Жас ғалымға жағдай жасалса игі...

Жас ғалымға жағдай жасалса игі...

Қазіргі балалар «ғалым болсам» деп емес, «танымал блогер, спортшы боламын» деп армандайды. Әуре-сарсаңға салар мехнаты көп ғылым жолын таңдайтындар аз. Сарапшылардың арасында «қазақ ғылымы қартайды ма?» деген пікірталас жиі туындап жатады. Дегенмен елімізде соңғы 2 жылда ғылымға бет бұрған жастар саны 1 мыңға артқан. Жас ғалымдарға жігер беру үшін соңғы жылдары бірнеше ірі жоба қабылданды. Алайда әлі де болса жас ғалымдардың аз екені жиі айтылады. Осы уақытқа дейін елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты түрлі бағдарла­малар болғанымен, оның қуаты мен қайтарымы мақтанарлық емес. Оған бір мысал, Қазақстанда 1991 жылы ғылыми-зерттеулермен шұғылданушылар саны 42 мың адам болса, қазір бұл көрсеткіш 22 мыңға дейін төмендеген. Соның 32 пайызы ғана орта жасқа толмаған жас зерттеушілер екен. Соған қара­мастан кейінгі жылдары Қазақстан ғылымының әлеуеті артып, жас ғалымдарымыздың жетістігі кө­бейіп келеді. Оған дәлел ретінде ғалымдарымыздың халықаралық ғылыми басылымдарда жарық кө­ріп жатқан еңбектерін атап өтуге болады. Мәселен, 2011-2019 жыл­дар аралығында Қазақстан Web of Science базасында жарияланған мақалалар саны жөнінен 122-орын­нан 87-орынға көтерілген. Бүгінге дейін отандық ғалымдардың Web of Science мәліметтер базасында – 28 973, Scopus-та 33 116 материалы жарық көріпті. Сонымен бірге 2011 жылмен салыстырғанда ғалымда­рымыздың жарияланған еңбектері Scopus базасында 34,5 есе, Web of Science-та 59 есе артқан.

Бөлінетін қаржы аз

Дамыған елдерде ғалымдар үл­кен құрмет пен жалақыға ие. Мұны олардың ғылым саласына жыл сайын бөлетін қаражатынан да біле беріңіз. Мысалы, Израиль – ғылым саласына ең көп қаражат бөлетін ел. Жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайы­зын бөледі. Ал Швеция – 4 пайыз, Жапония – 3,4 пайыз, АҚШ – 2,7 пайыз, Ресей – 1,27 пайыз. Бізде ше? Бұл көрсеткіш соңғы жылдары жыл сайын төмендеуде. 2019 жылы 0,12% болды. Бұл – бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қар­жыландыру көлемі екі есеге жуық өсті. Ғылым саласын одан әрі да­мыту үшін қаржыландыру мөлшері ЖІӨ-нің ең болмағанда 0,5 пайы­зын құрауға тиіс. – Әлемдік деңгеймен салыстыр­ғанда еліміздегі ғылымды қаржы­лан­дыру деңгейі төмен. Біз қазір іргедегі Ресейдің 1 пайыздық деңге­йіне жете алмай отырмыз. Бұл әлеу­меттік-экономикалық дамумен бай­ланысты. Ол үшін ғылым тек бюджет қаржысына қарамай, биз­нес қауымдастықтармен де байла­ныс орнатуы керек, – дейді сарап­шы Кәрімбек Құрманәлиев. Соңғы жылдары елімізде ғылы­ми-зерттеулермен шұғылдана­тын ұйымдардың саны азайған, керісін­ше ғалымдардың саны біршама көбейген. Мұны жыл сайын дайын­да­латын PhD докторлардың саны­мен бағамдауға болады. Қазақстан ғалымдарының шетелдік жарияла­нымдары да көбеюде. Бірақ олар­дың сапасы төмен. Мысалы, 2016-2018 жылдары еліміздің ғалымдары шетел журналында 8 653 мақала жариялапты. Сонда рейтингке қа­тысқан 222 елдің ішінде 85-орын­дамыз. Салыстырмалы түрде, Ресей – 15, Беларусь – 81, Армения – 95, Қыр­ғыз Республикасы – 138-орын­да. Мың зерттеушіге шаққандағы жарияланым саны бойынша тек қана қырғыз елінің алдындамыз. Ал Білім және ғылым министрлігі «2025 жылға қарай ғылымды қар­жыландыру ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды» деп отыр.

