Былтыр қараша айының басында семейлік тарихшы Мұхтарбек Кәрімов ағамыз телефон шалып, Өскеменде Әсипа Бәжекенова деген кісінің тұратынын, бұл адам 1941 жылы Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауданында құрылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» жасырын жастар ұйымының белсенді мүшесі болған Сейітқали Бәжекеновтің жұбайы екенін айтты. «Толығырақ Оралда тұратын, осы тақырыпты зерттеген, кітап жазған, журналист Аманкелді Шахин ағаңнан сұрап аларсың, Әсипа апаның телефонын да сол кісі береді» деді. Бірден Аманкелді Шахинге хабарласып, Әсипа апаның телефонын алып, жолығуға асықтым. Әжеміз тоқсанға таяп қалса да тың, сөзі ширақ екен. Төрт сағаттай әңгімелестік.
1941 жылы Қазақстанды КСРО-дан бөліп алмақ болған жастар
– Сіз «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының белсенді мүшесі болған Сейітқали Бәжекеновтің Құдай қосқан қосағысыз. Сіздердің тарихтарыңыз ерекше тарих. Сіз Шығыстың қызысыз. Ол кісі Батыстан. Қалай таныстыңыздар? – Иә, мен Шығыстікі, ол Оралдікі. Орал болғанда Фурманов ауданы, Фурманов селосынан (қазіргі Казталов ауданы, Жалпақтал ауылы). Олар 9 кластан кейін 10 кластың оқушыларымен таласып, емтихан тапсырып, бес алып, 1940 жылы Оралдағы институтқа түскен. Оралға барардың алдында яғни, 9 класта оқып жүргенде: «Қазақ халқының жағдайы қиындап барады. Партия мен үкіметтің саясаты ұлтты жоюға бағытталған. Бізді қорғайтын, бас көтерлеріміздің бәрін түрмеге отырғызды. Енді біздер жиналып, бір әрекет істеуіміз керек» деп жолдастарымен ақылдасады. Оқуға түскеннен кейін, 1-курста жүргенде: «Алдымен «Қазақстанды КСРО-дан бөліп шығарыңдар» деп Сталинге, Калининге хат жазайық. Егер келіспесе, қарулы көтеріліске шығамыз» дейді. Айтқандарын істейді, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының, КСРО Халық комиссарлары кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағаларына өз есімдерін көрсетпей хат жазады. Бір хатқа «ГАКСИМ» деп қол қойыпты. Жауап болмаған соң қарулы көтеріліске дайындала бастайды, «қаруды қайдан аламыз, қиын жағдай туса қайда барамыз?» деп бәрін ақылдасады. Ертең көтеріліске шығамыз деген күні іштерінен сатқын шығып, бәрін жеткізіп қояды. Сөйтіп, барлығын бір-ақ түнде тұтқындайды. «Кім бастаған?» дейді. 19 жастағы Ғұбаш Әнесов «мен» депті. «Бұған сені кім итермеледі?» деп сұрапты. «Ешкім емес. Өзім бастадым. Қазақтың жағдайы қиын болып барады. Бөлек шықпасақ болмайды» деп жауап беріпті тергеушіге. Бұдан кейін аясын ба? Әнесті 1943 жылы ату жазасына кеседі. Қалған 13 адамды 10, 8, 5 жылға соттайды.Норильскідегі неке
– Әже, ол тақырыпқа қазір келеміз. Әңгімеңізді жалғастыра беріңіз. – «Сонан 250 грамдық стаканға спиртті құйды. Өзіне де құйды. «Мынаны ішіп салайық» деді. «Ойбай, мынаны ішсем, өлем ғой». «Жоқ, 10 жыл өлген жоқсың. Енді өлмейсің. Тарт» деді. Ішіп салдым. Ары қарай есімде жоқ. Ұйықтап кетіппін. Таңертең оятты, тамақты берді де: «Қазір базарға барасың. Қазақтардың базары бар. Онда қазақтар да, өзбектер де бар. Сол маңда жатақханалары да бар» деді. Базарға барсам, расында да, қазақтар мен өзбектер жүр екен. Көбі – өзбек. Жөн сұрасқаннан соң сол жердегі кісілердің бірі: «Анау тұрған бараққа бар, орын табылады» деп жөн сілтеді. Айтқандай, барақтан бір бөлме берді. Ешқайда баруға болмайды. Сол жерде екі ай жаттым. Бұл жатақханада түрмеден босап, елге қайта алмай жүрген қазақтар тұрады екен. Барлығы зауытта жұмыс істейді. Мені екі ай жақсылап күтті. Екі айдан кейін: «Сен біз құсап зауытқа жұмысқа жарамайсың. Ол жаққа күшті адам керек. Барсаң да алмайды. Осында «Норильскторг» деген сауда мекемесі бар. Соған сатушы керек деп естігенбіз» деді сол жердегі жігіттердің біреуі. Бардым. Бір қария кісі отыр екен. «Қане, қыздар, есептетіп көріңдерші» деді. «Екіге екіні, үшке үшті көбейтсең қанша болады?» деді. Соны шығара алмадым ғой. Әбден әлсіреп, ми істемей