Ата-анасы ауруханаға тастап кеткен 2 жасар сәбидің әжесі табылды
Ата-анасы ауруханаға тастап кеткен 2 жасар сәбидің әжесі табылды
Фото: almaty.tv

Алматы қаласында ауруханада 4 айдай ата-анасын күтіп жатқан 2 жастағы баланың әжесі табылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті хабарлады.

Almaty.tv-ның мәліметінше, полицейлер баланы былтыр күзде тауып, оны қалалық №2 балалар аурухасына алып барған. №2 қалалық ауруханада ата-анасын күтіп жүрген екі жасар Тәңірберген осы уақытқа дейін дәрігерлердің қамқорлығында болды. Дені сау, ата-анасы хабарсыз кеткен соң ауруханада жүр.
«Біз балаға бауыр басып қалдық. Алғаш келгенде қылықтары болса, қазір тілі шығып келе жатыр. Әрқайсымызды атымыздан танып, келгенде қуанады. «Мама папа» деп сөйлейді. Денсаулығы жақсы, тамақты жақсы ішеді», – деді №2 қалалық балалар ауруханасының педагог тәрбиешісі Гүлайым Әкрәмханова.
Бұған дейін медицина мекемесіне әкесі де некен-саяқ келіп, жағдайын айтып кететін дейді мамандар. Соңғы келгенінде қошақанымды қойныма алып жатамын деп кете барыпты. Содан ізім-ғайып жоқ болған.
«2021 жылдың 22 қыркүйегінде Әуезов аудандық полиция қызметкерлері №2 балалар ауруханасына кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай бүлдіршінді әкелді. Осы уақыт арасында баланың әкесі Тілепбаев Мейірбек келіп баласын балалар үйіне өткізбеуін өтініп, құжаттарын сатып әкелемін деп уәде берген. Әкесінің сөзінше, баланың анасы бөбекті тастап кеткен», – деді № 2 қалалық балалар ауруханасының заңгері Рүстем Балтабаев.
Қалалық Полиция департаменті баланы қамқорлыққа алып тиісті орындарға табыстайды.
«Біз ертең баланың жеке басын растайтын құжаттарды рәсімдейміз. Осы уақытқа дейін бұл баланың бірде-бір құжаты болмаған. Ата-анасы туу туралы куәлік жасамаған. Сонымен қатар баланы басқа қолайлы жерге көшіру туралы шешім қабылдап жатырмыз. Тиісті талапқа сай «Әділ» деген қор осы жауапкершілікті өзіне алып отыр», – деді Полиция департаменті басшысының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Телеарнаның мәліметінше, Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті мен сол өңірдің тілшілері баланың әжесі табылғанын хабарлады.

Бұған дейін ауруханада ата-анасын күтіп жүрген бала туралы жазған болатынбыз.