Сұрықсыз сәулет, кеспірсіз кейіп...
Сұрықсыз сәулет, кеспірсіз кейіп...
© коллаж: Әсел Балтақызы
374
оқылды
Қазақстан қалалары бірізді сәулет стиліне келтіріледі. Бұған дейінгі Министрлер кабинеті де осы өріске түрен салып көрген, нәтиже шығара алмады. Енді жаңа Үкімет «бір стильді» таңдауға ниетті. Өйткені қалалардың сиықсыз келбеті халықтың көңілін бұзып, еңсесін езіп, наразылығын туғызатын көрінеді. Жаңа министр Қ.Өскенбаевтың айтуынша, алматылық­тар – шаһардың құмырсқа илеуіне ұқсап кеткеніне, астаналықтар – қалалық кеңістіктің қы­сылуы тынысты тарылтатынына шағымданады. Өзге қалалар да оңып тұрған жоқ. Бұл бағытта енді не өзгермек?

Ескі үлгі ел еңсесін түсіреді

Қазақстанның көптеген қала­сы кеңестік замандағы сипатын сақ­тауда. Уақыт бір орында тоқтап қалған сияқты. Содан «хрущевка­ларда», «ленинградтық» ескі үй­лер­де тұратын тұрғындардың мен­талитеті, психологиясы да өз­гер­мейді, елдегі жаңғыруларды се­зін­бейді, кеңестік кезеңді көк­сеуі мүмкін. Егер қалаға жаңаша өң кірсе, заманауи сәулет стиліне бө­ленсе, тұрғындар да өзін бас­қа­ша ұстай бастар еді. Мысалы, «социалистік ла­герь­ден» кетіп, «еуропалық отбасыға» оралған Словакия 90-жылдары Еуроодаққа – дамыған елдер ұжы­мына кірігуді кеңестік ұсқынсыз үлгідегі 5-9 қабатты үйлерді бұзу­дан бастапты. Нәтижесінде, қа­ла­ларда XIV ғасырда салынып, бер­тінде реконструкцияланған барок­ко стиліндегі көркем сәулет ны­сан­дары сақталды, олармен ірге­лес заманауи ғимараттар бой кө­терді. Қазақстанда қалаларды бір үлгі­ге келтіру мәселесі Президенттің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауында көтерілді. Бұл міндет Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқ­сандағы қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылықты дамыту мем­бағдарламасында көрініс берді. Бірақ онда «бірыңғай архитек­ту­ра­лық стиль» тек бағдарлама аясында салынатын коттедждер қалашық­тарына немесе жеке тұрғын үйлер алабына қатысты болды. Бұл тетіктің тиімділігі төмен бо­лып шықты. Себебі негізінен қала шетінде не жеке шағынауданда саяқ орналасатын мұндай тұрғын үй алап­тары қалалардың жалпы сти­ліне әсер ете алмайтыны анықталды. Енді Смайылов Үкіметі қалалардың тұтастай алғандағы бейнесін бір жүйеге келтірмек. «Бірыңғай стиль 2.0.» бастамасы сонысымен ерек­шеленеді.

Жаңа стиль не береді?

Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «қалалар құрылысын бейберекетсіздік жайлаған», – дейді. Жаңа құрылыс нысандарын жос­пар­лау кезінде салушылар ны­санның қабаттылығына, функцио­нал­дық аумағына қатысты шектеу­лерді, әлеуметтік объектілермен қам­ту талаптарын жиі бұзады. Сон­дықтан Индустрия министрлігі Қазақстанның урбанистер қауым­дастығымен бірлесіп, «Берекелі бастама» порталын іске қосуға әзір­леніп жатыр. Онда әр азамат өз қаласының инфрақұрылымын жақ­сарту туралы ұсыныс-идеяларын ортаға салып, өзгелердің өзекті бас­тамасына дауыс бере алады. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, қалалардың тұрақты өсуі қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала салу регламенттерін нақты сақтауды талап етеді. Бірақ қалалар даму перспективасы мен жұртшылықтың пікірі ескерілмей, ретсіз, қалай болса солай салынуда. – Мысалы, Алматы тұрғында­ры құмырсқа илеуі сияқты тым көп адам тұратын үйлердің қаптап кет­кеніне, ал елордалықтар қоғамдық кеңістік, демалыс орындары мен әлеуметтік нысандарға орын қал­дырмай, ғимараттар иін тіресе, өте тығыз бой көтеріп жатқанына ша­ғым­данады. Қазір урбанистер мен қала тұрғындарының пікірлерін на­зарға ала отырып, қалаларда өз­геріс жасау өте маңызды. Біз енді халық пен мемлекет арасындағы диалогке баса мән бергіміз келеді. Әрбір азамат өз қаласын дамытуға қатысуы керек. Осы мақсатта Қа­зақ­станның урбанистер қауымдас­тығымен бірлесіп, «Берекелі бас­тама» дауыс беру порталын іске қо­самыз, – деді министр. Қайырбек Өскенбаев тұрғын­дардың порталдағы барлық жоба­сын урбанистер ғылыми тұрғыдан зерттеп, содан кейін үздіктері дауыс беру порталында жарияланатынын түсіндірді. Оның қорытындысында қай жоба қаржыландырылып, іске асырылатыны айқындалады. Соңғы 2 жылда министрлік сәу­лет органдарына қатысты 100-ден аса тексеріс жүргізіпті. 1 мыңнан ас­там жөнсіздік әшкереленді. Мә­селен, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларынан түрлі сәйкессіздіктер табылған, эскиздік жобалардың келісімнен өтпейтіні белгілі болды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын берудегі бұзушылықтар анықталды. Сондықтан Үкімет қала құры­лы­сын жоспарлау жүйесіне реформа жүргізіп, трансформацияламақ. Қа­лаларды салуда озық шетелдік тәжірибелер мен жаңа урбанистік тәсілдемелер қолданылатынын айтады.

Ортақ үлгінің ұтымдылығы неде?

Ел Президенті Қ.Тоқаев «қала­ларды кешенді тұрғызудың жаңа стандарттарын әзірлеуді» жүктеді. Осыған орай ИИДМ қазақстандық қалалардың аумағын сапалы жос­парлау стандарттарының бірінші нұсқасын әзірлеп, меморгандар мен ұйымдардың келісімін алуға жол­дады. Министрдің пікірінше, бұл стандарттар – қалалардың құры­лысын жобалау, жинақы салуды енгізу, тартымды әрі қолайлы қо­ғам­дық кеңістіктерді түзу, қалаішілік жүргіншілер мен велосипед жолда­рын және инфрақұрылымын да­мыту бойынша қарапайым, көрнек­ті нұсқаулыққа айналады. Одан әкімдіктер тұрғындар санына қарай әрбір ауданда қанша әлеуметтік маңызды объекті, парк, сквер, өзге де инфрақұрылым қажет болатынын біле алады. Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукеновтің дерегінше, орта есеппен 240 мың тұрғыны бар қа­лада халыққа ыңғайлы орта құру үшін 28 медұйым (емхана, аурухана, жедел жәрдем стансасы, диагнос­тикалық орталық, кардиоорталық), 27 мектеп (25 оқушыдан тұратын 2 360 сынып), 54 балабақша (25 бүл­дір­шіннен құралған 808 топ), 615 шақырым жол, 467 шақырым сумен жабдықтау және кәріз жүйесі, 58 шақырым жылумен жабдықтау жү­йесі, 122 шақырым газбен жабдық­тау жүйесі, 168 шақырым электр желісі қажет болады. Мұның бәрін жаңадан, «нөлден» жасаса, жалпы болжамды құны – 1,1 трлн теңге. Осынша адамды орналастыру үшін 3,6 миллион шаршы метр баспана керек. Мұның құны – 1,6 триллион теңге. Жаңа қала салу стандарттарын сынақтан өткізу үшін «Ірі елді ме­кендердің қалалық инфрақұры­лымын дамыту тұжырымдамасы» аясында пилоттық жобаларды жү­зеге асыру жоспарланған. Министр­лік урбанистермен бірге алғашқы қадамды Ақтау және Атыраудың қалалық кеңістіктерін трансфор­мациялаудан бастауға ниетті. Мы­салы, оның аясында Ақтауда қала жағалауын абаттандыру; ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру; жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед инфрақұрылымын да­мыту; инженерлік желілерді қайта жаңарту секілді басымдық міндет­тері белгіленген. Ал Атырауда жи­нақы құрылысты дамыту; 10 негізгі көшені және 6 шағын көшені ре­новациялау; негізгі жолдардағы 150-ден астам ғимараттың қас­беттерін абаттандыру; 10 саябақ пен скверді қайта жаңарту және басқасы қолға алынбақ. Министрдің мәліметінше, елде­гі барлық қаланың құрылысына бір­дей талап қолданылуы қажет: «Бү­гінде біз әзірлеп жатқан жаңа стан­дарттарда осындай бірыңғай та­лаптар қарастырылады және ары қарай олар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жоба­лары үшін үлгі-негізге айналады». Қайырбек Өскенбаевтың есеп-қисабы бойынша, «бірыңғай стиль­дің» мультипликативті әсері бар. Мәселен, қала кеңістігін трансфор­мациялау жолаушылар қозғалы­сының орта есеппен 30 пайызға артуына әкеледі. Соның арқасында дүкендердің саудасы 17% пайызға артады. Қауіпсіз жол инфрақұ­ры­лымын құруға негізделген кө­ше­лер­ді реновациялау көліктердің отын шығынын 30 пайызға қысқартады.

