«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Теренченко және партияның депутаттық фракциясының мүшелері Д.Айтжанова, Г.Олжатай, М.Қымбатов, Г.Нұрханова қаладағы «Павлодар қызмет көрсету саласы колледжіне» барды. Бүгінде аталған оқу орнында 300-ге тарта болашақ маман иелері «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Тігін өндірісі және киім үлгілері» мамандықтары бойынша білім алады. Бірінші курста – 151, екінші курста 141 студент оқиды. Оның ішінде жетімдер мен мүгедектер бар. Колледж директоры Азамат Қашитов қазір техникаларды заман талабына сай жаңарту қажет екенін айтады. Демеушілердің арқасында тігін машиналары алынған. Білім ошағында студенттер арасында түрлі сайыстар өткізіледі. Осы бастаманы депутаттар да қолдап, демеушілік көрсетуге ниет білдірді. Мұнда ағаш шеберханасы да бар. Алдағы уақытта осы бағытта маман дайындау жоспарланған екен. Тұрмысқа қажетті сапалы өнімдер дайындалмақшы. Оқу орны директорының айтуынша, 1976 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оқу-өндірістік шеберханаларының жағдайы нашар. «Төбеден су ағады, еден бетоннан, желдеткіштер мен есік-терезелері, жылыту құрылғылары істен шыққан. Спортзалдар мен мәжіліс залдарының едендерінің әбден тозығы жетіп, қолданысқа жарамай қалған. Егерде бос тұрған бөлмелерді жөндеп, іске қосатын болса, онда арнайы кабинеттер мен студенттер жататын орындар жасақтауға болар еді»,– дейді Азамат Өмірзақұлы. Қазір оқу ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы сомасы 685 млн 386 мың теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Облыстық мәслихат депутаттары бұл құжаттарды өндіріске енгізу үшін мәслихат қарауына жіберуді ұсынды.