Бейжің Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде фристайл-могулдан ерлер және әйелдер арасындағы іріктеу жарысы аяқталды. Бірінші іріктеу айналымында қазақстандық спортшылар алғашқы ондыққа енген жоқ. Ерлер арасында бақ сынаған Дмитрий Рейхерд 75.43 ұпаймен 12-орын алды. Павел Колмаков 74.09 ұпаймен 17-орыннан көрінді. Екі спортшымыз да іріктеу кезеңінің екінші айналымында сынға түседі. Сондай-ақ фристайл-могулдан әйелдер арасындағы іріктеу бәсекесі де өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының атынан жарыс жолына шыққан Олеся Граур 57.18 ұпаймен 23-орынға тұрақтаса, Аяулым Әміренова 66.82 ұпаймен 16-орынға жайғасты. Ал Анастасия Городко жарысты аяқтай алмады. Айта кетейік, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша алғашқы ондыққа енген могулшылар финалға бірден жолдама алады.
А.ЖАСАНҰЛЫ