Парламент жұмысының ашықтығы артады
Парламент жұмысының ашықтығы артады
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар асылтұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар өзге де бірқатар заң жобасы қаралып, мақұлданды. Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіне кіріспес бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстан» құру жолында Парламентке артылар жүк те, жүктелер жауапкершілік те өте зор екенін атап өтті. Сондықтан осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – біздің басты міндет. Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап қашан да жоғары екенін өздеріңіз білесіздер. Әсіресе, кешегі қаңтар оқиғасы – бүкіл еліміз үшін үлкен сын. Күн тәртібінде тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалу мәселесі тұрды. Елдігімізге қауіп төнген осы сын сағатта Мемлекет басшысы барлық жауапкершілікті өзіне алып, батыл шешімдер қабылдады, – деді палата Спикері. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Президентіміз халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін өз ісімен дәлелдегенін, ендігі жерде бұл талап, әсіресе біз үшін басты қағида болуына назар аударды. Бірінші кезекте, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Халық сайлаған депутаттар, ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болуы керек. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты. Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан ары жандандыратын боламыз. Бұл – Президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы. Алдымызға қойылған жаңа міндеттерді табысты орындау үшін азаматтық қоғаммен қатар, мемлекеттік органдардың барлық тармақтарымен, соның ішінде Сенатпен, Үкіметпен, сот саласымен өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, – деді Е.Қошанов. Сонымен қатар палата Төрағасы жұртпен қарым-қатынас, олардың мүдделерін қорғау біздің күнделікті жұмысымыздың негізі екеніне баса назар аударды. Депутаттардың сайлаушылармен тиімді жұмыс істеуі үшін біз барлық жағдайды және қосымша мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Мүмкін халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар. Тамыршыдай тап басып, жұрттың мұң-мұқтажын білу және заңдар қабылдау арқылы олардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін біз сайлаушылармен жиі кездесуге тиіспіз. Жұмысымызда осы принциптерді басшылыққа ала отырып, біз бүкіл қазақстандықтардың мүдделерін лайықты білдіре аламыз деп сенемін. Біздің мақсатымыз – айқын, міндетіміз – ортақ. Ол – елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы жолда, құрметті депутаттар, бірлесе еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жетеміз деп сенемін, – деді Мәжіліс Спикері. Одан әрі отырыс барысында депутаттар асыл­тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады. Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО кедендік аумағы арқылы үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданыла­тын қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізуге байланысты қатынастарды реттейді. Сондай-ақ отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституция­лық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.