Коронавирусқа қарсы күрес: бизнес тұралап қалмай ма?
Коронавирусқа қарсы күрес: бизнес тұралап қалмай ма?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
Әлемнің көптеген елінде коро­навирус кеселін жұқтырғандар саны артқанына қарамастан, бизнеске қойылатын шектеулер біртіндеп алы­нып жатыр. Ал Қазақстанда отандық кәсіпкерлер әзірге ондай жеңілдіктерді көріп отырған жоқ. Бізде вируспен күресуді күшейту үшін ең алдымен бизнес нысанда­рының жұмысын шектеуге ауыз са­лады. Салдарынан қаншама кәсіп­кер шығынға батып, қанша кәсіпорын тұралап қалды. «Атамекен» ҰКП COVID-19 қарсы күрес бойынша ведомствоаралық ко­миссия отырыстарында бизнестің жұмыс істеуіне мұрша беру керек деген мәселені үзбей көтеріп келеді. 2019 жылдан бері Үкіметтің індетке байланысты бекіткен ка­рантин шектеулері бірте-бірте босаң­сығанымен, ол кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін әлі де жеткіліксіз. Пандемияның алғашқы кездерінде мем­лекеттік органдардың дүрлігуі тү­сінікті: беймәлім дерттен қалай айығудың жолын білмеді, өлім-жітім көп болды, ауруханалар жетіспеді және денсаулық сақтау саласының бұған дейін бүркемеле­ніп жатқан басқа да көп кем-кетіктері әшкере болды. Әйтсе де, әлемде індетпен жалғыз біз ғана күресіп жатқанымыз жоқ, жан-жағымыздағы жұрттардың жағдайы – осы. Әрі «тәжтажалға» қарсы тұрудың жал­ғыз жолы –кәсіпкерлік нысандарды жабу­мен және оның жұмысын шектеумен шек­телмесе керек. Сонымен қатар мем­лекет қабылдап жатқан карантин шарала­рының шамадан тыс қатаңдығы кәсіп­кер­лік субъектілерді еріксіз жасырын қызмет көрсетуге итермелейтінін де ұмытпаған абзал.

