Биыл қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің өмірден өткеніне төрт жыл толады. Ал кеше Бейжіңде қысқы Олимпиада басталды, мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Қазақстанның атынан ешкім қатыспайды. Aikyn.kz спортшының Олимпиададағы жолы қандай болғанын шолып шықты.
Денис Тен – мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадада және әлем чемпионатында медаль алған алғашқы қазақстандық спортшы. Ол мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, VII Қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU қамқорлығымен түрлі халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Денис Тен мәнерлеп сырғанаумен 1999 жылдан айналыса бастады. 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңінде жеңіске жетіп, Халықаралық коньки тебушілер одағы турнирінде жеңіске жеткен Қазақстанның алғашқы мәнерлеп сырғанаушысы атанды."Мен мұзға алғаш шыққан кезде, мәнерлеп сырғанау туралы ешкім білмеді. Жабық мұз айдындары болған жоқ, тек көшеде болды. Коньки сатып алатын жер болмады. 9 жасыма дейін кәсіби жабдықтарым болмады. 5 жасымнан коньки тебе бастадым. Ата-анам менен "мәнерлеп сырғанау немесе музыка" екеуінің біреуін таңдауымды сұрады. Мен бірден мәнерлеп сырғанауды таңдадым", – деп жауап берген Денис Тен 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне берген сұхбатында.[caption id="attachment_182445" align="aligncenter" > Денис Тен. Фото: Newtimes.kz[/caption]
Ванкувер Олимпиадасы - 2010
Денис Тен 16 жасында алғашқы Олимпиадасына қатысты. 2010 жылы Ванкуверде өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы ең жас қатысушы болды. Жарыс нәтижесінде 30 спортшының ішінде 11-орын алды. "Ванкувердегі 2010 жылғы Олимпиадада өзімнің атымды ғана емес, елімді танытудың өзі үлкен құрмет болды. Себебі ол кезде Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет мен өнер көрсеттім. Бұл менің елім үшін тарихи жетістік болды." [caption id="attachment_182434" align="aligncenter" > Денис Тен Ванкувер Олимпиадасында. 2010 жыл. Фото: Jasper Juinen/Getty Images[/caption]Сочи Олимпиадасы - 2014
2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Нәтижесінде Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы алғашқы қола жүлдені алып берді. Бұл Қазақстанның Сочи Олимпиадасындағы жалғыз медалі болды. Денис Тен Олимпиаданың қысқа бағдарламасында бір қате жіберіп, тоғызыншы орынға тұрақтап, финалға өтті. Екінші күні, еркін бағдарламада жаттығуын мінсіз орындап үшінші орынға көтерілген еді. [caption id="attachment_182438" align="aligncenter" > Денис Теннің Сочи Олимпиадасының медалін мойнына таққан сәті. 2014 жыл. 15 ақпан. Фото: Аzattyq.org[/caption]"Ванкуверден кейін өмір кітабымның бір тарауын аяқтап, екіншісіне көшкендей болдым. Егер Ванкувер мен Сочидегі орындауымды салыстырсаңыз екі түрлі өлшемді байқайсыз. Сочиге дайындалу кезінде өзімді реалити-шоуда жүргендей сезіндім. Сочидегі Олимпиаданың басталуына екі апта қалғанда апатқа ұшырадым, жүре алмай қалдым, жарақаттар болды. Жаттықтырушымның көзқарасынан маған қалай көмектесерін білмегенін байқадым. Өте қиын кезең болды. Бәрі менің жеңіске жеткенімді қалады. Сочидегі қысқа бағдарлама әлі есімде. Мұзға шыққанымда достарым, сыныптастарым, отбасым – бәрі менен көзін алмай, бақылап отырды. Мен бірінші секіргенде қателестім. Өміріңдегі ең маңызды сәтте сәтсіздікке ұшырау өте ауыр болады екен. Сол жаттығудан кейін менің өмірімдегі ең қиын түн болды. Сол түні ұйықтай алмадым. Әрине, бәрі сені жұбатуға тырысады, бірақ ешкім сені түсінбейді, көмектесе алмайды. Бақытыма орай, мен берілмедім. Жарыстың екінші күні, финалда қайта мұзға шықтым, Қазақстанның жалауларын көрдім, өз атымды естідім. Сол сәтте армандарым орындалған сияқты болды. Барлығы орнынан тұрып, Қазақстаннан келген кішкентай баланы қарсы алды. Подиумда болғанымда елім, Қазақстаным қолдағанын, қол шапалақтағанын сезіндім. Мен спорттың символына айналдым. Қазақстанға оралғанымда көпшіліктің ерекше назарын, ықыласын байқадым. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау мәдениетінің пайда болғанын көрдім", – деді Денис Тен 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне берген сұхбатында.
