Көлік полициясының қызметкерлері Алматыдағы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасады деген күдікке ілінген екі адамды ұстады.
«30 қаңтарда Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Алматы облысының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде өгелермен бірге қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Осыдан кейін топпен бірге материалдық құндылықтарды иелену үшін Алматы әуежайына бет алған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көлік полициясының басшысы Оңалбек Бекиев айтты», – деп жазылған департаменттің хабарламасында.Оңалбек Бекиевтің департаменттің баспасөз қызметіне берген мәліметі бойынша, күдіктіден 6 дана атыс қаруы мен тергеліп жатқан қылмыстарға қатысы бар екенін растайтын басқа да заттай айғақтар тәркіленген. Ал 1 ақпанда полицейлер 1990 жылы туған азаматты ұстаған. Департамент таратқан ақпаратта оның 5 қаңтарда танысымен бірге Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқаны айтылады.
«Сол күні күдікті екі досымен бірге қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, 7 атыс қаруын ұрлап, Алматы қаласының халықаралық әуежайындағы тәртіпсіздіктерге қатысты. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – деп жазылған ресми мәліметте.Оңалбек Бекиевтің департаменттің баспасөз қызметіне берген мәліметі бойынша, күдіктілер қамауға алынған. Аталған заңсыздықтарға қатысты деген күдікке ілінген өзге адамдарды ұстау шаралары әлі жалғасып жатыр.