Бизнестен береке қашты

Бизнес табыс тауып, қазынаға тиісінше салық төлеп, жұмысшыларын сақтап қалуы үшін бұрынғы форматқа қайтадан көшуі керек. Қазір бүкіл әлем мемлекеттері бизнесті сақтап қалудың қамына кіріскен. Бұл Қазақстан үшін маңызды. Өйткені бүгінде шектеу салынған салаларда ең­бекке жарамды халықтың үштен бірі, яғни 3,5 млн адам нәпақасын тауып отыр. Бүгінде олардың елеулі бөлігінің табысы шектелген, ал енді бір бөлігі мүлдем жұ­мыссыз қалған. Пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері басқа салаларға қарағанда көп шығынға батқан. «Пандемия кезінде қоғамдық та­мақ­тану саласы қатты зардап шекті. 2019 жылға дейін ҚР аумағында қоғамдық тамақтану саласында шамамен 90 мың объект жұмыс істеді. Карантин кезінде 35 мың нысан жабылып немесе жабылу алдында тұр. Біз келешекте көп нәрсені ескеруіміз керек, белгісіздік жағдайында жұмыс істеуді үйренуіміз керек және біз на­рық қатысушыларына пандемия сабақ­тарын ескеруге көмектесуіміз керек», – деді Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова. Анығын айтқанда, мейрамхана залда­рының 50 пайыз толтырылыммен және бір мезетте тек 50 адамды ғана қабылдау шектеуімен, кинотеатрлардың 30 пайыз тол­тырылыммен жұмыс істеуі кәсіпкер­лікті түбегейлі тұншықтырып барады. Соның салдарынан осы екі жыл ішінде көптеген караоке мен түнгі клуб, асхана мен дәмхана, басқа да бизнес нысаны жа­былып тынды. Халықаралық жолау­шылар тасымалдау автокәсіпорындары банкротқа ұшырады. Карантин шектеу шаралары, әлбетте батыста да, шығыста да, Америка құрлы­ғын­да да жарияланды, бірақ қазір өр­кениетті жұрттар індетке байланысты жағдайды айқын саралауға ауысқан, бұрынғы аптығын басқан, бос үрейден арылған. Халқының қауіпсіздігі үшін қабылданатын шаралардың бизнеске кесірін тигізуі ықтимал оң және теріс жақ­тарын шынайы бағалай білді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін халық­аралық тәжірибеге сүйенейік. Ұлыбри­тания бетперде тағудан бас тартты, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ха­лықаралық жолаушылар тасымалын шек­теудің қажеті жоқтығын айтып, мәлім­деме жасады. ДДСҰ шешімін басқасы басқа, дәл іргемізде отырған жақын көр­ші­леріміз – Өзбекстан мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы да қолдап шықты, ал Қазақстан болса әлі сол бұрынғы бұйығы қалпында, шетелдік туристер үшін әлі жабық жатыр. Індетке шалдыққандар мен өлгендер саны жөнінен республикадағы жағдай Еуропаға қарағанда анағұрлым тәуір десек те, шектеу шараларының қатаңдық ин­дексі жөнінен біздің еліміз әлем бойынша көштің алдына шығып алған –7-орында. Осының кесірінен бизнес субъектілері­нің – 61 пайызы, қоғамдық тамақтану орын­дарының – 78 пайызы, туризмнің 79 пайыз субъектісі жабылудың алдында тұр! Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, тығырықтан шығу үшін кәсіпкерлікке қойылған шектеулердің көпшілігін алып тастау керек. Есесіне, науқасты үйде емдеу, телемедицинаны дамыту, ақыр соңы гос­питальдардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Әрі-беріден соң денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі тө­тенше жағдайға даяр болмауының кесірі­нен бизнес жапа шекпеуге тиіс. Бұл жағ­дайда бизнестің дамуы, халық табысының төмендемеуі және ұлт саулығын сақтау мәселелерінің бәріне барынша назар аударылып, карантин шараларының шынайы тепе-теңдігін ұстап тұрудың маңызы зор. Әйтпесе, түрлі шектеулер қою арқылы ел ішіндегі эпидемиологиялық жағдайды жақсартамын деу құр бекер.

Кәсіпкерлер карантин шараларын сынға алды

Өткенде Шығыс Қазақстан облы­сының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында бір топ кәсіпкерлер шектен шыққан карантин шектеуін алып тастау туралы арыздарын айтып, талап қойды. Палата директоры Қайрат Мамырбаев екі жыл бұрынғы эпидемиологиялық ахуал мен қазіргі жағдайды мүлде салыстыруға келмейтінін, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінетінін, белгілі бір деңгейдегі шектеулермен қызмет көр­сетуге дайын екенін және ең бастысы олар­ға жұмыс істеуге мүмкіндік беру қа­жеттігін жеткізді. – Біз екі жыл бойы шектеулерден көз ашпай келеміз, одан бәріміз зардап шегіп жатырмыз. Қазір көпшілік кәсіпкерлердің, жалпы қалың жұртшылықтың арасында егер вирус ешқайда жоғалып кетпейтін болса, карантин жағдайында жұмыс істеп, өмір сүріп үйренуіміз керек деген пікір қалыптасты, соған бейімделіп те жатыр. Санитарлық дәрігерлер қабылдаған қаулы-қарарлар да осы жағдайды ескеруге тиіс. Ал қазіргі шектеулер бизнеске, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікке аяусыз соққы болып тиюде. Өйткені шағын бизнестің қызмет көрсету саласы нақ осы санатқа шоғырланған. Салда­рынан бүгінде бизнес табыс табуды емес, ең ал­дымен кадрларды сақтап тұрудың, жұ­мыстың жабылып қалмауының қамына алаңдайды,– дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры. Осыдан екі ай бұрын, 2021 жылдың қараша айында өңірлік санитарлық дә­рігер мейрамхана, дәмхана, сондай-ақ бас­қа да қоғамдық тамақтану нысандары үшін Ashyq алгоритмінде жұмыс істеуге мүм­кіндік берді. Яғни, кәсіпкерлік ны­сандарға келушілер санын шектеп, сани­тарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзбай қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Бұл шартты кәсіпорындар үлкен түсіністікпен қабылдады, осы мақ­сатта қыруар жұмыс атқарылды, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері 100 пайыз вакцина салдырды. Бірақ өңірдің бас санитар дәрігері 17 қаңтардағы қау­лысымен тағы жаңадан шектеу енгіз­ген. Онда банкет залдарының, караоке мен түнгі клубтардың жұмысына қайтадан шектеу қойылатыны айтылған. «Дети» сауда үйінің басшысы Елена Чембарысованың айтуынша, карантин шектеулерінің кесірінен соңғы үш айда бизнес ошағындағы төрт бөлім жабылып қалған. «Сіздер сауда үйлеріне демалыс және мереке күндері «көк» статусы бар адам­дардың кіруіне шектеу қойып, жұмы­сы­мызды тежеп тастадыңыздар. Ал үлкен сауда үйлеріне қарағанда аумағы шағын жай азық-түлік дүкендерінде адам сығы­лысып жүреді, ал қоғамдық көліктерде тіпті ине шаншар орын болмайды. Бірақ оларға тыйым жоқ, мұны неге көрмей­сіздер? Сауда үйлері демалыс күндері неге жұмыс істемеуі керек? Біздің негізгі тұ­тынушыларымыз демалыс күндері келеді. Кейбір сауда үйлерінің бутиктерінде қожайындары сатушыларын қысқартып, олардың орнына өздері келіп жатыр. Қанша адам жұмыссыз қалды. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Жабыла-жабыла шаршадық, бізге жұмыс істеуге мұрша беріңіздерші!» деген кәсіпкер «көк» статусы бар азаматтардың құқығы шекте­ліп отырғанын ашына айтты.