Қазақ урбанистикасының проблемасы қандай?

Урбанист Ерлан Әукенов урба­низацияның қысымы Қазақстанда барлық емес, белгілі бір қалаларға түсетінін ескертті. Демек, жаңа стан­дарттар негізінде жаңғырту бі­рінші кезекте соларға бағытталғаны жөн. – Бүгінде Қазақстан халқының 58,7 пайызы үлкен және шағын қа­лаларда тұрады. Қалалардағы ха­лық­тың жыл сайынғы өсімі 2,3 па­йызды құрайды. Соның ішінде үш мегаполисте халықтың жыл сайын­ғы өсімі 4,7 пайыздан асады. Мы­салы,елорда тұрғындарының саны жыл сайын – 60 мыңға, Алматы қаласында – 65 мыңға, Шымкентте 30 мың адамға өседі, – деді ол. Яғни, әлгінде айтылған 240 мың тұрғын 4-8 жылда қосымша қосылады. Мегаполистер құрылысында бұл да ескерілуі қажет. Урбанистер қауымдастығы ке­ңесі төрағасының пайымдауынша, қазақстандық урбанистика бірқатар сын-қатерге тап болып отыр. Атап айтқанда, республикада қала құры­лысы саласында бірыңғай саясат пен сабақтастық жоқ, әкім ауысса, бұл саладағы саясат та өзгеріп шыға келеді. Мемлекеттік басқаруда қа­ла­ларды жобалау, урбанистика, қала­ны басқару саласында білім мен біліктілігі бар кадрлар тапшы. Қа­лалар билігі қала құрылысы мәсе­лесінде жергілікті тұрғындармен санаспайды. Салдарынан елордада көмілген Талдыкөл көлі айналасын­дағы дау сияқты шиеленістер туын­дайды. Қала салу саласында әлі күн­ге көнерген жобалау және құ­ры­лыс нормалары мен стандарттар қолданылады. Е.Әукенов қазақстандық қала­лардың ортақ проблемасы қатарын­да көшелердің тарлығын, нашар жа­рықтандырылғанын, қала орта­лық­тарының табиғаттан алшақ­тағанын, көліктің тым көптігін, қа­ла бейнесінің қырық құрақ көр­педей әртүрлілігін, үндеспейтінін, ағаш отырғызу, көгалдандыру мә­селелерінің жете ойластырыл­ма­ғанын атады. Елорда, өзге де қала­лар пластик гүлзарлар «егуге» әуес­теніп барады.

