«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесіне әлеуметтік салаға қатысты өтініштер жиі келіп түседі. Мұндай арыз-шағымдарға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева онлайн және офлайн форматта жауап береді. Оның басым бөлігі атаулы әлеуметтік көмек алу, азық-түлік және киім-кешекке мұқтаждық, тұрақты жұмысқа орналасу сияқты өмірлік маңызды мәселелерге арналған. Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны Д.Сайфуллаева 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергенде, оның құжаттарының толық болмауына байланысты әлеуметтік көмек тағайындалмаған. Бірақ өтініш иесі демеушілер тарапынан азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Осы тектес түрлі жағдайлармен атаулы әлеуметтік көмек ала алмаған кентаулық Г.Боранбаева мен М.Сейтімбетова қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына жүгінді. Сондай-ақ партия филиалы тарапынан алда ұйымдастырылатын көмек түрлеріне енгізілетіні айтылды. Қоғамдық қабылдау кезінде жұмыссыздық мәселесіне қатысты өтініштер шешімін тапты. Айталық, Отырар ауданының тұрғындары М.Елеу мен А.Төлепбергенова аудандық жұмыспен қамту орталығына «жұмыссыз» ретінде тіркеліп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында ақылы қоғамдық жұмыс орындарына ақпан айының 1-нен бастап жұмысқа шықты. Сол сияқты түркістандық азаматтар М.Зейдин мен А.Абдуллаевтар да ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылатын болды. Басқарма басшысы Ә.Темірбаева партия филиалының әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфир арқылы облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, талап-тілектерін назарға алды. Қабылдауда жалпы 37 адам өз мәселесін көтерді. Оның 24-і онлайн түрде болса, 13-і офлайн. Азаматтардың арыз-өтініштеріне қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, түсініктемелер беріліп, олардың оңтайлы шешілуі партияның бақылауына алынды.