Шардаралық мұғалімдердің есепшотынан 17 млн теңге жымқырған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Шардара АПБ-ға қаладағы бірнеше мектептің есепшотынан, яғни мұғалімдердің жалақыларынан аса ірі мөлшердегі қаржының негізсіз бөтен есепшотқа аударылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Шардаралық полицейлер ақпарат алысымен бірден іске кірісіп, қылмысты ашу үшін ірі көлемдегі ақшаның қайда аударылғанын анықтаудан бастады. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдікті есепшотты анықтап, оны бұғаттап үлгерді. Сонымен қатар, есепшот иесінің жеке басын анықтады. Күні-түні үздіксіз атқарылған іс-шаралар барысында күдіктінің Алматы қаласында жүргені айқындалды. Содан Шардара АПБ КПБ-нің жедел уәкілдері Сәбитжан Аязханов пен Бақберген Оңалбай Алматы қаласына іссапармен барып, күдіктіні ұстап, жас жігітті полиция бөліміне жеткізді. Белгілі болғандай, жас жігіт бұрын қаржы саласында жұмыс жасаған. Өткен жылдың қыркүйегінде аталмыш жұмыс орнынан шығып, Алматы қаласына кеткен. Біраз уақыт жұмыссыз қалған оған ақша қажет болып, оны “оңай жолмен” табуға кіріседі. Содан арам ойын іске асырып, 40-тан астам мұғалімнің жалақысын өз шотына аударып алған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 17 млн теңгеден асты. Айғақты зат ретінде күдіктіден 1,5 млн теңге тәркіленді. Бүгінгі таңда полиция бөліміне жеткізілген күдікті жас жігіт қамауға алынды. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, тергеу амалдарын жалғастыруда.