Кейбір шектеулердің шеті сетінеді

Дегенмен кәсіпкерлердің жанайқайы Үкіметтің құлағына жеткен сыңайлы. Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 24 қаңтар күнгі отырысында барлық өңірде кәсіпкерлердің бірқатар тобына қатысты карантин шектеулерін алып тастау туралы шешім шығарылды. Одан бөлек, «көк» статусы бар келушілерге қыз­мет көрсететін кәсіпкерлерге де жеңілдік жасалған. Олар бұдан былай эпидахуал бойынша «жасыл аймақта» шектеусіз жұмыс істей алатын болды. «Сары», «қы­зыл аймақтарда» келушілердің нормалық саны артып, жұмыс кестесінің шектеуі жойылды. Енді Ashyq жобасының қатысу­шылары «көк» статус болған жағдайда шектеусіз жұмыс істей береді. «Мейрамхана, дәмхана түріндегі қоғамдық тамақтану нысандары, боулинг орталықтары, бильярд, театрлар, филар­мониялар, концерт залдары, цирктер, сондай-ақ компьютер клубтары «сары аймақта» 70 пайызға дейін толымдылықта, «қызыл аймақта» 60 пайызға дейін толым­дылықта жұмыс істей бастайды. Банкет залдары үшін адам саны 100-ден аспауы қажет. Түнгі клубтар үшін жалпы жобалық сыйымдылықтың 70 пайызын, караоке, бар­лар үшін 50 пайызын құрайды. Осы­лайша, кәсіпкерлер өз қызметін жалғасты­рып, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік алады»,– деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. Сондай-ақ лотерея клубтары және лотереяны өткізу нүктелері, букмекер кеңселері «сары» және «қызыл аймақтарда» бір келушіге кемінде 4 шаршы метр алаң­ды қамтамасыз етуге тиіс. Балалар ойын-сауық орталықтары «сары аймақта» бір адамға кемінде 10 шаршы метр және «қы­зыл аймақта» 60 пайызға дейінгі толым­дылық­пен, бір адамға кемінде 10 шаршы метр алаңмен қамтамасыз етілген кезде жұмыс істей беретін болды. Океанариумдар «қы­зыл аймақта» толымдылық 60 пайыз­дан аспаған кезде жұмыс істеуге тиіс. «Атамекен» ҰКП бұдан бөлек, елде эпидахуалдың «жасыл» және «қызыл аймақ» мәртебесін енгізуді ұсынды.