Мәулен Әшімбаев: Барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға
Мәулен Әшімбаев: Барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға
267
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына орай фейсбук әлеуметтік желісінде өз пікірін жазды. 

"Бүгін Қытай астанасы Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бұл – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Осы дүбірлі додада біздің спортшыларымыз да бақ сынайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, атлеттерімізге қолдау білдірді.
 width=
Тәуелсіздік алғалы қазақстандық спортшылар ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді. Осы жылдар ішінде Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сияқты саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Биылғы қысқы Ойындардан кейін бұл тізім толыға түседі деп сенеміз.
 width=
Төрткүл дүние көз тіккен осындай аламандағы жеңістер ұлтты ұйыстырып, азаматтарымыздың патриоттық рухын арттыратыны анық. Біз бұл жолы да дәл сондай тамаша көңіл-күйді бастан өткереміз деп үміттенеміз. Осы жолда Бейжіңге аттанған әрбір атлетімізге жеңіс пен сәттілік тілейміз және әрдайым қолдау білдіреміз", - деді Мәулен Әшімбаев.