Қазақстанда әлеуметтік көмек алу үшін сіңірі шыққан кедей болуы керек – депутат
Қазақстанда әлеуметтік көмек алу үшін сіңірі шыққан кедей болуы керек – депутат
171
оқылды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжановқа Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының бірегейі – халықтың басым бөлігінің кедейлігі туралы мәселені көтерді.

Депутат атап өткендей, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
«Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек», – деді Президент.
Дүниежүзілік банк әлемдегі  кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін  күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары,  табысы орташадан жоғары елдер үшін  5,5 АҚШ доллары.
Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне – 6 доллар.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны – ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн, одан да  жоғары екендігін айтады. Өмір көрсеткендей, халықтың кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі. Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы, кедейлік шегін көтермей келеді.
Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропалық  елдерде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленеді.
Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері  тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді. Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Елімізде азаматтардың  төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің  70 пайызын құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан кедей болуың керек. Сондықтан 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке  сұраныс өсіп,  зәру адамдардың саны артса да,  атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған. Бұл фактор  өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдемге тұралатып жіберді. Nur-Otan партиясының фракциясы кедейлікпен  күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді:
  1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.
  2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.
  3. Екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.
  4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.
  5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.