Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ел Президентінің Ұлттық банк төрағалығына Ғалымжан Пірматовты тағайындауына келісім берді. Депутаттар алдында Мемлекет басшысының ұсынуын Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов оқып берді. Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Заң халықаралық шарттарға қатысты заңнамадағы олқылықтар мен нормалардың қайшылығын жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ онда «дәйектеу», «халықаралық шарт жасасу», «қол қою» және «өкілеттіктер» ұғымдары нақты анықталған.
«Қабылданған заң халықаралық шарттарды жасасу тәртібінің жекелеген ережелерін нақтылайды. Сондай-ақ, халықаралық шарттарды жасасу аясында тиісті рәсімдерді жетілдіруді көздейді», – деген Мәулен Әшімбаев осы заңды әзірлеген Парламент депутаттарына алғыс білдірді.Сонымен қатар Палата отырысында сенатор Бейбіт Исабаев ант берді. Одан бөлек, бірқатар депутат Үкіметке өз сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, Дәурен Әділбеков қарапайым және түсінікті тетіктермен ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ережелерін әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталын құру туралы сөз қозғады. Ал, Ақмарал Әлназарова тиісті әрі жүйелі дайындықсыз және мәселені мұқият зерттемей жатып АИТВ (ВИЧ) инфекциясының диагностикасын бәсекелес ортаға бермеуді сұрады. Өз кезегінде Бауыржан Қаниев еліміздің импортқа тәуелділігін төмендету үшін резервтік қорлар құру қажеттігін айтты. Әбдәлі Нұралиев қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау көрсетуді арттырудың маңыздылығына назар аударды. Өз сауалында Нұрлан Бекназаров тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы ала алатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізбесін кеңейту мәселесін көтерді. Нұрлан Бекенов электр және жылу энергиясының тапшылығына байланысты Көкшетауда ЖЭО құрылысын жеделдетуге шақырды.