Халық берешекке белшеден батты: азаматтардың қарызы 11 триллион теңгеге жеткен! Бұл – ел бюджетіне жетеқабыл. Озық елдер борыш батпағына батқандарға шыңыраудан өркениетті жолмен шығуға мүмкіндік береді. Қазақстанда банктер мен қаржылық топтардың мүддесін ілгерілеткен шенділер Мәжілістің «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңын қабылдау бастамасын бұғаттап келді. Содан тұйықтан шығар жол таппаған қаншама жан өзіне қол салып, өмірімен қоштасты. Енді Президенттің пәрменімен тиісті тетік ақыры іске қосылмақ.
Озық тетікті неге өзекке тепті?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзін-өзі қасақана өлтіру деңгейі бойынша рейтингінде (Suicide in the World) Қазақстан жаһандық алғашқы ондыққа кіреді. Ересектердің өзіне-өзі қол салуына негізінен, жалғыздық пен қарыз себеп болатын көрінеді. Қарыз құрдымына құлап, одан шыға алмай қиналған бірқатар адам отбасын, бала-шағасын тауқыметтен құтқарудан, берешегін өзімен бірге ала кетуден үміттеніп, асылып қалды, биіктен қарғыды, өзін-өзі өртегендер де болды. Әрине, бұл тығырықтан шығар жол емес, өйткені банктер оның қарызын отбасы мүшелеріне «мұраға» өткізіп, солардан талап етуі мүмкін. Дамыған елдерде берешек ауыртпалығын көтере алмаған адамдарға одан заңды жолмен арылуға мүмкіндік береді. Мысалы, Дональд Трамптың өзі 6 рет банкроттау рәсімдерінен өтіпті. Сот оның бірнеше миллиард қарызын кешірген деседі. Бұл оның 2017 жылы АҚШ-тың 45-ші Президенті атануына еш кедергі болмады. Сондай-ақ атақты Уолт Дисней, Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж, Линдси Лохан, Джонни Депп, Ким Бассингер, танымал әншілер Майкл Джексон, Тони Брэкстон, боксшы Майк Тайсон, NHL, NBA жұлдыздары және басқа саладағы танымал тұлғалар өзін банкрот деп жариялады. Америкада ондай тұлғаны «сынған адам» деп атайды. Бірақ осы рәсімді бастан кешіргендердің көбі өмірін «таза парақтан» бастауға мүмкіндік алды. Қазақстанда бұрынғы жылдары алпауыт қаржылық топтардың лоббистері осы бағыттағы кез келген қадамға тосқауыл қойып келді. Тиісті заңды қабылдау мәселесін Мәжіліс депутаттары бірнеше рет көтерді. Депутаттар 2015 жылы тіпті заң жобасын әзірлеп, ұсынды, алайда сол кездегі Үкімет оны бұғаттап тастады. Министрлер кабинеті ұқсас заң жобасын Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, дайындап жатқанына және құжат 2017 жылы қабылданатынына сендірді. Бұл бос сөз, жалтарма жауап болып шықты. Ол ол ма, 2015 жылы Елбасы қарыз құзынан құлаған қазақстандықтарға қол ұшын созып, оларға қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беру үшін осы заңды әзірлеуді тапсырды. Қаржы министрлігі тиісті құжатты ұсынды, әйткенмен саботаж жасалып, оның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. 2018 жылғы қаңтарда Н.Назарбаевқа аталған заңды жыл соңына дейін жеделдетіп қабылдау қажеттігін ескертуге тура келді. Алайда сол жылғы қарашада шенеуніктердің заң жобасына келіспей, пысықтауға кері қайтарғаны белгілі болды. Әлдебір сарапшылар Үкіметке мұндай заң «7-20-25» бағдарламасына зиян келтіреді деп дәйектеген көрінеді. Ұлттық банк та жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау «заемшылар арасында масылдық көңіл күйді ушықтырып», ипотекалық несиелендірудің жаңа тетігін тоқырауға ұшыратады деп мәлімдеді. Енді, міне, бұл мәселеге билік «қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін қайта соғып отыр. 2022 жылғы 5 қаңтарда халыққа үндеу жасаған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке заң жобасын әзірлеуді жүктеді. Министрлер кабинеті осы мәселеге қатысты бір емес, 4 заң жобасын жазып шықты. Оның ішінде «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» деп аталатыны – негізгі заң. Қалғандары Қылмыстық, Әкімшілік, Салық кодекстерін, өзге заңдарды түзететін ілеспе жобалар.Қарыз құрдымындағы елге айналдық па?
