге келгенде «қазақта ер адам балтамен кіндік кессе, бала тұрақтайды» деп кіндігін балтамен кесіпті. Әкем ер жетіп, бұрынғы Үлкен Нарын ауданының бір колхозына бастық болады. Сол уақытта соғыс басталып, ат­ты әскерге алмақ болып жатқанда со­ңынан домалақ арыз түсіп, «Үкіметті жа­мандады, Халық жауы» деген жалған жала жабылып, 10 жылға Сібірге айда­лады. Жолдасым Сейітқали мен әкем түрмеде бірге болыпты, бірге жұмыс істеп­ті. Зауыт салған. Мұз қазған. Ол жақта үйлерді мұздың үстіне салады. Ол кезде әкем 35-те, Сейітқали 17-де болған. «Жұмыс өте ауыр. Тау-тасты қопарамыз. Сосын ол тастарды вагондарға тиеп, жөнелтеміз. Істеген жұмысымызға қарай нан тілімдерін береді. Еріншектер әлім­жеттік жасап қолыңдағы наныңды немесе тасыңды тартып алады. Тасыңды тартып алса, нан ала алмайсың. Сонда сенің әкең мені үнемі қорғады. Неше рет тамұқтың аузынан алып қалды. Сенің әкеңнің арқасында тірі қалдым ғой» деп айтып отыратын Сейітқали. Әкем бала деп жаны ашып, қорғаған болуы керек. – Жолдасыңыз түрмеде 10 жыл отыр­ғаннан кейін елге қайтарды ма? Әлде? – Қайдағы қайтарған? Кесімді 10 жыл мерзімі біткеннен кейін босатқан. Бірақ елге қайтармаған. «Қылмыскер ретінде өмір бойы Сібірде қаласың» депті. «Түрмеден шығарғалы жатыр. Қу жаным ғана қалған. Арықпын. Түрменің кісілері бір қағаздарды толтырып жатыр. Бір­деңелерді айтып жатыр. Бір сөзі де миыма кірмейді. Мең-зеңмін, әбден әлсірегенмін. Бір уақытта милицияның біреуі маған қарады да: «Бар» деді. «Қайда барам?» деппін сасқанымнан. «Қайда барсаң, онда бар. Сен боссың. Тек айына екі рет келіп, қол қойып тұрасың. Норильскіден 100 шақырым жерге шы­ғуға болмайды» деді. Түрмеден шықтым, мас адам секілді тұрмын. Қайда бара­рымды білмеймін. Басым ауған жаққа жүре бердім. Бір кезде біреу: «Серёга» деп айқай салды (Түрмедегі лақап аты). Қарасам, бір орыс тұр. Танымаймын. Сөйтсем, түрмеде бірге отырған неміс екен. «Серёга, ты че освободился?» деді. «Жаңа ғана босадым» дедім. «Қайда барасың?». «Білмеймін». – Бұл қай жыл сонда? – 1951 жыл. – Айта беріңіз. – «Жарайды, тұр осында. Мен қазір КГБ-ға белгіленіп шығамын» деді де кетіп қалды. Әлгі неміс зауытта істейді екен, үйі бар. Мені үйіне алып барды. Дастархан жайды. Менің қу жаным ғана қалған» дейтін Сейітқали. Шынында, мен Норильскіге барғанда өңі қу шү­беректей, өте әлсіз, терісі сүйегіне жа­бысып тұрған болатын (шынашағын көрсетті). Мен онда 1952 жылы бардым ғой. құжат Сібір

