Білім беруде ТМД елдерінің соңында қалдық

Білім беруде ТМД елдерінің соңында қалдық

US News & World Report нұсқасы бойынша білім беру саласындағы үздік елдер рейтингінде Қазақстан 78 ел ішінде 71-орында тұр. Бұл тұста Ranking.kz сарапшылары білім беру саласындағы жұмыспен қамту деңгейін және мұғалімдердің жалақы­ларын салыстырып, талдау жасаған. Рейтинг көшбасшылары АҚШ, Ұлыбритания мен Германия болды, Гватемала – ең соңғы орында. Рейтингке қатысатын ТМД елдері ішінде Қазақстан тек Өзбекстаннан озған. Ресей, Украина, Беларусь және Әзербайжан алдымызға түсті. 2021 жылдың төртінші тоқ­санында білім беру саласы қыз­мет­керлерінің орташа жалақысы 219,2 мың теңге болғанын білеміз. Негізі, Қазақстанда орташа айлық 275,6 мың теңгеге жетті, яғни білім беру саласына қарағанда 25,7 пайызға артық. Сектордағы ең жоғары жалақыны жоғары оқу орны қызметкерлері (299 мың теңге), ең төмен жалақыны мектепке дейінгі білім беру мекеме­лерінің қызметкерлері (112,6 мың теңге) алады екен. Өңірлер бойынша ең көп жала­қы алатын елордадағы қыз­меткерлер – 344,5 мың теңге. Үштікке Алматы қаласы (265,4 мың теңге) мен Алматы облысы (247,4 мың теңге) кірді. Батыс Қазақстан облысында білім беру саласы қызметкерлерінің жала­қысы аз, 181,7 мың теңге алады. Салада 1,1 миллион адам жұ­мыс істейді. Жұмыспен қамтыл­ғандардың көпшілігі Түркістан облысында – 142,9 мың адам. Ең азы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 35,2 мың адам.

М.ХАҚНАЗАР