«Олар бізді өлтіреді» – 14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары қоқан-лоқы жасап отыр
«Олар бізді өлтіреді» – 14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары қоқан-лоқы жасап отыр
©Информбюро

Түркістан облысында молда 14 жастағы қызды зорламақ болған. Сотталған молданың туыстары жәбірленушіге қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасында айтты.

Сарыағаш ауданында әйел 14 жастағы қызы мен отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Әйелдің айтуынша, қызына зорлық көрсеткені үшін істі болған молданың туыстары тыныштық бермейді. Бір жыл бұрын қыз зорламақ болған молданың әрекеті әшкере болып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Анасының айтуынша, қылмыскердің туыстары сот үкімімен келіспей, «апелляциялық сотта кешірім беріңдер» деп қорқытуға кіріскен.

«Арызды өзгертпейтін болсақ, бізді өлтіріп кететінін айтты. Олармен көп кездестім. Мектептің жанындағы қуыс көшелерде көрдім. Сол кезде қолына пышақ ұстап, мені өлтіретінін айтты», – деді жәбірленуші.

Жапа шеккен жасөспірімнің отбасы қорыққанынан жалдамалы пәтерін үш рет ауыстырған. Полицияға қорқытқан сәттің видео айғағы керек.
«Арызымызды полицейлер қарамайды. Қылмыстық құрам жоқ екенін айтады. «Қорқытқан кезде видеоға түсіріп алыңыз», – дейді. Қандай ана қызын пышақпен қорқытып, көлікпен қуып жатқанда баласын тастап, видео түсіреді? Кез келген ана баласын қорғайды», – дейді жәбірленушінің анасы.
Қорыққан қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Осы фактіге қатысты полицейлер Қылмыстық кодекстің 105-бабымен іс қозғаған. Бірақ полицейлердің айтуынша, жасөспірімді қорқыту бойынша нақты айғақ жоқ.
«Тергеу жүріп жатыр. Бірақ нақты дәлелін таппадық», – деді Түркістан облысы Сарыағаш ауданы ПБ бастығының орынбасары Қуаныш Байзақов.
Күдікті ретінде тек бір адам тергеліп жатыр. Алайда жәбірленушінің анасы қызын бір емес, бірнеше адам қорқытқанын айтады.

Енді Президент пен Ішкі істер министрінен араша сұрап отыр.

  https://youtu.be/bA3sfe6QVkE