Норильскідегі неке

– Әже, ол тақырыпқа қазір келеміз. Әңгімеңізді жалғастыра беріңіз. – «Сонан 250 грамдық стаканға спиртті құйды. Өзіне де құйды. «Мынаны ішіп салайық» деді. «Ойбай, мынаны ішсем, өлем ғой». «Жоқ, 10 жыл өлген жоқ­сың. Енді өлмейсің. Тарт» деді. Ішіп салдым. Ары қарай есімде жоқ. Ұйықтап кетіппін. Таңертең оятты, тамақты берді де: «Қазір базарға барасың. Қазақтардың базары бар. Онда қазақтар да, өзбектер де бар. Сол маңда жатақханалары да бар» деді. Базарға барсам, расында да, қа­зақ­тар мен өзбектер жүр екен. Көбі – өзбек. Жөн сұрасқаннан соң сол жердегі кі­сілердің бірі: «Анау тұрған бараққа бар, орын табылады» деп жөн сілтеді. Айт­қандай, барақтан бір бөлме берді. Еш­қайда баруға болмайды. Сол жерде екі ай жаттым. Бұл жатақханада түрмеден бо­сап, елге қайта алмай жүрген қазақтар тұ­рады екен. Барлығы зауытта жұмыс іс­тей­ді. Мені екі ай жақсылап күтті. Екі айдан кейін: «Сен біз құсап зауытқа жұ­мысқа жарамайсың. Ол жаққа күшті адам керек. Барсаң да алмайды. Осында «Но­рильскторг» деген сауда мекемесі бар. Соған сатушы керек деп естігенбіз» деді сол жердегі жігіттердің біреуі. Бардым. Бір қария кісі отыр екен. «Қане, қыздар, есептетіп көріңдерші» деді. «Екіге екіні, үшке үшті көбейтсең қанша болады?» деді. Соны шығара алмадым ғой. Әбден әлсіреп, ми істемей қалған. «Мына есектен сатушы шықпай­ды» деп сондағы әйелдер мазақ қып күлді. Әлгі қария орнынан тұрып: «Балам, қай лагерьден шықтың?» деді. «Горлагтан». «Түсінікті, тірі шыққаныңа тәубә. Саған жұмыс табамыз» деді қария. Содан не керек, сол маңдағы түрмелердің біріне буфетші, яғни тамақ тасушы қылып жұмысқа ор­на­ластырды» дейтін Сейіт­қали. Сол жы­лы тамыз айында менің әкем де түрмеден босап шығады. Сейітқали екеуі жолығып, араласып жүреді. Темір­жол әкеме үй береді. Жалғыз өзі сонда тұрып жатады. Сейітқали келіп тұратын көрінеді. Бір күні әкем: «Сейітқали, бізге елге қайтуға ұлықсат жоқ. Өмір бойы осы Сібірде қа­ламыз. Қағазда солай жазды. Отбасы­мыз­ды көрмейміз. Сен қалай ой­лайсың, менің отбасым онсыз да қуғында жүр. Алыс емес, осы Красноярскінің төңі­ре­гінде. КГБ-ға барсам, отбасымды осында жібер деп хат жазсам қайтеді?!» деп ақыл­дасады. Сейітқали сауатты ғой, хатты жақсылап жазып береді. КГБ бізді Но­рильскіге әкелуге келісім береді. Сөй­тіп, жолға шықтық. Тілші толғанысы: Содан не керек, Темірқан Сариновтың жұбайы шиеттей төрт баланы жетектеп Красноярскіден Норильскіге жолға жиналады. Әуелі Красноярскідегі вокзалда 16 күн түнейді. Тамақ жоқ, құр суды талғажау етеді. Ақшаларын жоғалтады. Көп қиындық көріп, бір айдай жол жүріп, арып-ашып әрең дегенде Норильскіге жетеді. – Әкемнің үйі вокзалдан алыс емес екен. Таудың етек жағында, төменде – теміржол. Әкеме үйді теміржолдан берген ғой. «Осы жерден ары қарай жаяу жүреміз» деді. Жаяу келе жатсақ әкемнің үйінің алды толған кісі. Өзбегі бар, қыр­ғызы бар, қазағы бар. Есік алдына жетіп едік, бәрі бізді қылқындыра құшақтап, айқай салып жылады-ай келіп. Бәрі де түрмеден шыққан, елге қайта алмай, отбасын сағынып жүрген жандар ғой. «Темірқанның отбасы келді» деп кезек­пен бәрі келе береді, келе береді. Бір жұма осылай болды. Шешем екеуміз шайді құя-құя шаршадық. Шай ішеді, іше отырып, көңілдері босап, жылайды. Ауылдың, елдің жағдайын сұрайды. – Сейітқали Бәжекеновті бұл кезде танымайсыз ғой? – Танымаймын. Суретін әкем жі­бер­ген фотодан ғана көргем. Бір күні үйге кіре бергенім сол еді, бір қазақтың қызы жүгіріп шықты. «Сәләметсіз бе!» деп едім, «Здрасти» деді. Мен орысша біл­мей­мін, үн-түн жоқ, үйге кірдім де кет­тім. Ана қыз артымнан келіп орысша сөйлеп жатыр. Оны тыңдап жатқан мен жоқ. Төр жаққа шешемнің жанына ба­рып едім: «Әкон, қонақтар шай ішіп бол­ды, ыдыс-аяқтарды жинап ал» деді. Әлгі қыз Сейітқалидың мойнына асы­лып, тізесіне отырды. Арасында құшақ­тап, сүйіп қояды.  – Ол қыз кім екен? – 16-17 жас шамасында болу керек. Сейітқали өзімен бірге ертіп келіпті. Ол қыз Норильскіде Детдомда тұрады екен. Қазақтың қызы. Әке-шешесі соғыста болған дейді. Кейін осында келіп, әке-шешесімен бірге тұрып жатқан көрінеді. Кейін білдім, «Бұл қалада қазақ қыздары жоқ. Елге кете алмайсың. Сонда мен орысқа үйленем бе? Мына қыз орысша сөйлесе де қаны қазақ қой» деп Сейітқали бұл қызға үйленбек болыпты. Сөйтіп, онымен жүріп жүрген кезі болуы керек. Ол бойжеткеннің Сейітқалиды жақсы көргені рас. Кейін, тіпті біз үйленгеннен кейін де «Мен Сейітқалиды жақсы көрем» деп келіп жүрді. Әсипа апа отбасымен Тілші толғанысы: Екі айдан кейін екі жас тағдырдың жазуымен сонау Сібірде, Норильск қаласында шаңырақ көтереді. Шағын той жасайды. Әжеміз той болған күнді әлі ұмытпапты. – Ұмытпасам, қазан айы. Біз Нориль­скіге тамыздың 28-і жеттік. Қазанның 12-сі күні тойымыз болды. Жатақханадағы кісілердің бәрі келді. Бірі кіріп, бірі шығады. Екі бөлмеге үстел жайылды. – Неке қию, беташар болды ма? – ЗАГС-ке барып едік, маған «кәме­леттік жасқа толмағансың» деп некемізді тіркемеді. Той жақсы өтті. Қазақтар көп болды. Бәрі батасын берді. Домбыра тар­тылды, ән айтылды. – Домбыра қайдан жүр Сібірде? – Біздің үйде баян да, аккордеон да болды. «Түрмеде болғанда домбыраны өзім қолдан жасап алдым» дейтін әкем. Тілші толғанысы: Осылай Сібірдегі өмір жалғаса береді. Сейітқали Бәже­кеновтің екі ұлы Норильск қаласында дүниеге келеді. Бір қызығы, әке-шешесі балаларына мұны айтпаған екен. Көп жылдан кейін туу туралы куәліктерін көріп, таңғалыпты. Ерлі-зайыптылар ел­ге 1958 жылы оралып, Өскеменге ке­леді. Сейітқали Бәжекеновке туған же­ріне баруға рұқсат етілмейді. Алайда екі-үш жылдан кейін ағаларының ша­қы­руымен Жалпақталға барып, біраз уақыт жұмыс істейді. Сөйтіп жүргенде бұрын өздерін ұстап берген «досын» көріп, бір түнде Өскеменге қайта оралады. 1999 жылы өмірден өткенге дейін тас қалаушы, жинақ кассасында инкассатор, облыстық банкте инспектор секілді жұмыстарды істейді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан ке­йін қырқыншы жылдары жазықсыз жа­заланған 13 серігінің жоғын жоқтап, ақ­тау ісімен шұғылданып, 1995 жылы туған жеріне арнайы барып, олардың ақталғандығын айғақтайтын құжат­тарды тапсырады. Ал Әсипа әжеміздің әке-ше­шесі 1956 жылы елге оралады. Өкініштісі, ауа райы жақпады ма әлде көз тиді ме, Сібірде дүниеге келген 4 бала бір түнде шетінеп кетеді. «Олар кли­матты көтере алмады, 80 градус суықтан келді ғой», – дейді Әсипа әжей.

ТҮЙІН

Әсипа әжемізбен әңгіме төрт сағатқа созылса да, кейіпкеріміз сыр білдірген жоқ (әлде шаршағанын білдірмеді ме?), ке­рі­сінше жас болсам да мен шаршағандай бол­дым. Осыдан екі-үш күн бұрын сұхбат­тың кейбір тұстарын нақтылайын деп үйіне те­лефон соққанымда телефон тұтқасын бас­­қа кісі көтерді... Туған сіңлісі екен. «Бір күн бұрын, 88 жасқа қараған шағында Әси­па апаң қайтыс болды» деді. Әсипа әжеміз Алаштың азаттығын аңсап, басын бәйгеге тіккен 14 азаматтың бірі Сейітқали Бәже­кеновтің өмірлік серігі ғана емес, өзі де сол ызғарлы заманның ызғарына қа­рыл­ған соңғы куәгерлердің бірі еді. Соңғы куә­гер­мен соңғы сұхбат болады деп кім ойлаған?!

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Шығыс Қазақстан облысы.

Суреттер мен құжаттар Аманкелді Шахиннің жеке мұрағатынан алынды.