«Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Өңірді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасына қоғамдық бақылау жасау мәселесі қаралды. Партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындардан бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының ұдайы өсуі бойынша өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай өңірлік қоғамдық кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағаларын бақылау бойынша мониторинг топтың жұмысы талқыланды. «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Д.Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, өңірде барлық аудандарды қоса есептегенде 257-ден астам мониторинг тобы құрылды. Оған белсенді қоғам қайраткерлері, депутаттар, блогерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. Мониторинг топ апта сайын азық-түлік бағасының өзгеруіне талдау жасайды. Соған қарай тиісті ұсыныс жасалады», – деді «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабына сәйкес, дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді, алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауға тиіс. Мұны қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағаларын бақылау бойынша мониторинг тобы ұдайы қадағалап отырады. Қазір «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының павильондарында бағаларды тұрақтандыру бойынша жедел желі телефондары орналастырылған. Халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында жеміс-көкөніс өнімдерін өткізу нүктелерін ұлғайту жөнінде сауда объектілерімен меморандумдар жасау туралы шешім қабылданды. Сол бойынша Семей қаласында – 19 меморандум, Өскемен қаласында 26 меморандум жасалды. «Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасы шеңберінде қаланың 74 сауда нүктесінде, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 29 сауда нүктелерінде өнімдер саудаланады», –дейді «Ертіс» АҚ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Динара Шарипова. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы партияның қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауында болады.