Астана мемлекеттік қызмет хабы мен оның басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов мемлекеттік басқару тәжірибесі мен ғылымына қосқан зор үлесі үшін Америка мемлекеттік басқару ассоциациясы (ASPA) «Мемлекеттік басқарудың халықаралық жүлдесімен» марапатталды.
ASPA атқарушы директоры Уилльям Шилдс құттықтау хатында: «Бұл марапат Хаб пен оның төрағасына халықаралық деңгейде мемлекеттік қызметтің тиімді жүйелерін құру мен оны нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді» – деп жазған. ASPA – мемлекеттік басқару саласында әлемдегі 10 мыңнан астам кәсіпқой мамандарды біріктіретін, көп жылдық тарихы бар, халықаралық деңгейде танылған кәсіби қауымдастық. 1939 жылдан бері бұл ұйым ғалымдар мен практиктер арасындағы маңызды көпір қызметін атқара отырып, мемлекеттік және коммерциялық емес басқарудың ғылымы, білімі және практикасының дамуына ықпал етіп келеді. Құттықтау хатта марапаттау рәсімі 2022 жылғы наурыз айында ASPA-ның жыл сайынғы конференциясы ауқымында өткізілетіні айтылған. Бүгінде Хаб 42 қатысушы мемлекет пен 70-тен астам институционалды серіктестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.