Мәселенің ауқымын мынадан-ақ түйсінуге болады: 19,1 миллион тұрғыны бар Қазақстанда 3 миллион адамның ғана банкте, микроқаржы ұйымдарында және ломбардтарда қарызы жоқ екен. «Бірінші кредиттік бюроның» дерегі осыны айғақтайды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, қарызға батушылардың күрт көбеюіне бірнеше фактор ықпал етті. «Экономикалық және қаржылық дағдарыс, жұмысынан, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, сатып алу қабілетінің төмендеуі, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кредитке жүгінуге мәжбүрлік және қаржы ұйымдарының жоғары ставкамен жылдам қарыз ұсынуы салдарынан азаматтар борышқа батып, едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлады. Коронавирустың таралуы, карантин шектеулерінен туындаған экономикалық құлдырау азаматтардың төлем қабілеттілігіне соққы болды», – деп ашығын айтты ведомство. Бұған былтыр жаппай қымбатшылық қосылып, елдің тұрмысын қаусатып кетті. Қазақстандықтардың жағдайы ауыр екенін ресми мәліметтер де растай түседі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, соңғы бірнеше жылда жеке тұлғалардың кредиттері алапат қарқынмен өсіп барады: 2018 жылғы 1 қаңтарда – 4,3 трлн теңге, 2019 жылғы 1 қаңтарда – 5 триллионға, 2020 жылғы 1 қаңтарда – 6,3 триллионға, 2021 жылы – 9,8 триллионға, қазір 11 трлн теңгеге дейін шығандады. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның 2022 жылғы бүкіл мемлекеттік бюджетінің кіріс бөлігі 12,8 триллион теңгені құрайды. Осы 11 триллион қарыз иесінің бәрі банкрот болмайды. Әйтсе де, кейінгі жылдары 90 күннен астам уақыттан бері төлем төлеуді тоқтатқан қарыз сомасы өсуде. 2018 жылғы 1 қаңтарда – 414,5 млрд теңгеге (жеке тұлғалардың жалпы несие портфелінің 9,6%-ы), 2019 жылғы 1 қаңтарда – 410,2 млрд (8,2%), 2020 жылғы 1 қаңтарда – 408,2 млрд (6,5%), ал 2021 жылғы 1 желтоқсанда 422 млрд теңгеге (4,3%) жетті. Жаңа заңның көмегіне де осы қатардағы адамдар жүгінуі ықтимал. Сондай-ақ қаржылық реттеушінің мәліметінше, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде 1,9 млн адам 268,2 млрд теңге сомасындағы кредиттері бойынша төлем төлеуді кейінге қалдыруға қол жеткізіпті. Ол мерзім аяқталып, банктер төлем жасауды талап етуде. Көптеген қарыз алушы бұрынғы табысының болмауына байланысты берешекті өтей алмайтын халде көрінеді. Мемкірістер комитеті халықта тек несиелік қарыздар ғана емес, басқа да берешектері жетерлік екенін ескертті. Бұл да азаматтардың шамадан тыс берешегін реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттілігінің пісіп-жетілгенін көрсетеді. Мысалы, жеке тұлғалардың салық берешегі орасан: 2022 жылғы 1 қаңтарда ол сома 16,2 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 791,1 мың адамның бюджет алдында 20 миллиард теңге сомасында өзге де қарызы бар. Әділет министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтарда 3,8 миллион атқарушылық құжат бойынша азаматтардан 3,9 триллион теңге өндірілу үстінде. Алайда соның ішінде 0,4 трлн теңге сомасындағы 142,5 мың құжат «борышкерде мүліктің, ақшаның және өзге құнды затының болмауына байланысты» орындаусыз қайтарылды. Яғни, қаншама адам сіңірі шыққан кедей күйге жеткен.Банкроттық: рәсімдері және шарттары
Жалпы, елде «банкроттық» термині кәсіпорынның толық күйреуін және жойылуын көзге елестетеді. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жеке тұлғаның банкроттығы компаниялардың банкроттығынан ерекшеленеді. Әлгінде келтірілген цифрлар миллиондаған адамның өз банкроттығын жариялауы мүмкін екенін аңғартады. Салдарынан соттар соны сұраған талап-арыздар тасқынының астында қалуы, бұл сот өндірісінің дағдарысын туғызуы ғажап емес. Сондықтан сот органына шамадан тыс ауыртпалық түсірмеуге, сондай-ақ қарыз сомасы аз, бірақ оны өтеуге ресурстары жоқ тұлғаларға банкроттық рәсімін қолжетімді ету үшін заң жобасы бұл тетікті жүзеге асырудың 3 тәсілін қарастырады: жеке тұлғаның борыш сомасына қарай төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері көзделген. Заң жобасына сәйкес, 1 600 АЕК-ке (2022 жылы – 4 900 800 теңгеге) дейінгі қарызы бар жеке тұлғалар соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады. Оларға қатысты қайтарылған атқару парағының болуы борышкердің қарызды төлеуге қаражаты жоқ екенін және бұл факт атқарушылық іс жүргізу барысында расталғанын куәландырады. Банктік қарыз, микронесие беру туралы шарт, сондай-ақ коллекторлық шарт бойынша міндеттемелері 5 жыл ішінде орындалмаған азаматтар да соттан тыс банкроттық рәсімін пайдалана алады. Рәсіміне тоқталсақ, заң қабылданған соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін борышкер өзінің мүлкі, активтері, кірістері және кредиторлар алдындағы борышы туралы мәліметтерді көрсете отырып, «әкімшілердің кәсіби ұйымдарының» (профессиональная организация администраторов) біріне өтінішпен жүгінуі қажет. Ал сот арқылы банкроттық рәсімінде сотқа жүгінбес бұрын борышкер уәкілетті органның реестріндегі тұлғалар (оңалту және банкроттық рәсімдерінің әкімшілері, кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар, заң консультанттары) арасынан қаржылық басқарушыны таңдап, келісім бекітуге тиіс. Сот арқылы банкроттықты өткізудің мерзімі – 6 ай. Уәкілетті органның сайтында борышкерге қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің қолданылғаны туралы хабарландыру орналастырылады және ол 6 ай бойы барлық кредиторлар үшін қолжетімді болады. Сарапшылар тұлғаның банкроттық рәсімінің бір ауыртпалығы да осы деседі: ол азаматтың деректері ашық жарияланады, кімнің банкрот болғанын бүкіл ел біледі, сөйтіп талқылауы, сөз қылуы мүмкін. Егер жарты жыл ішінде борышкер бай мұраға қол жеткізіп, не қайырымды жандар көмектесіп, өз қарызын өтей алатын жағдайға жетсе, иелігіне қымбат мүлік түссе, ол соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға міндетті. Ал егер 6 айда жағдайы жақсармаса, борышкер банкрот деп жарияланады және алимент төлеу, өзгенің өміріне немесе денсаулығына келтірген зиянын өтеу міндеттемелерін қоспағанда, басқа барлық қарыздарынан босатылады.Шектеу болмаса, көптеу болады
Жұрт банкроттықпен әуестене бермеуі үшін мемлекет шектеулер белгілеп отыр. Атап айтқанда, біріншіден, өзін банкрот деп жариялаған адам банктерден (Отбасы банкінен де), микроқаржы ұйымдарынан 5 жыл ішінде қарыз ала алмайды. Екіншіден, емделу, жақын туысын емдеуге апару, жерлеу қажет болған жағдайды қоспағанда, 3 жыл бойы шетелге қыдыруға, оқуға, не іскерлік мақсатпен шыға алмайды. Жалпы, Ресейде – 5 жылда 1 рет, АҚШ-та – 8 жылда, Испания, Литва және Латвияда – 10 жылда 1 рет, Финляндияда өмірінде тек 1 рет осы рәсімді қолдануға рұқсат етіледі. Ал Қазақстанда азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін қайта пайдалануға құқылы болады деп белгіленбек. Банкроттық процедурасын алаяқтар жауапкершіліктен құтылу үшін пайдаланып кетуге тырысары даусыз. Бұған жол бермеу үшін осы тетіктің күші «жасалған қылмысы және күшіне енген сот үкімі негізінде өтеуге тиіс қарызы бар» борышкерлер санатына таралмайтын болады. Ілеспе жоба Қылмыстық кодекске толықтыру енгізеді: мүмкіндігі бола тұрып, кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен жалтару үшін банкроттыққа әдейі жүгінсе, мүлкі, табысы және басқасына қатысты жалған ақпарат берсе, жасырса, ондай адамдар қылмыстық жолмен қудаланады. Қалай болғанда, жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін қолданатын елдерде қоғам дағдарыс пен пандемия заманында өзін анағұрлым жақсы сезінетіні байқалуда. Ондай елдерде әлеуметтік кернеу аз, саяси жүйесі әлдеқайда тұрақты. Тіпті, солтүстік көршінің өзі халқының әлеуметтік көңіл күйін жақсарту үшін 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап, соттан тыс банкроттық рәсімін енгізді: ресейліктер осы мақсатта біздегі ХҚКО-ның баламасы – Муниципалдық қызметтердің көпфункционалды орталықтарына өтініш тапсырса жеткілікті.