Елімізде жиі реформа жүретін, бағдарламалары жыл сайын жаңартылатын білім реформасына тағы да жаңалық енбек. Ендігі жерде Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар, оқулықтарды қайта жаңартпақ. Осыған дейін өзгертілген оқу бағдарламасы білім жүйесіне қаншалықты әсер етті, ал оқулықтарды жаңарту оқу жүйесіне оң нәтиже бере ме? Президент техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту бойынша Үкіметке тапсырма жүктеді. Оның артынан Білім және ғылым министрлігі де іле-шала министрліктің реформасына өзгеріс енгізуге кіріссе керек-ті. Өйткені білім басшысы техникалық бағыттағы мамандықтардың аясын кеңейту мақсатында математикалық білімнің сапасын арттырмақ. Ол үшін оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар, оқулықтар қайта жаңартылады. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов министрлер кабинетінде мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда орта білім берудің сапасын бағалау үшін қорытынды аттестаттау және бақылау қағидалары жетілдірілетін болады. Ал Алтын белгіге үміткерлерге қойылатын талап күшейтіліп, биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен еңгізіледі. Мекемелер үшін мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайтарылады. Сонымен қатар, пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігі қолға алынады. Мәселен, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылатын болады. Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына берілген.
Өзгертуден кенде емеспіз
Өзгеріске бүйрегі бұрып тұратын білім саласы да осыған дейін талай өзгерді. Білім беретін мектептердің оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға көшті, заман талабына сай оқулықтар да сан рет ауысты. Жоғары оқу орнына түсу де бірнеше рет өзгертіліп, тестілеу жүйесін де ауыстырып көрдік. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етті. Білім беру саласының сарапшылары білім саласындағы жаңашылдықтың барлығы оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ғылыми дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, өздігінен іздену, оқу қабілетін шыңдау үшін қажет екенін айтып келеді. Сол үшін мектеп оқулықтарындағы теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемі азайтылып, оқып жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінен ойлануға және ізденуге же-телейтін шығармашылық тапсырмалар, тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілді.Оқулықтар оңбай тұр
Бірақ жаңашылдыққа жаны құмар министрліктің жаңартылған оқу жүйесіндегі олқылықтар оңбай тұр. Бір ғана мектеп бітірушілерге арналған ҰБТ төңірегінде де түрлі сын айтылып келеді. Ал жаңа заманға лайықталып, оқушылардың денсаулығын ескеріліп құрастырылған оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні талайдан бері талқыланып жатыр. Осы оқулықтардың балалардың денсаулығына да әсер етіп жатқаны айтыла айтыла жауыр болуға айналды. Әйткенмен салмағы артқанмен оқулықтардың сапасы артқанын байқау қиын. Өйткені жаңа баспаланған оқулықтарда оқушы түгілі ұстаздардың өзі түсінбейтін тапсырмалар өріп жүр. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларының оқулықтарындағы сөз тіркестерін енді ғана жазу-сызуды үйреніп жатқан балаларға бірнеше қайтара түсіндіруге тура келеді. Себебі бұған дейін қате жіберген баспалар жіберген қателіктеріне бастарын ауыртпайды. Қызығы келесі жылы тендер жарияланса, тағы да сол баспаның қарасын көруге болады. Сондықтан да оқулықтар жыл сайын жаңарса да жауапкершілікке алынбайтын баспалар оқу бағдарламасын жыл сайын өзгертуді күн-түні тілейді. Өйткені оларға ұрпақтың білімінен гөрі бюджеттің ақшасына маңызды.Жаңартудан жағдай өзгермейді
Министр кәсіптік білім берудегі оқу бағдарламасын жаңарту туралы айтқанда, жаңартылып жатқан орта білім берудегі олқылықтарды еске алғанымыз осы себепті. Техникалық білім берудегі жаңартылатын оқулықтар да бастауыш сыныптың күйін кешпеу үшін қайтпек керек? Педагогика ғылымдарының докторы Асқарбек Құсайынов «Кәсіптік білім берудегі оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар мен оқулықтардың жаңартылуы жемісті болу үшін талапты күшейту керек» деп отыр. Айтуынша, бұрын оқу бағдарламаларын министрліктің өзі жасап, бекітетін. Қазір бұл бағдарламаларды колледждердің өздері жұмыс берушілермен бірге атқарады. «Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс берушілер өздеріне жаңа көлік алған болса, алған көлікті жүргізе алатын, онымен жұмыс істей алатын мамандарды қабылдауға мүделлі болады. Сол үшін олар да оқу орнына ауыл шаруашылығы саласындағы құралдарды қолдану нұсқаулығын дайындауға көмектеседі. Мұндай тәжірибе қай салада болмасын ұтымды», – дейді Асқарбек Құсайынов. Бірақ оқулық жазу – жауапкершілігі жоғары жұмыс. Жауапкершілік болмаса, қайта-қайта оқулық жаңартудан жағдай өзгермейді. Мәселен, көлік құрастыру саласының іргетасы ретінде негізгі оқулықтар болса, қалғандарын оқу-әдістемелік құрал ретінде өңдеуге болады. «Бірінші, оқулық жазатын авторлардың «оқулықтану» ғылымынан хабары болу керек. «Оқулық» дегеннің қандай ғылым екенін, оны жазу жауапкершілігі жоғары жұмыс екенін жүрегімен сезіне білгені маңызды. Химия, биология, тарих пәні – жеке-жеке ғылым. «Оқулықтану» деген де ғылым. Сондықтан автор сол ғылымды меңгеріп қана қоймай, жазу-сызудың талаптарын жатқа білгені жөн. Екіншіден, оқулыққа қойылатын талап жоғары болуы тиіс. Оқулыққа қойылатын талап дұрыс болмаса, сапалы оқулық болмайды. Үшіншіден, жазылған оқулықтарды сол талаптарға сәйкес екенін бағалайтын сарапшылар дайындалуы керек. Сарапшылардың білім деңгейі өте жоғары болу маңызды дүние», – дейді Асқарбек Құсайынов.