Плагиатқа тұсау жоқ

Шын мықтылардың ішінде «бір қарын майды шірітетін құмалақ­тың» болуы да заңды. Мәселен, былтыр сенатор Сәуле Айтбаева палатаның кеңейтілген отыры­сын­да докторлық, кандидаттық жұмыс­тар­дың сатылатынын айтып, мәсе­ле көтерген болатын. Сена­тордың пікірін ғалымдар да растап жүр. Ғалым Бекарыс Нұримановтың айтуынша, қазір ғылыми мәтін жа­за алмайтын жастар көп. Олар мемлекеттік грантқа түскеннен ке­­йін қалайда қолына ғылыми атақ алып шығуға тырысады. «Қазір ин­тернетті ашып қалсаңыз, біреудің ғылыми жұмыстарын ақшаға сатып отырған сайттар көп. «Дайын асқа тік қасық» болған осындай сайт­тарға заңмен тыйым салынбаса, пла­гиаттың да жыры бітпейді. Өйткені дайын ғылыми жұмысты алып, сөздерінің орнын ауыстырып, плагиаттан өтіп кететіндер бар», – дейді Бекарыс Нұриманов. Бүгінде плагиатқа, оның мо­йын­далуына қатысты талаптар қатаңдай түскен. Плагиат табылған жағдайда, қулығына құрық бойла­майтындармен Бас прокуратура өзі айналысады.

Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

Президент тапсырмасымен 1 000 грант, 500 шетелдік тағылым­да­мадан өту жоспарлы түрде жүргі­зілуде. 1 000 грант бойынша Ғылым комитетінің конкурстық құжатна­масы дайындалды. Жас ғалымдар өз ұсынысын білдірді. Ал 500 шет­ел­дік тағылымдама «Болашақ» бағ­дарламасының форматында жү­зеге асып отыр. Шынын айтқан­да, қазір ғылым саласына мемлекет тарапынан 83 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 52 млрд-ы министрлік конкурс жариялау арқылы бағдарламаны мақсатты қаржыландыру арқылы үлестіреді. Қалған қаржыны еліміздің тоғыз мемлекеттік органы конкурс жа­риялау арқылы жүргізеді. Биыл Пре­зидент 1 қыркүйектегі Жолда­уын­да гранттың жүру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін өсірді. Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Се­бебі кейбір ғылым саласы уақыт­қа бағынбайды. Мысалы, жануар­лар­дың жаңа түрін, картоп пен ас­тықтың жаңа сортын алуға ондаған жыл уақыт кетеді. Ал кейбір жұ­мыстардың жетекшілері үш жыл біткен соң басқа конкурсты жеңіп алып жалғастырмаса, жоба аяқсыз қалады. Сондықтан ғылым саласын дамытуға гранттың бес жылға бө­лін­гені өте орынды. Бұған дейін жас ғалымдарға арналған жеке кон­курс­тар болмаған. Тек былтырдан бас­тап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліне бастады. Енді жастар қолы­нан келгенше елімізді эконо­мика­лық жағынан дамытуға ба­ғытталған тың зерттеулер жасай­тын болады. Жас ғалымдар кеңе­сінің төрағасы Еламан Айболди­новтың айтуынша, соңғы жылдары докторантураға бөлінген грант саны артты. Бұл жастардың жаппай ғылымға келуіне жол ашқан. Мысалы, 2010 жылы докторан­тураға 150 орын берілсе, қазір мың­нан асады. Алайда сол орын­дарды толтыра алмайтын уни­верситеттер бар. Сол себепті бос орындарды игеру үшін магис­тра­тура мен докторантураға түсуге екі рет конкурс жарияланатын болды. – Осының барлығы ғылымға жастарды тарту үшін. Соңғы екі жыл­да «Жас ғалым» гранттық бай­қа­уы өткізіліп келеді. Жас ғалым­дар­дың аз болуының басты себебі – әлеуметтік, тұрғын үймен қамта­масыз ету мәселелерінің шешілме­г­ені. Ғылыми ұйымдарда жұмыс істеп жүрген жастардың жалақысы тұрақсыз. Олар тек грант ұтып ал­ған кезде ғана айлық еңбекақы ала­ды, – дейді Еламан Айболдинов.

