29 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС базасында Қазақстанда теміржол өнімдерін өндіруді локализациялау және импорт алмастыру мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, «Самұрық -Қазына» АҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, теміржол өнімдерін өндіру жөніндегі кәсіпорын басшылары қатысты.
Теміржол машинасын жасауды ары қарай дамыту, өндірісті локализациялау ел экономикасы өсімінің басым бағытына айналды. «Біздің ортақ мақсатымыз – өндірістің жоғары локализациясын қамтамасыз ету және халықаралық сауданы біртіндеп қолға алу. Қазіргі кезде теміржол саласына қажетті көптеген өнім Ресей мен Украинадан тасымалданады. Сыртқы өндіріске қажеттілікті біртіндеп азайтатын боламыз», – деп мәлімдеді Б.Қамалиев.
Платформалар өндірісіне қаржы тарту, кәсіпорындарды ірі тапсырыстармен қамтамасыз ету, «Тұлпар» вагон шығару зауыты бойынша зауытқа қолдау көрсету жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кеңес барысында атап өтілгендей, өндірушілерге қойылатын басты талап – шығарылатын өнімдердің жоғары сапалылығын қамтамасыз ету. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, қосалқы бөлшектерді өндірушілермен кооперацияны күшейту арқылы барынша локализацияға қол жеткізу маңызды.
Кеңейтілген кеңес қарсаңында, биылғы жылдың 28 қаңтарында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары мен мамандары және 30-дан астам отандық машина жасау кәсіпорындары өкілдерімен кездесу өткен еді. Аталған басқосу барысында теміржол көлігінің техникалық құралдарын, атап айтқанда вагондар мен локомотив бөлшектерін, теміржол телемеханика мен автоматика жүйелерін, электрмен жабдықтау құрылғылары мен барлық жаңа қосалқы бөлшектерін шығаруды ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ кеңей тілген кеңестің қорытындысы бойынша теміржол өнімдерін өндіру кезінде Қазақстан аумағындағы жергілікті үлесті арттыру туралы төрт келісімге қол қойылды. Атап айтсақ, Asia Trafo ЖШС стансасының құрал-жабдықтары мен жоғарывольтты құрал-жабдықтарын шығару, «Проммашкомплект», «Локомотив құрастыру зауыты», «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС локомотивтер үшін тұтас құйылып, шыңдалған дөңгелектерді өндіруді игеру бойынша, Kazcentrеlectroprovod ЖШС-мен теміржол автоматикасы мен телемеханикасы жүйесі, локомотивтердің қосалқы бөлшектерін шығару бойынша 12 келісім жасалды.