Бірыңғайлық бірегейлікке жау емес

Ресейлік урбанист, блогер Илья Варламов Қазақстан қалаларының өзіне тән, қайталанбас, бірегей бей­несі жоғын сынады. Қазақстандық қала – кеңестік үлгідегі ескі үйлер мен нысандардың, шыны мен бе­тоннан тұрғызыла салынған жаңа ғимараттардың қойыртпағы. «Алматыны қоспағанда, Қазақ­станның өзге қалаларында жер же­теді, бірақ ол аумақтар ақылмен игеріліп жатқан жоқ. Әдетте, қала маңын жайлайтын коттедж қала­шық­тары Нұр-Сұлтанның қақ ор­тасында орналасқан. Сол жағалауда, қала шетіне қарай тұрғын үйлер арасында орасан зор кеңістіктер бос қалыпты. Олардың арасында қала билігі әуежайдағы ұшу-қону жолағы сияқты ұзын әрі кең тротуарлар төсеуге мәжбүр», – дейді И.Вар­ламов. Оның байламынша, осының кесірінен қала әкімдігіне көп жерді ұстап тұруға тура келеді, оған еш­қандай бюджет ақшасы жетпейді. Салдарынан бас қаланың өзінде әжім басқандай жарылып, ойқы-шой­қы болған жолдар, қыштақ­та­ла­ры сынған тротуарлар, солып қал­ған ағаштар, ашық жатқан құ­дық­тар, қоқыс басқан орындар көбеюде. «Тұрғын үй не басқасын жо­балағанда, ол 30-40 жылдан кейін қалай көрінетінін, қала бейнесімен қалай үйлесетінін көзге елестеткен жөн. Елорданың өзінде жанғыш алюкобонд, қатты желде жаңқадай ұшатын қыштақта көп қолданылған екен. Қалаларда кілең тұрғын үй алаптарынан тұратын аудандар бар, бұлай болмағаны жөн, ондай «ұй­қыдағы аудандар» геттоға айналып кетуі мүмкін. Тұрғын үйлер іскерлік орталықтармен араласа салынғаны жөн. Сонда аяқпен-ақ жүріп жететін жерде жұмыс орны құры­лады, кең­селер ашылады. Әйтпесе, қалаларда «тербелмелі көші-қон» әсері туын­дайды: таңертең тұрғын­дар қала орталығындағы жұмысына жаппай жөңкіледі, кешке кері ағылады, тұтас кварталдар босап қалады», – дейді ресейлік сарап-шы. Сондай-ақ ғимараттардың сәу­леті халықтың мәдениетінен, дәс­түрінен, ғұрпынан сыр шертіп тұрса, құба-құп. Әйтпесе, Қазақстан қалаларына келген шетелдіктер қалаға қарап, қай елде тұрғанын түсінбейді. Осыдан бес жыл бұрын ИИДМ-нің Құрылыс істері және ТКШ ко­митеті қалаларда бірыңғай сәулет стилін сақтау үшін тұрғын үйлердің 6 типті жобасын әзірлеп, әкімдік­терге соларды негізге алуды ұсынды. Бұл – ортақ архитектуралық стильде орын­далған 1, 2 қабатты үйлер мо­делі. Алайда артынша бір-біріне егіз қозыдай ұқсас үйлердің қаптай бас­тауы Парламент депутаттарына ұна­мады. Сарапшылар оларды АҚШ-та сынға ұшыраған, жылдам дайындалатын макбургер сияқты тез салынатын үйлерге – Мак-Хаустарға теңеді. Шынында, урбанистер бірыңғай стиль – Кеңес кезіндегідей біртекті ғимараттар салып тастауды білдір­мейтінін айтады: бұл – барлық қала бірдей әдемі-презентабельді, жай­лы, экологиясы таза, көшелері түзу, ғимараттары әсем болсын деген сөз. Әрине, ажары келісті, сәулеті са­уатты, бейнесі бірегей болып жатса, тіпті тамаша.