қалған. «Мына есектен сатушы шықпайды» деп сондағы әйелдер мазақ қып күлді. Әлгі қария орнынан тұрып: «Балам, қай лагерьден шықтың?» деді. «Горлагтан». «Түсінікті, тірі шыққаныңа тәубә. Саған жұмыс табамыз» деді қария. Содан не керек, сол маңдағы түрмелердің біріне буфетші, яғни тамақ тасушы қылып жұмысқа орналастырды» дейтін Сейітқали. Сол жылы тамыз айында менің әкем де түрмеден босап шығады. Сейітқали екеуі жолығып, араласып жүреді. Теміржол әкеме үй береді. Жалғыз өзі сонда тұрып жатады. Сейітқали келіп тұратын көрінеді. Бір күні әкем: «Сейітқали, бізге елге қайтуға ұлықсат жоқ. Өмір бойы осы Сібірде қаламыз. Қағазда солай жазды. Отбасымызды көрмейміз. Сен қалай ойлайсың, менің отбасым онсыз да қуғында жүр. Алыс емес, осы Красноярскінің төңірегінде. КГБ-ға барсам, отбасымды осында жібер деп хат жазсам қайтеді?!» деп ақылдасады. Сейітқали сауатты ғой, хатты жақсылап жазып береді. КГБ бізді Норильскіге әкелуге келісім береді. Сөйтіп, жолға шықтық. Тілші толғанысы: Содан не керек, Темірқан Сариновтың жұбайы шиеттей төрт баланы жетектеп Красноярскіден Норильскіге жолға жиналады. Әуелі Красноярскідегі вокзалда 16 күн түнейді. Тамақ жоқ, құр суды талғажау етеді. Ақшаларын жоғалтады. Көп қиындық көріп, бір айдай жол жүріп, арып-ашып әрең дегенде Норильскіге жетеді. – Әкемнің үйі вокзалдан алыс емес екен. Таудың етек жағында, төменде – теміржол. Әкеме үйді теміржолдан берген ғой. «Осы жерден ары қарай жаяу жүреміз» деді. Жаяу келе жатсақ әкемнің үйінің алды толған кісі. Өзбегі бар, қырғызы бар, қазағы бар. Есік алдына жетіп едік, бәрі бізді қылқындыра құшақтап, айқай салып жылады-ай келіп. Бәрі де түрмеден шыққан, елге қайта алмай, отбасын сағынып жүрген жандар ғой. «Темірқанның отбасы келді» деп кезекпен бәрі келе береді, келе береді. Бір жұма осылай болды. Шешем екеуміз шайді құя-құя шаршадық. Шай ішеді, іше отырып, көңілдері босап, жылайды. Ауылдың, елдің жағдайын сұрайды. – Сейітқали Бәжекеновті бұл кезде танымайсыз ғой? – Танымаймын. Суретін әкем жіберген фотодан ғана көргем. Бір күні үйге кіре бергенім сол еді, бір қазақтың қызы жүгіріп шықты. «Сәләметсіз бе!» деп едім, «Здрасти» деді. Мен орысша білмеймін, үн-түн жоқ, үйге кірдім де кеттім. Ана қыз артымнан келіп орысша сөйлеп жатыр. Оны тыңдап жатқан мен жоқ. Төр жаққа шешемнің жанына барып едім: «Әкон, қонақтар шай ішіп болды, ыдыс-аяқтарды жинап ал» деді. Әлгі қыз Сейітқалидың мойнына асылып, тізесіне отырды. Арасында құшақтап, сүйіп қояды. – Ол қыз кім екен? – 16-17 жас шамасында болу керек. Сейітқали өзімен бірге ертіп келіпті. Ол қыз Норильскіде Детдомда тұрады екен. Қазақтың қызы. Әке-шешесі соғыста болған дейді. Кейін осында келіп, әке-шешесімен бірге тұрып жатқан көрінеді. Кейін білдім, «Бұл қалада қазақ қыздары жоқ. Елге кете алмайсың. Сонда мен орысқа үйленем бе? Мына қыз орысша сөйлесе де қаны қазақ қой» деп Сейітқали бұл қызға үйленбек болыпты. Сөйтіп, онымен жүріп жүрген кезі болуы керек. Ол бойжеткеннің Сейітқалиды жақсы көргені рас. Кейін, тіпті біз үйленгеннен кейін де «Мен Сейітқалиды жақсы көрем» деп келіп жүрді.ТҮЙІН
Әсипа әжемізбен әңгіме төрт сағатқа созылса да, кейіпкеріміз сыр білдірген жоқ (әлде шаршағанын білдірмеді ме?), керісінше жас болсам да мен шаршағандай болдым. Осыдан екі-үш күн бұрын сұхбаттың кейбір тұстарын нақтылайын деп үйіне телефон соққанымда телефон тұтқасын басқа кісі көтерді... Туған сіңлісі екен. «Бір күн бұрын, 88 жасқа қараған шағында Әсипа апаң қайтыс болды» деді. Әсипа әжеміз Алаштың азаттығын аңсап, басын бәйгеге тіккен 14 азаматтың бірі Сейітқали Бәжекеновтің өмірлік серігі ғана емес, өзі де сол ызғарлы заманның ызғарына қарылған соңғы куәгерлердің бірі еді. Соңғы куәгермен соңғы сұхбат болады деп кім ойлаған?!
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Шығыс Қазақстан облысы.
Суреттер мен құжаттар Аманкелді Шахиннің жеке мұрағатынан алынды.