Саны көп, сапасы қайда?

Иә, жылына докторантураға мем­лекеттік бюджет есебінен 2 мың­ға жуық грант бөлінеді. Ал со­ның нәтижесін көрсетіп, докторлық алатындар саны 200-дей ғана. Жас ғалым Азамат Ешмұхаметовтің пікірінше, бөлінетін грант саны тым көп. Мысалы, жыл сайын ро­бо­тотехника мамандығының док­то­ранту­расына 12 грант бөлінсе, соның 3-еуі ғана игеріліпті. – Салыстырмалы түрде қарасақ, ұлттық университеттерде бір жылда бір студентке 1 миллион бөлінсе, На­­зарбаев университетінде 5-6 мил­лион бөлінеді. Яғни, бұл ақша оқы­тушының жалақысына, лабора­то­рия­ны жасақтауға жұмсалады. Мә­селе – қаржыландыруда. Білім еш­қа­шан аудиториядан келмейді. Білім лабораториядан келеді. Сон­дықтан гранттың санын ғана арт­тырмай, бе­ретін білімнің сапасына да көңіл бө­лу керек, – дейді Азамат Ешмұхаметов. Ғылым – ол қаржы мен уақытты көп талап ететін сала. Сонымен қа­тар шығармашылық ой-өріс те керек. Ал енді біздің ғалымдардың ғылымға деген уақыттарын талқы­лайтын болсақ, көбісінде сабақ беруден уақыттары да артылмайды. Өйткені Қазақстанда ғылыми деңгейі бар адамдар өзін асырау үшін аптасына 20 сағаттан көп дәріс оқуы керек. Осылардың бәрі жина­лып, келіп ғылымды дамытуға кері әсерін тигізеді. – Ең бірінші, ғалымдардың жа­лақысы аз. Екінші, ғылыми дәреже алу қиын. Жоғары оқу орындарында барлығы қағаз жүзінде мінсіз бол­ғанымен, іс жүзінде нәтиже аз. Ро­бототехникада жүрген жастар кө­біне жекеменшік компанияларға кетуге мәжбүр. Өйткені ол жерде жа­лақы жақсы. Бізде жас ғалымдар­дың саны мың адамға өскенімен, атқарылып жатқан жұмыстар 10 пайызға артқан жоқ. Бұл жерде әр институт өздеріне кадр дайындап отыр. Яғни, бұл – табиғи өсім. Егер мемлекет тарапынан жасалған жағ­дайға байланысты жас ғалымдардың саны 2 есе өсуі керек еді, – дейді Азамат Ешмұхаметов. Бұл – көп мәселенің бірнешеуі. Ғылым дамуына кедергі мәселелер жет­кілікті. Отандық ғылымның же­тістіктерінің жиі насихатталмауы жас ұрпақтың ғылымға деген құл­шы­ны­сын оятпай отыр. Есесіне, шоу-биз­нестің ақпараттарынан көз сүрінеді.

Көктем ҚАРҚЫН