12 жыл бойы алимент төлеп келген баласы өзінікі болмай шықты
12 жыл бойы алимент төлеп келген баласы өзінікі болмай шықты
©А.Ахметқазы
215
оқылды

Қостанайлық азамат Марал Аймағамбетов баласының туған қызы емес екенін білді. Айтуынша, ол 12 жыл бойы қызына алимент төлеп келген.

– Ағайын-туғанның үйін салып, олардың қамымен жүріп қалдым. Бірде інім «жақсы қыз» деп келіншегіммен таныстырған. 2007 жыл еді. Алғаш кездесуден-ақ ұнаттым. Сол кезде «алып қашамын-ау» деп әзілдеп едім, «қашан алып қашасың» деді. Сөйтіп, үйлену тойын жасамай жатып, бірге тұра бастадық. Тойымызды кейін жасадық. Артынан сәбилі болдық. Ол бала менікі емес екен деген ой болмады. Сөйтсем, менімен танысқанында жүкті болыпты. Оны 2020 жылы бірақ білдім, – дейді Марал Аймағамбетов. Оның айтуынша, екеуі екі жыл ғана отасқан. Онда да азаматтық некеде тұрғаны болмаса, қарым-қатынастарын заңдастырмаған. «Бірде үйдің құрылысымен айналысы жүргенде, төбеден құлап, омыртқамды жарақаттап алдым. Салдарынан 2009 жылы ота жасаттым. Сол кезде әйелім «маған ауру емес, дені сау адам керек» деп үйден кетіп қалды. Алиментке арыз жазды. 2016 жылға дейін төлеп келдім. Денсаулығыма байланысты жұмыссыз қалсам да, алиментті уақытылы төледім. Үйін тұрғызуға көмектестім. Әйтпесе, қызымды көрсетпейтін» деді ол. Қазіргі әйелінің ақылымен ДНҚ сараптамасын жасауды бекінген. Нәтижесінде, баланың әкесіне ешқандай ұқсастығы болмай шықты. Сөйтіп, азамат сотқа шағымданған. Сот шешімі бойынша Марал Аймағамбетов қызына алимент төлемейтін болды. Алайда ДНҚ сараптамасын жасағанға дейін алиментті төлемегені үшін мойнына ілінген берешекті өтеуі керек. Оның сомасы – 2,5 миллион теңге. – Әлі түсінбеймін. Бала менікі емес, ендеше, ол қарызды мен төлемеуім керек қой. Жиған-терген мүлкім жоқ. Қарызды қалай өтейтінімді білмеймін. Айына 200 теңгеден төлеймін, басқа амал жоқ, – деді Марал Аймағамбетов.