Кейінгі екі-үш жыл көлемінде әуесқой бокстан кәсіпқойға ауысқан спортшылардың саны артты. Қызығы, сол оғландардың бірқатары әуесқойда да өнер көрсетіп жүр. Мұндай шешім пандемия уақытында қабылданды. Яғни, әуесқойда жүрген боксшылардың кәсіпқойда да өнер көрсетуіне рұқсат берілді. Бұл мүмкіндікті Бекзад Нұрдәулетов, Бек Нұрмағамбет, Қамшыбек Қоңқабаев бастаған еліміздегі маңдайалды былғары қолғап шеберлері мүлт жіберген жоқ. Олардың көпшілігі көп ұзамай әртүрлі промоушенмен келісімшартқа отырды. Жақында тағы бір боксшы Абылайхан Жүсіпов Suleimen Promotions промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Негізі ол кәсіпқой бокстағы дебютін 2020 жылдың қазан айында өткізген. – Бұл шешімді әлем чемпионатынан кейін қабылдадым. Әуесқой бокстан түбегейлі кеттім демеймін. Бас бапкерге хабарласып, рұқсатын алдым. Алдағы уақытта ірі жарыстар қарсаңында ұлттық құрамамен жаттығатын жоспарым бар, – дейді Абылайхан. Спортшының әңгімесінен байқағандарыңыздай, Жүсіпов екі ұйымда да төбе көрсетіп жүргісі келеді. Осы ретте Абылайхан секілді қадамға барған былғары қолғап шеберлерін атап өтейік. Бокстан ұлттық құрама капитаны, әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев өткен жылдың тамыз айында кәсіпқой боксқа ауысты. Ол ұлыбританиялық MTK Global промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Бірақ кәсіпқойға біржола бет бұрмағанын хабарлады. Өзінің айтуынша, мұндай қадамға кәсіпқой рингте бірнеше жекпе-жек өткізіп, Олимпиада ойындарының алдында тәжірибе жинау мақсатында барған. Қамшыбектің ізін ала өткен жылы Бекзад Нұрдәулетов те Ақтауда құрылған ADAL Promotions компаниясымен келісімшартқа отырды. Қазан айында дебюттік жекпе-жегін өткізді. Бүгінде оның кәсіпқой бокста үш жеңісі бар. Бұрымдылардың арасында былтыр Ангелина Лукас құрамадағы жанжалдан кейін кәсіпқой боксқа бет бұрды. Қазақстандық боксшы 18 желтоқсанда елордадағы бокс кешінде бірінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. 2021 жылы әуесқой боксшылар арасында әлем чемпионатына қатысқан Бек Нұрмағамбет те әлдеқашан кәсіпқой боксқа ауысқандардың бірі. Дегенмен оның сол біріншіліктегі өнерін бокс мамандары төмен бағалады. Өйткені Бек Белградтағы турнирдің алғашқы айналымында бразилиялық Кено Мачадодан жеңіліп қалды. Жеңілістің себебін боксшының кәсіпқой боксқа ерте кеткенімен, жұдырықтасу стилін өзгерткенімен байланыстырды. Біз жоғарыда атап өткен боксшылардың барлығы қос ұйымда бағын сынап жүргендер. Бұлар кейінгі боксшыларға екі фронтта сәтті өнер көрсетудің жолын көрсеткісі келетіндер десек те болады. Бір кездері бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған Ғалымбек Кенжебаев кәсіпқой боксқа ұлттық құрамада жүрген, болашағынан үміт күттіретін жас боксшылардың да көп ауысып жатқанын айтады. Ол көптеген талантты спортшылар промоутерлердің жетегіне еріп кететінін жасырмады. Расында бұрын әуесқой бокста белгілі бір дәрежеде жетістікке жеткен боксшылар кәсіпқойға кететін. Ал қазір 20-дан енді асқан жігіттердің өзі мұндай қадамға барудан қорықпайды. Бұған қарап жастардың көзқарасы өзгергенін байқауға болады. Болашақтарын ойлайды, табыс тапқылары келеді. Кәсіпқойға ауысқан боксшылардың кейбірі алдағы уақытта ұлттық құрама керек қылып, әлем чемпионаты, Олимпия ойындарына апаратын болса, қайта оралатынын, оған еш шектеу жоқ екенін айтады. Көпшілігі промоушенмен келісімшарт жасасарда ұлттық құрамадан шақырту түссе қайта бара алатындай келісім алған. Бүгінде MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясының қатарында бірнеше боксшы өнер көрсетіп жүр. Атап айтар болсақ, Абай Төлеш, Виктор Коточигов, Рай Сейтжанов, Иса Акбербаев, Сапарбай Айдаров, Нұртас Әжбенов, Нұрдос Төлебай, Али Балоев, Сағадат Рахманқұлов, Нұржан Мақашбаев, Талғат Біртілеуов және т.б. бірқатар былғары қолғап шебері бар. Ал Suleimen Promotions промоутерлік компаниясында Айдос Ербосынұлы, Абылайхан Жүсіпов, ADAL Promotions компаниясында Бекзад Нұрдәулетов бастаған танымал спортшыларымыз бақ сынап жүр. Олардың саны биыл да арта түсері анық. – Кәсіпқой боксқа кетіп жатқан боксшылардың шешімдерін құптаймын. Өйткені ұлттық құрамада үшінші немесе төртінші нөмірде өнер көрсетіп жүрген жігіттер тасада қалып, құр уақыт жоғалтып жатыр. Сол себепті көптеген талантты жастар шеберлігін мүмкіндігінше көрсете алмай жүр. Содан кейін жігіттер ерте болса да кәсіпқой боксқа ауысып, мықтылығын дәлелдегісі, танылғысы, табыс тапқысы келеді, – дейді спорт журналисі Әли Битөре. Ал бокс жаттықтырушылары Қазақстандағы промоутерлік компаниялардың қазақ боксындағы талантты спортшыларды атағымен арбап, ақшамен қызықтырып алып кетіп жатқанын айтады. Әрине, олардың кәсіпқой бокс әлемінде атағы аспандап, жарқын жеңістерге жетіп жатқанына қуанамыз. Ол үшін оғландарымыздың мықты промоутерлік компаниямен жұмыс істегені дұрыс. Әйтпесе алғашқы екі-үш кездесуде әлсіз боксшыны төпелеп, кейін көрінбей кеткен боксшылар қаншама?!