25 желтоқсанда төрт баланы өрттен құтқарған қостанайлық Олег Пирогтың ерлігі бүкіл елді тәнті етті. Сол үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 5-сынып оқушысын марапаттаған да болатын. Ал өрттің салдарынан баспанасыз қалған Өмірзақовтар әулетіне 4 бөлмелі пәтерді жалға алып берген. Олар тек коммуналдық қызметін төлеп, тұра беретін болған. Алайда жергілікті басылымның жазуынша, қазір көпбалалы жанұя баспанасыз қалған. Ол жайында төрт баланың анасы Құнжан Өмірзақова айтқан.
– Қыс ортасында аяқасты далада қалдық. Сол кезде қолыма төрт бөлмелі пәтердің кілтін ұстатқанда қуаныштан төбем көкке жеткен. Артынан пәтерді көріп, бізге жарамайтынын түсіндім. Жас отбасыларға арналған шағын ғана пәтер. Ішінде газы жоқ. Тамақ істейтін плитасы тоққа қосылған. Сол себепті бұл пәтерден бас тартып, үй кезегіндегі баспанамды күтпек болдым. Кез келген ата-ана ретінде балаларымның қолайлы жерде тұрғанын қалаймын, – дейді Құнжан Өмірзақова. [caption id="attachment_182418" align="alignnone" > ©kstnews.kz[/caption] Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Данияр Аменовтың сөзінше, Өмірзақовтар бас тартқан пәтерді әкімдік көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу бағдарламасы бойынша алған. – Тұрғын үй комиссиясы 2021 жылғы 27 желтоқсанда Абай 28/4 мекенжайы бойынша пәтер беру туралы шешім қабылдаған. Бірақ 25 қаңтарда Өмірзақова бұл тұрғын үйдегі пәтерден бас тартқаны жайында өтініші де түсті. Негізі олар тұрғын үй кезегінде тоғызыншы орында тұр. Бірақ кезектің алдында тұрған сегіз адам жағдайға түсіністікпен қарап, оларға өз кезегін берді. Тіпті, жазған өтініштері де бар. Осының бәрі Өмірзақовтардың жалдамалы пәтерге орналаспай тұрып қозғалған, – дейді ол. Оның айтуынша, қазір ол тұрғын үйде 150-ден астам отбасы тұрып жатыр. Тіпті, Өмірзақовтарға ұсынылған пәтерде көпбалалы жанұя келген. «Пәтердің иесі Ботагөз Каримоваға бұл баспананы Құнжан Өмірзақованың өзі берген екен. Әрине, бұл заңсыз. Бірақ әзірге жылыту маусымы бітпей, бұл отбасыны пәтерден шығара алмаймыз» деді Данияр Аменов. [caption id="attachment_182419" align="alignnone" > kstnews.kz[/caption] Ал Құнжан Өмірзақова болса, ешкімге пәтердің кілтін бермегенін айтуда. – Үйімізді үш жыл дегенде тұрғызғанбыз, сондықтан біз үшін одан артық ештеңе жоқ. Бар арманымыз – өз үйімізге оралу. Қала әкімі мен кәсіпкерлердің қолдауының арқасында үйдің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ақпанның соңына дейін бітуін тілеп отырмыз. Үйімізге көшсек болды. Ал пәтер өз кезегімізде алармыз, – дейді көпбалалы ана. Кімнің сөзіне сену-сенбеуді әр оқырман өзі шешер. Бірақ бүгінде өртенген үйдің жөндеу жұмыстары басталған. Әкімдіктің өтінішімен оны жалға алған жергілікті кәсіпкерлер екен. «Қазір ол жерде 4 мекеме жұмыс істеп жатыр. «Азияэнергомонтаж» ЖШС жап-жаңа материалдарды қолдана отырып, жылу жүйесін қалпына келтірді. Енді үйде жылу бар, жөндеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. «Статус Трейд» ЖШС-ның жұмысшылары үйдің ішкі әрлеуін бастайды. Ал «ЭкспоТранс» ЖШС баспананың сыртын қаптап шықты. Енді үйдің төбесін тартып, санфаянс орнатылу қалды. «Нұркапстройгаз» ЖШС үй ішіне тоқ жүргізіп, розеткаларын жөндеді. Сондай-ақ қала кәсіпкерлері «Статус Трейд» ЖШС мен «ЭкспоТранс» ЖШС-ның басшылары отбасы жалдаған пәтерінің ақысын төлеп отыр. Айына – 90 мың, қазір екінші айы төленді. Біз үшін бастысы – көпбалалы отбасы көшеде қалмауы, – деді құрылыс бөлімінің жетекшісі Руслан Қатпаев.