Пхенчхан Олимпиадасы - 2018
Денис Теннің үшінші әрі соңғы Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Ол Пхенчхан ойындарында қысқа бағдарламада 27-орын алып, финалға өтпей қалды. [caption id="attachment_182441" align="aligncenter" > Денис Тен Пхенчхан Олимпиадасында. 2018 жыл 16 ақпан . Фото: Аzattyq.org[/caption]"Өмірімдегі ең сәтсіз сырғанау болды. Бұл маусым мен үшін өте қиын болып жатыр. Пхенчханға келіп, мұзға шыққанымның өзі үлкен жетістік. Олимпиадаға қатты қатысқым келді. Келіп, қатысқаныма қуаныштымын. Күні-түні аяғымдағы жарақат маза бермейді. Аяғым кинезио тейппен оралып тұр. Оған дейін гипспен жүргенмін. Кореяға бұған дейін келгенде балдақпен жүрдім. Әр күн – жарақатпен күрес. Аяғың ауырса, әр секіру элементін орындау қиынға түседі екен. Бірақ ақталғым келмейді. Физикалық-психологиялық жағынан тек осы олимпиадаға дайындалып едім, өкініштісі, үмітім ақталмады, – деді Денис Тен "Азаттық радиосына" берген сұхбатында.
"Спортты сүйемін"
Денис Тен Пхенчхандағы сәтсіздігіне жарақаттары себеп екенін түсіндірген."Менде үлкен потенциал бар. Олар (олимпиада кезінде үздік нәтиже көрсеткендер – ред) секіретін элементтерді мен де секіре аламын. Бірақ қазір кедергім көп. 15 жасымнан бері спортта жүрмін. ... Дәл қазір шыққан шыңымнан түстім деп айта алмаймын. Жарыстарға өте аз уақытта дайындалып жүрмін. Аяқтағы жарақатым мүмкіндік бермейді. Жарақаттан шаршадым. Еркін қозғала алмаймын. Сочи Олимпиадасынан кейін карьерамды аяқтап, басқа салаға кетуге мүмкіндік болды. Бірақ спортты сүйемін. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді", – деп жауап берген Денис Тен Азаттық тілшісіне.[caption id="attachment_182450" align="aligncenter" > Денис Тен. Фото: Instagram/tenis_den[/caption]
"Бәлкім, бұл соңғы олимпиадам емес шығар"
"Үшінші Олимпиадама қатысқаныма қуаныштымын. Бәлкім, бұл соңғы олимпиадам емес шығар. Жанкүйерлерімді әлі қуантармын. Қазақстанға көп жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын. Бірақ Қазақстанда менің ізбасарым жоқ. Бір жыл үзіліс алып, жарақатымды емдеп алайын десем, мені алмастыратын ешкім жоқ. Спорт адам ағзасына үлкен салмақ түсіреді. Жарақат домино тастары сияқты. Біреуі жазылса, екіншісі шығады. Бірақ қиындықтарға қарамастан жаттығу жасадым, – деп жауап берген спортшы.Бірақ өкініштісі, биыл Бейжіңдегі қысқы Олимпиада Денис Тенсіз өтеді. Мәнерлеп сырғанау спорты бойынша да Қазақстанның атынан ешкім қатыспайды. Қазақстанның маңдайына біткен спорт жұлдызы Денис Тен 25 жасында 2018 жылы 19 шілдеде Алматы ауруханасында қайтыс болды. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Сот спортшының өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты – 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырды.